Posted in

ТӨСКЕЙДЕ МАЛЫ, ТӨСЕКТЕ БАСЫ ҚОСЫЛДЫ (БІРІКТІ)

Қоныстары қатар болып, тату-тәтті тұрмыс кешіп, ағайын-туыс болып кетті. * Кенесары жеңіліп, қолға түсіп қалған соң қырғыздар қайта шатақ шығарады. Өйткені Алатаудың суын қатар ішіп, төсекте басы, төскейде малы қосылған қырғыздар Бұғыбайдың бұл кездері мына Қараш асуының арғы жағындағы Шапырашты-Шыбылдың Жәдік ауылынан екенін білетін. Б.Қыд. ~ — Маңғыстау мен Атырау аймағы бір теңіздің жағасын жайлаған, төскейде малы, төсекте басы қосылған туыс жекжат ел. Шетінен батырдың ұрпағы, қара жаяуы жоқ. «Танысаң, Адайыңмын» дейтін ағайындар. Мұнайшы болу да батыр, батыл адамның қолынан келеді. Ү.Жәл. * Бай-төреден құтылып, төскейде малы, төсекте басы біріккен жамағат ауыл-ауылымен топтасып, ұжымдасты М.Қаб.

Posted in

ТӨТЕН ІС

Елді елең еткізген ерекше әрекет, төтенше уақиға. * Әсіресе Жасылкөлді бүлдіртпеу үшін табанды кірісіп, төтен іс — әрекетке баратын да сол. Шамасы, энергиясы да көп. Б.Сарбал. * Айласымен кәпірдің Арам боп тұр жер үсті. Кез болған маған төтен іс, Ақыл-есті бөлісті. "Зарқұм". * Мұның бұрынғы "жорықтарынан" хабардар қауым оның тағы бір төтен іске бет алғанын көріп, қошеметін аяған жоқ. О.Сәрс. * Сол ертегі-аңыздың айтуынша Қаратау «зілзаланы» басынан кешірген. Топанға төтеп берген. Қазығұрттың басында кеме қалғанда, бұл таудан дария тасып, су тасыған. Т.Әл.

Posted in

ТӨТЕП БЕРДІ

Дұшпанның шабуылына шыдады, табандылықпен қарсы тұрды. * Бір күн, бір ай емес, қысы-жазы, сан жылбойы үй-күйсіз, қалың жаудың ортасында, қауіп-қатермен күн кешу оңай болмаса керек. Бәрінетөзіп, бәріне төтеп беру керек қой. А.Жақс. * Өйткені жазда семірген мал қысқа төтеп береді, көктемге жілік майы үзілмей кәміл жетеді. С.Бақб. * Асфальт екеш асфальт та өрттей ыстыққа төтеп бере алмай балқып жатыр. С.Дос.

Posted in

ТӨТЕСІНЕ (ТУРАСЫНА) КӨШТІ

Әңгіменің тоқ етеріне, негізгі тақырыбына ауысты. ~ Тағы да негізгі айтарымнан ауытқып барам да? Мақұл. Төтесіне көшейін: шешем жиі сырқаттанатын. Ж.Нәж. ~ Қылмыс дегеніңіз қалай жасалады? Мен өзі не болғанын да білмеймін. — Дәрі сатып ал дегенді білесің‚ — деп тергеуші төтесіне көшті. Қ.Түм. ~ Ретін тауып, жейдемнің жеңін бе, өңірін бе, сипағысы келетін сияқты. Сәл шегініп, жалтарып кеттім де: – Неше атадан қосыласың?– дедім мәселенің төтесіне көшіп. М.Қаб. ~ Турасына көшейік, бес биенің сабасындай балпаң–балпаң басқан Бальзак жазғанды, Бальзак тудырған әдеби құбылысты біздің балпаңдар жаза алды ма? Жаза алмаса неге жаза алмай жүр? Ж.Аяз. ~ Сөздің турасына көшсек, сен автордың туындысын ұрлағансың да, оны өзіңше жазуға талпынғансың. Алайда, ұрлықтың аты – ұрлық. Ұрлығың жекелеген сөйлемдерден–ақ көзге ұрады. Д.Қуат. ~ Тамам қаймана қазақ жалпылдап келіп жатқанда, екеуіңнің тым– тырыс жатып алуларың мені ойландырып тастады. Соның төркінін білейін деп келдім деп сөздің турасына көшті. Мына екеуі қопалақтап, сасып қалды. К.Хам.

Posted in

ТӨСЕК ЖАҢҒЫРТТЫ (ЖАҢАРТТЫ)

Басқа әйел алды; қайта үйленді. * Менің бір таң қалған нәрсем Жауқазын да осында. Сыртта от жағып, отын жарып, қызмет қылып жүргендердің біреуі сол. Бұнысы қалай? Байым жас қатын алды, төсек жаңғыртты деп, қуанғаны ма? Б.Соқп.* Бір танысым төрт рет төсек жаңартты. Ол өз шаруасы. Бір таңғаларлығы, әр үйленген сайын бұрынғы айырылып кеткен жұбайын мақтайды. Р.От. * Әрине, ашыпжарып қатты сөйлеп қарсылық көрсетпесе де, Боранқұлдың төсек жаңғыртуына Мәлике разы-қоштық білдіре қойған жоқ болатын. Ғ.Біләл. * «Япырай, бәйбішесі өліп, жақында ғана төсек жаңғыртып еді, қызуы басылмаған қызға бергісіз әйелі тұрғанда мұнысы қай желіккені? Т.Сәу. * Ұлыстың қарашыларының арасында орасан беделге ие Ергене-бегімге Алғи сөз салады. Ұлы Мүбәрәкшаһты таққа отырғызуға уәдесін алып, Ергене-бегім үшінші рет төсек жаңғыртады. Т.Жұрт. * Қатерге де қимайды. Бірақ, Шекерхан сынды аруды жау қолында шырқыратып қоя беруге де жаны төзбейді. Ару емес, әдеттегі бір қыз болса да жат босағасын қызартып, төсегін жаңғыртсын, тоқалдыққа кетсін дегенге қалай төзсін? Ғ.Біл. * Әкесі Жантөре бәйбішесі дүние салғасын төсек жаңғыртпай, жалғыздың қас-қабағына қарап жүре беріпті. Ү.Жәл. * Марқұм әйелінің жылы өткен соң туыстарының, Қасаңбай ақсақалдың қайта-қайта қыстауымен Әбекең төсек жаңғыртты. Ы.Дәб. ~ Әйелінің қайтыс болып, Сиғаттың жер ортасында қалғанына біраз жыл. Заманында тірліктің думанын сан сапырып, талай сұлудың көз жасы мен ыстық құшағын жалынымен құртатқан керім — ай сал бүгінде тек шаштың атынан сескенетін болуға керек, әлі төсек жаңартпай жүр… Қ.Ысқ.

Posted in

ТӨТЕСІНЕН АЙТТЫ

Тұспалдамай, турасын айтты. * Төтесінен айтсақ, әлгі алты ай қыс бойы ай сайын табатын он бес, жиырма сом жалақыға не ішіп, не киюге болады?. Қ.Ысқ. * Анатай әуелі бірдеңені айтып міңгірлей бастады да, онысынан ештеңе шықпайтын болғасын: — Білмеймін, — деп төтесінен бір-ақ қайырды. Ш.Айт. * Төтесінен айтсақ, Кейкінің мергендік технологиясының, яғни, мергендік әдіс-тәсілінің, айла-амалының бүге-шігесіне дейін жазылған материалды таба алмайсыз. Ж.Аязб.

Posted in

ТӨСЕК ҚЫЗЫҒЫ

Жыныстық қатынас ләззаты. ~ Марпадан кейін алған жас әйелі бар. Ол да адам. Олар да кәдімгі ерлі- байлы адамдар секілді төсек қызығын көргісі келеді. Д.Әш. ~ Төсек қызығын, әсіресе, әйел заты тез ұмытады. Мына Ырысқан — сондай ұмытшақ әйелдердің бірі. Бұл байғұстың осал жері — төсек… Қ.Жұм. ~ Солғаным емей немене, тәнімді ауырта, көз алдыма қызылды-жасылды ұшқын шашып бөлек дүние тұңғиығына сүңгіткен алғашқы төсек қызығын да анық сезінбедім. С.Әлж. ~ Жазығы мұнымен төсек қызығын бөлісіп, қажетін ашпақшы. Өзге мақсат жоқ онда. Ө.Кәр. ~ Бұл байғұстың осал жері — төсек… Күн аралап келетін өз кезегін тағатсыз көңілмен шыдамсыздана күтіп жүреді. Ел жатып, шам сөнісімен желімдей жабысып, шырмауықтай оратылады. Сені құшағына алып аймалаудан, тән рахатын, төсек қызығын бөлісуден жалықпайды. Өліп- өшіп, жеп қоя жаздап жатқан кездегі сөздерін естісең! Қ.Жұм.

Posted in

ТӨТЕСІНЕН ҚОЙЫП ҚАЛДЫ

Әй-шәйға қарамай дүң еткізді. * Жәнияның мінезі тік. Төбеден ұрғандай дүңк еткізіп ойындағысын төтесінен қойып қалады. Т.Сәу. * “Мыналарың шетінен қияс болмаса нетті”, — деп ойлаған шал қашан да төтесінен қойып қалатын әдетіне басып: — Мәймөңкелейтін ештеңесі жоқ оның. Қыздарыңа құда түсуге келдім, — деген. Қ.Найм. * Қорқатыны — Қоспанбет. Адыраң мінезді төтесінен қойып қалатын неме еді. К.Қаз. * Абыралы екеш Абыралы да бірдеңені төтесінен қойып қалғанда, Елтай тап бір шетел тілінде сөйлеп тұрғандай аңырып қалатын. М.Қаб.

Posted in

ТӨСЕК ТАРТТЫ

Сырқат меңдеп, жатып қалды. * Онда әкесі жетпістің үстінде, әрі төсек тартқан сырқат еді. Бара алған жоқ. З.Шүк. * Бірде әкесі үйде төсек тартып ауырып жатқанда Домалақ Тоғайдан шақыртушы кеп … О.Сәрс.

Posted in

ТӨТЕСІНЕН САЛДЫ

Мәймөңкелей, ойындағысын айтып салды, турасын айтты. * Тәшеннің келіскісі жоқ. Төмен қарап, күмілжіп тұр. Ержан төтесінен салды. — Әй, осыдан бар ғой, сөзімді жерге тастасаң… бүкіл класқа дальтоник екеніңді… "Дальтоник" дегенде Тәшен қолды-аяққа тұрмай, зыр ете түсті. М.Қаб. * Сегізінші класты бітірді. Еліккіш, көрсеқызар. Рок музыка десе, қалпақтай түседі. — Не бүлдіріп қойып еді?— деп жігіт төтесінен салды. Жалығып отырғаны беп-белгілі. — Көрші мектептің балаларымен төбелескен… М.Қаб.