Мырза болмаса да, соларға еліктеп, тыраштанған адам туралы.~ Жасынан жұмысқа піспей бүркемік, бошалаң өскен жалқау. Қолынан келетін өнері-мал сояды, шаш алады, сәурік пішеді, тықылдатып домбыра тартады. Жасында төрелердің қасына еріп мырза шалыстау өскен. І.Жан.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МЫРЗА СҮРЕЙ
Өзін бай-бағлан, мырза жігіт етіп көрсеткісі келетін адам, мырзасымақ. ~ Мардан мына шахтаға келген кезде ол шыртия киініп, шіреніп басып заводты атпен ғана аралап жүретін мырза сүрейлеу болатын. І.Жанс. ~ «Әттең тонның келтесі- ай! » деп жүрген сүр бойдақтар. Өздері шетінен мырза сүрей. «Таңғы нәсіп тәңірден» деп, бүгін тапқанын ертеңге жеткізбейді. Т.Рыск. ~ Ел ішінде қалпақты шекеге киіп, ойын, той іздеп, сән көздеп, қалтасында иісмай, әтір, қыз-келіншек аңдып жүретін мырза сүрей жігіттер болады. Солар үшін, әсіресе, қыз-келіншек тіккен кестелі орамал ұстау бір мәре. Ж.Ахм.
МЫРЗА ЖЕЛ
Ақырын, баяу соққан қоңыр жел. * Шүмектен өткен соң жалаңаш төскейді қабырғалай өрлеп, арғы жақтағы жұмыр жотаның шекесіне шықтым. Жота биігінде лекітіп мырза жел соғып тұр. Ә.Асқ.
МЫРҒАМҒА БАТТЫ
Рахатқа кенелді. * Біз Жанбозды екі-ақ жерде көрдік. Біріншісінде ол Ауқанмен мейрамханада мырғамға батып отырады. Д.Қуат. * Көп ақшаның буымен мырғамға батса да, той-думанда би билеп, ортада секіріп жүрсе де ол мені жоқтайды. М.Хамзақызы
МЫҢТӨКІМ АДАМ
Артық сөзі жоқ, айтқанға көнгіш, біртоға адам. ~ Әлгі Малмақ жұмысқа мыңтөкім адам болды, еріну, екшелу дегеніңді білмейді, бригадир күндіз жұмсаса күндіз, түнде жұмсаса түнде кете береді. Б.Қыд.
МЫҢНАН ШЫҚҚАН
Өте сирек кездесетін д.м. ~ … соңғы жолы, шылбырдан алғалы тұрғанда тұра қашқан, астындағы Қозыжирен мыңнан шыққан атақты жүйріктің бірі еді, қуғынға шалдырмай қара үзіпті. М.Мағ.
МЫҢНАН БІРЕУ (БІРІ)
Көп адамның ішіндегі ерекшесі; дарасы; басқалардай емес, жөні бөлек тұлға. ~ Қуанбақтық пен бақ – мастықтың үлкені, мыңнан бір кісі-ақ к…і ашпайтұғын ақылы бойында қалады. Абай. ~ Мыңнан біреудің ғана көзіне түсер таңғажайып сол көріністі полотнода айшықтағым келді. Ә.Асқ.
МЫҢҚ ЕТКЕН ЖОҚ
Сыр бермеді; түк болмағандай болды. ~ – Біреудің қызықшылығын бұзып, жанжал шығару сіздіңше көргенділік, білгірлік екен ғой ?! – деп дауысымды зорайта түстім. Қайыпберді оған бірақ мыңқ еткен жоқ. О.Сәрс. ~ Жұрт сонда ғана «тірі екен» деп, қауіптерін сейілтіп, таң-тамаша боп, таңдай қағып, бас шайқады. Палуан жүк машинасының салмағынан мыңқ еткен жоқ. А.Жақс.
МЫҢДЫ БАСҚАРДЫ
Көп адамға көсемдік етті. ~ Сол тар жол, тайғақ кешуде мыңды басқарған өте қиын, ғажайып міндет емес пе «Білмеймін қандай асу алда жатыр, құз ба екен, қия ма екен таңдай татыр? Ә.Нұрш.
МЫҢҒЫРЫНА ДЫҢҒЫР ЕТПЕЙДІ
Ілеспейді, татымайды. * Осыдан төрт-бес жыл бұрын ғана қайтыс болған мүбақ кісінің балуан да, батыр да, алып та еместігі, шеше сойына тартып алпамсадай боп өскен Сейсіметтің мыңғырына дыңғыр етпейді. Ж.Нәжім.
