Барлық ел, көпшілік. ~ Қалпындағы буазыған мамыражай дүние, мұның оқуға түсуiн аңдып тұрғанындай тегенедегi сүтше шайқалды да, мұқым жұртты абыр-сабыр жасады. Ә.Ыб. ~ …Мешіннің жұты иендегі жалғыз үйді де адаспай тауып, шыр айналдырғанда, мұқым елді талақ тастаған кісілік кейіп мұнда да дар-дар айырылды. Н.Қаб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МҰЗДЫ АЯҚ (БОЛДЫ)
Шаршап-шалдықты, діңкесі құрыды, беймаза болды. ~ Жарғақ құлағымыз жастыққа тимей таңғы сегізде жылы төсегімізден тұрып, тоғызға қызметке кетіп, содан кешке мұзды аяқ болып бір-ақ оралып жүргенімді өзіңіз көрмедіңіз бе? C.Шайм. ~ «Шағырма жұлдыз — шарпы аяз, Мұңды келін — мұзды аяқ, Күннің несін сұрайсыз?.. — депті –мыс, Ертеде бір мұңды келін. С.Нұрж.
МҰЗДАН ТОЛҚЫН ТУДЫРДЫ
Қолдан келмейтін іс, қиял, бос дәме. * Луң Фаң ақ көңіл, адал адам бейнесіне кіруге мың зорланғанмен мұздан толқын тудыра алмады. Ғ. Қан.
МҰЗДАЙ ТИДІ
Жайсыз әсер етіп, жанын түршіктірді. ~ Қанымкүлдің салмақпен айтқан сөзі келіншектің жүрегіне мұздай тиді. Ғ.Мұс.
МҰЗДАЙ ТЕМІР ҚҰРСАНДЫ
Бақайшағына дейін қаруланды. ~ Тоқсан құлдың біреуі, Бүгіліп сәлем бермеді. Байды көзі көрмеді. Сонда бай тұрып бұрсанды, Мұздай темір құрсанды. Тоқсан құлдың бәрінің Атын атап шақырды. А.Байт. «»Ер Сайын») ~ Жұрттың бәрі Мәскеуді тастайық дегенде жалғыз Сталин емес пе, міз бақпаған. Соған қарап қалың ел рухтанып «Сталин үшін!!!» деп мұздай темір құрсанған жаудың бетін қайтарды емес пе Мәскеуді қорғап. С.Ел. ~ Мұздай темір құрсанып, Жекеге шығып қалыпты, Қаһарынан кәпірдің, Жер майысып алыпты. «Манас» (Б.Әлімж.) ~ Ақыры, аюдай ақырған, шамырқанып, шамданған көсемдер кейістік майданында кезікті, арыс ары жайдай шарт етті, кеудеде көк айғыр кісінеді, ашу-ыза борандай ұйтқыды, мұздай темір құрсанды. М.Азд.
МҰЗДАЙ СУЫҚ СӨЗ
Жүректі қарыған жайсыз, зәрлі сөз. ~ Әуре басқа іздегі алған Ауыр күйік кез келді… Сүйгенінен бір күн ақын Мұздай суық сөз алды. Маңдайына мұз тигендей Отқа толды көз алды. С.Сей. ~ Мұздай суық сөз естідім, Селк еттім, Көкірегім қарс айрылды шер кернеп. Кеудем менің қысылды да. Деміктім, Қара басты қас сұлуға теліппін. Ә.Ыб.
МҰЗДАЙ ҚҰРСАНДЫ
Бес қаруын сайлады, басынан аяғына дейін қару асынды. ~ Өздері шетінен қарулы. Қылыш, найза, шоқпар, қалқан, «граната» сияқты бес қаруы түгел. Мұздай құрсанып, атамандарын күтіп тұр. Ә.Тар. ~ Ниетіне тезірек жету үшін, Тоқтамысқа мұздай құрсанған мыңғырған қол беріп, Ақ Орда еліне – Ұрыс ханға қарсы айдап салды. Ә.Ыб. ~ . Алайда жер жағдайын жақсы білетін көтерілісшілерге мұздай құрсанған ол жасақ та ештеңе істей алмады. С.Ақт.
МҰЗДАЙ ҚАРЫДЫ
Тұла бойын тітіркендірді, жанын түршіктірді. ~ Ел-жұртының ертеңін ойласа жаны жай таба алмай, аласұрады. Көкірегіне тоңдай қатқан шер-шеменнің сызы жібімей, тұла-бойын мұздай қариды. Д.Рам. ~ Бұл қайғылы оқиға Рауанның да тұла бойын мұздай қарып, жай аққандай әсер етіпті. С.Жәм.
МҰЗДАЙ ҚАРУЛАНҒАН
Бақайшағына дейін қаруланған, ұрысқа сақадай сай. ~ Мұздай қаруланған патша әскеріне отыз-қырық шолғыншы не қайран қылар? Г.Ниет. ~ Сан мәрте мұздай қаруланған ГПУ отрядтарымен қоян-қолтық шайқасқа да барыпты. Ұ.Досп. ~ Бұқар әскері соңына қанша түскенмен мұздай қаруланған орыс қолы маңайлатпады. С.Ақт.
МҰЗДАЙ ҚАРА КӨК
Дін аман, сап-сау. ~ А, Хакең қалада ма? Үй іші аман ғой?—деп сұрады Әлібектен. — Қалада. Мұздай қара-көк аман. Х.Ес. ~ Тірі қалған үш жүз адамның бірде біреуі мұздай қара көк қалпында тұтқынға түскен жоқ — бұл олардың жүрек жұтқан батырлығының дәлелі, табанды түрде қорғанғандарының, ешқайсысының майдан алаңын тастап кетпегендігінің айғағы. Серв. ~ Апыр-ай, сіздерді көрмегелі коп болды-ау. Е, үй іштеріңіз мұздай қаракөк шығар… Бұл заманның несін айтасың, шіркін, жайнап тұрған бір гүл емес пе?! Ғ.Сл. ~ Біз аманбыз. Мамам сау. Бекең үй іші де мұздай қара көк. Әлібек Алматысына жүріп кетті. Х.Ес.
