Мақтанды, бөсті. ~ Ұлылықтың ұғынбай Әліппесін Адам ұлы бола ма қағып төсін? Әкім де емес, Хан да емес, Әркім де емес, Біртуарлар бастайды халық көшін! И.Сап. ~ Кедейіне байлық бердік, байына бақ бердік, бағланына тақ бердік – бірін де алмады: кедей кекжиіп қайқайған төсін қақты – менің байлығым кеудемдегі намысым дегені… Т.Сәу. ~ Күпінген желбуаздар төсін қағып, Күнелтер көрінгеннің пешін жағып. Шығады судан алтын балықтай боп, Балтадай батып кеткен есіл ғарып. Н.Айт.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТУ ДЕГЕН ТҮКІРІК ЖЕРГЕ ЖЕТПЕЙДІ
Шытынаған аяз, қатты бұрқасын туралы. * Далада ырдуанның артқы жаты тұңғиық, айы суық, жұлдызы бөтен, ту деген түкірігің жерге жетпейтін сияқты, жүрегіңнің дүрсілі келі түйген келсаптың күрсіліндей. Қ.Ысқ.
ТӨРТ ҚҰБЫЛАСЫ ТҮГЕЛ
Уайымы жоқ, не ішем, не кием демейтін, көңілі тоқ адам туралы. — Ал сенікі қай жатыс, жолдас Патшабаев? Неңе жетісіп жатсың? Әлде төрт құбылаң түгел ме? О.Сәрс. ~ Мына опасыз жалғанда төрт құбыласы түгел кім бар дейсің? С.Дос. ~ Сезімі жоқтар, төрт құбыласы түгелдер бүйтіп ән айта алмас…» Көңілсіз ойлар қаумалаған жігіт кең кеудесін өртке шалдырып, мейлінше мажығып күрсінген. Ж.Шағ.
ТӨС ТАБАНЫ ЖЕР СЫЗДЫ
Ұзақ жүріп, шаршап-шалдықты. ~ Рахметті Сырбай атына мінгізді де, өзі үзеңгісіне қатарласа жүріп отырды. «Төс табаны жер сызған, атан жүрер жол екен» деген қазақ мақалы түсті Рахметтің есіне. С.Мұқ. ~ Осындай сәттерде көңілдің күні өшіп, айнала төңірегімнің бәрі қарауытып кеткендей бола қалады. Әбден жүйкелеп, төс табаным жерге тиді. Көзім қарауытып, басым шыр көбелек айналып, ес- түсімнен айрылып қалғанша қасарысып, қарысып аударма жасай бердім. Н.Кел.
ТӨРТ ҚҰБЫЛАСЫ ТҮГЕЛ, СЕГІЗ ҚИЫРЫ АНЫҚ (ТҰТАС)
Болып-толып, арман-мұратына қол жеткізген, бақуатты адам туралы. ~ Егерде олар бір– біріне сәйкес келмесе, бойға біткен баланың өзіндік “мені” табиғи түрде қалыптаспайды екен. Мұны, “уызынан жарыған”, “төрт құбыласы түгел, сегіз қиыры анық”, “Айы – оңынан, Күні – соңынан туған төл” дейді алаштың сыншыл аян берушілері. Т.Жұрт. ~ Дәл қазір Мұхтар Мағауиннің төрт құбыласы түгел, сегіз қиыры тұтас. Т.Жұрт.
ТӨС ТАБАНЫ ЖЕРГЕ ТИМЕДІ
Зыр қағып, әбден болдырды, діңкесі құрыды. ~ Бір түйем бар қамыстың басын жейді, Шу-шулесең жануар бір жүрмейді. Қағып-соғып шандаққа шөгерсем де, Төс табаны сірә бір жер тимейді. Жұмбақ. ~ Осы күнгі зиялыларымыздың бірқатары батыс десе тітіркеніп, сол батысты мансұқтаудан төс табанымыз жерге тиген жоқ па деп күйіне кететіні бар. Аты–жөні жоқ бас шұлғи беруді қою керек дейді. Ж.Аяз.
ТӨРТ ҚҰБЫЛАСЫ ТҮГЕНДЕЛДІ (-Н ТҮГЕНДЕДІ)
Жағдайы жақсарды; тұрмысы түзелді, арман-тілегіне қолы жетті. ~ Иә, балам, пенденің қаншама қарны тойып, бар алаңы ұмыт, төрт құбыласы түгелденді десек те, ол бәрібір өзінің жаратылысына тартады, қайта айналып қазығын табады. О.Сәрс. ~ Ол кезде, естуің бар шығар, төрт құбылам "түгенделіп", мырқы болып жүретінмін. О.Сәрс. ~ Әлгінде үкілі домбырасын безілдетіп, кеуілдеген даусымен бүкіл аула, бүкіл қаланы жаңғырықтырған жыршы да Боранқұлды төрт тұрманы сай бір атқа мінгізіп, төрт құбыласы түгелденген хан сарайына кіргізіп, сегіз ұжмақтың төріне шығарып, патша тағына отырғызып жібергелі шақ қалды. Ғ.Біл. ~ Қыз тізесінде керіліп жатқанға дүниенің төрт құбыласын түгендеп болдым деді ме екен?! Қ.Ысқ. ~ Төре осы бір қайырлы сапардан соң төрт құбыласын түгендеп алғандай «Алла, бергеніңе шүкір! » дейтіндей тоқмейіл күй кешкен. К.Сег.
ТӨС ТАБАНЫН САЛА КІРІСТІ (ТАБАНДАДЫ)
Құлшынды, білек сыбана кірісті. ~ Осы Бәденнің өзімен де, шешесі Шекермен де Мәжікен он төрт жасынан бері айналыс қылған еді. Күнікей онысын қайдан білсін? Бәденнің Мәжікенмен әрі ескі тамырлығы бар, әрі «жеңгетайлығын» есептеп (өйткені көйлегі де тозыңқырап жүр ғой), әрі бай баласының буына жығылып, айдынынан қорқып, қалай да Күнікейді көндіріп беруге, бұ жолы төс табанын сала кіріскен еді. Ж.Айм. ~ Ауыл үйдің әжік- күжік, шаң- шұңы болса мен де ауылыңның үстін шаң қылып, ел ағаларын шақыртпас едім, ел мен елдің тату көршілігін ойламасам мен де бұл ісіңе төс табанымды сала бүйтіп кіріспес едім! К.Сег.~Уа, біздің бригадімізде сауатсыз бір жан жоқ! Және көпшілікте шала сауат қана емес, төс табандап білім, мәдениет іздеп келе жатқан сауат… Рас па осыным, біздің жолдастар! — дегенде, бұның бригадісі әр жерден қостай жөнелді… М.Әу.
ТӨРТ ҚҰБЫЛАСЫН ТҮГЕЛ ҚАМТЫДЫ
Түгін қалдырмай, басынан аяғына шейін, жан-жағын, бәрін қамтыды. ~ Бұл әңгімені төрт құбыласынан түгел түтіп, әбден діңкелеткен соң, адам өмірінің мәні, ізгілік, кісілік жайлы көсіледі. Н.Дәу. ~ "Біздің ауылдың қызында» шаруаны, «Күй- дастанда» халықтық интеллигенцияны жырлап, біздің бүгінгі тұрмыс- тіршілігіміздің төрт құбыласын түгел қамтып, көркем шежіреге айналдырса… З.Қаб.
ТӨС ТҮЙІСТІРДІ
Адал ниетін, достық көңілін білдіру үшін кеудесін кеудеге тиістіру салты туралы. ~ Сол кезден бастап бел құда, бесік құда болу; туыстықтың айғағы сияқты құйрық-бауыр жесіп, төс түйістіріп, бетке үн жағу; балалар есейген соң, қалыңдық ойнату — ұрпақтан-ұрпаққа ауысқан дәстүр болып қалыптасты. А.Сей. ~ Бұрын көп жылдар колхозда бригадир боп істеп тік жүріп, тік басып қалған адам алпыстан асса да иілмей-бүгілмей өзін-өзі шалқақ ұстап, ұзын мұртының шалғысын кезек сылап қойып, құдағиына төс түйістіріп амандасып, келгеніне қуаныш білдіріп, тіпті мәз боп жатыр. С.Мұр.
