Posted in

МҰҢЫН ШАҚТЫ

Уайымын айтып, шерін тарқатты. ~ …сенің сыншы көзіңнен сескенбей, жүрегімнің сырын ашып, махаббаттың мұңын шағып, өзіңмен бір айтыс айқасына түссем деуші едім. Ш.Айт. ~ Полктің жағдайы өте қиын. Екі-ақ батальон. О да толық емес, — деп мұңын шақты Купцианов. Т.Ахт. ~ Батқанда бәрі шымбайға,Батамын мен де түрлі ойға. Көнеден калған күмбездер Шағады мұңын түнгі айға. Н.Айт.

Posted in

МҰҢЫН МҰҢДАП, ЖОҒЫН ЖОҚТАДЫ

Біреудің қайғы-қасыретіне жаны ашып, қол ұшын созды; көптің қамын ойлады. ~ Жоғарыда атап өткен жағымсыз образдармен қатар, елдің түкпір-түкпірінде елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын талай Исалардың бар екенін ишарамен меңзеп тұрғаны кәміл. Яғни, Иса да — типтік бейне. Г.Ниет. ~ Осындайда ақыл айтар аға, жөн сілтер ағайын да жоқ. Бар деген туыстың өзі Айтқалидың жағдайын түсініп, мұңын мұңдап, жоғын жоқтай ала ма? Ә.Асқ. ~ Ақын мен жазушы, шынайы қаламгер елінің елеулісіне, халқының қалаулысына айналады екен. Ақынның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтындар молаяды екен. С.См.

Posted in

МҰҢЫН МҰҢДАДЫ

Біреудің қайғы-уайымына жаны ауырды, бірге қайғырды, қасыретіне ортақ болды. ~ «Тұзы сор, еңбегi еш қара халықты ойлайтындар бар. Солардың мұңын мұң етiп, жанын отқа салып, көпке келер жақсылықты ойлайтын азамат бар. М.Әу. ~ Жан жарасының аузын тырнағысы келмеген. Қазір оның мұңын мұңдамақ түгілі өз уайымы да бір басына жетерліктей еді. К.Сег.

Posted in

МҰҢЫН ЖОҚТАДЫ

Елдің қайғы-қасыретін айтып, дауыс көтерді, қиыншылығынаортақ болды. ~ Кедейдің мұңын жоқтаған ол, қанаушыларды тілі жеткенше сөкті, еңбекші көпшіліктің қанаудан құтылуын арман етті. С.Мұқ. ~ Елімнің жалғыз картасын сызып қойған жоқпын, қол дариядай көңілінен шыққан аңыз-жырын, мұңын жоқтаған ән-күйін де, жақсылық-жамандығын шерткен шежіре-тарихын да жаздым. Кім біледі еліңді? К.Жүніс. ~ Ержеттің бүкіл қазақ мұңын жоқтап, Мағжандай ойы менен қырын шолып. К.Сал.

Posted in

МҰҢЫН (МҰҢ) ШАҚТЫ

Көңіліндегі қайғысын жеткізді; арызданды; қолдау күтті, көкейіндегі шерін тарқатты. ~ Сұхбатты оқығанда, панасыз, кіріптар халде жүрген бауырларымның ақырын ғана шаққан мұңын ұққанымда жүрегім ауырды, бір кездегі өзімізді көргендей болдым. Т.Әсем. ~ Бөлебай жыларман халде сол арада отағасына мұңын шаққан. О.Сәр. ~ Саған өтірік, маған шын, бір отарлас қайран қошқарлар ешкімге мұңын шаға алмай тіл тартпай көз жұмып жатты. М.Рашев. ~ … екі иығын жұлып жеп, алаңсыз шаттықпен асқақтата шырқап жатқанда, шеттегі жапырайған жаман тамда атамзаманғы кәрі вальс жетім үнмен мұң шағып күңіренетін. Т.Сәук. ~ Шөке бұдан ары мұң шағудың қажеты жоғында ұқты ма, алдында суыңғырап қалған шайын қолы дірілдеп келіп алды. Б.Жұм. ~ Сағақтап қара семсер құлыншақты,Лап етiп от шарпыды тұлымшақты.Көзінен бозінгеннің жас домалап, Бозторғай боз көдеге мұңын шақты. Н.Айт.

Posted in

МҰҢДЫ КӨЛЕҢКЕ ЖҮГІРДІ (БАР)

Жабырқау тартты. ~ Жұмекеңнің ойына алыстағы Қобдасы түсіп кетіп, жаңа ғана жылы шырай бөлеген ашаң жүзіне енді мұңды көлеңке жүгірді. Х.Ес. ~ Бір сәт әйелдің жүзі нарау тартып, бір мұңды көлеңке жүгіріп өтті. Қ.Жұм. ~ Бұл ерлі- зайыптылардың тым үлбіреген жас емес, ересек тартып қалғанын білдіреді… Бибі өзін қанша көңілді ұстағысы келгенмен, қабағында сейілмей жүрген бір мұңды көлеңке бар. Қ.Жұм.

Posted in

МҰҢҒА ШОМДЫ

Көңілі пәс болып, уайымға салынды. ~ Қазанғап бір терең мұңға шомғандай ауыр күрсінді де, батып бара жатқан күнге қарады. Оның үзіп-үзіп айтқан өкінішті пікірін мен түсіне алмадым. Ә.Сәр. ~ Шулап–шұрқырған мал, бақырып–шыңғырған қатын–бала, торғай тозы шыққан азаматтар бірді–біреу ұқпаған аласапыран тіршілік пайда болды да, тыныш дала бірдемде зар мен мұңға шомды. Б.Жұм. ~ Мынау нәзік саусақтар шомылғанда ма, ұйқысыз төсекте дел-сал аунағанда ма, қара меңді құшырлана сипалар. Сипалар да, жігітті еске түсірер. Бәлки сонда бүгінгісін ойлап, өткен іске опынып, қызыл ернін тістелеп қиналар. Бәлки сонда өз-өзінен елжірей күлімсіреп, тәтті мұңға шомар. О да өмір парақтары. С.См.

Posted in

МҰҢҒА ТОЛЫ

Қайғы-қасырет, уайым-шерге бөккен. ~ Абай бұған тағы да үнсіз тілек еткендей, «жұбату айтшы» дегендей мұңға толы көзімен қарағанда, Самарбай оны жақсы түсінді. Мағаштан өз құлағымен естіген бір өзгеше ақылды сөздерді ақырын айтып өтті. М.Әу. ~ Қапалақ қар арасынан он бес жасар өрімтал қыз мұңға толы арыз-арманын айтып, тұншыға жылап, естілді-естілмеді сыбырлайтындай толассыз сыбдыр естіледі. М.Қаб.

Posted in

МҰҢҒА ТОЛДЫ

Жүрегіне шер қонды. ~ Жат жұртқа қиса дағы қарындасты, Құрытты жетім кеште жарым жасты. Аурудың қаны қашқан реңіндей, Бозарған мұңға толды айдың асты. Т.Әл. ~ Туған жер топырағына тырс–тырс тамған аруананың көз көз жасын көрген көптің көкіректері мұңға толды. С.Дос. ~ Тазының өне бойы шымырлап қоя берді. Көңілі құпия сырлы мұңға толып, әлденені аңсағандай. М.Мағ.

Posted in

МҰҢҒА КЕТТІ

Зарын төкті. ~ «Бишаралар, тырбанған екенсiң, сендердiң де шыр бiтiп, бүйiрiң шығып.жүретiн күнiң бiр болсыншы!» деп жаны ашымас болар ма! Ендiгi кеп отырған қыстығы, мүлде қасқырдай! – деп Дәркембай тағы мұңға кеттi. М.Әу.