Көңілі қош болып, дүниенің рахатына батты. ~ Оспанға, өзінше Жорға Нұрым секілді дәрежелі кісінің күйеу боламын дегені құдайдың көктен айдап түсірген жақсылығы еді. Шылқымайға кірдім ғой деп мұртынан күліп, тіпті бұрынғы бұрынғы ма, төбесі жайлау, төсі қыстау болып, есі шығып еліріп кетті. С.Тор.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТӨБЕ КӨРСЕТПЕДІ
Көрінбеді, келіп-кетпеді, араласпады, бой көрсетпеді. * Елтүзердің керек-жарағына, өздеріңіздің шай-қанттарыңызға, дейді. Ауылдастарына төбе көрсете қоймайды. Н.Дәу. * Мағираның айтуынша, кейінгі кезде олар да төбе көрсетуді қойыпты. Д.Әш.
ТӨБЕСІ КӨККЕ ЕКІ ЕЛІ ЖЕТПЕДІ
Қуаныштан көңілі алабұртты, мәз-мейрам болды. * — Қалай өздері, кран алып, төбелері көкке екі елі жетпей жатыр ма? — деп бір қойды. Қ.Түм. * Кәне, кімнің әжесі өстіп жұрттың бәрін алаламай мейірленіп сүйе алады?! Мен төбем көкке екі елі жетпей тұрмын. С.Мұр.
ТӨБЕ КӨРСЕТТІ
Бір көрініп қалды. * Кейде даталы күндерге байланысты жиналыстар өтіп жатады, мейлі кәсіподақтың жиналысы болса да, Әскербек ерінбей- жалықпай бір төбе көрсетіп кетеді. Қ.Жиенб. * Ара- тұра Теміржан төбе көрсетеді. Қ.Жиенб. * Демежанның да жай мал иесі ретінде төбе көрсеткені болмаса, саудаға қыры жоқ. Қ.Жұм.
ТӨБЕСІ КӨККЕ ЖЕТТІ
Қуаныштан жарыла жаздады. ~ Шынымен дейсіз бе? Жоға, онысы әншейін ғой. Күнікей бедеу мініп қылаң ұрса, төбесі көкке жетпес пе еді? Ж.Айм. ~ — Егінге ертең саламыз орақ! – деген күн Төбесі көкке жеткені-ай дейсің халықтың. К.Мыр. ~ Тотының төбесі көкке жетті әлгі жерде. Режиссермен танысады — қандай бақыт! М.Қаб. ~ Бұл жиналыстан мен төбем көкке жеткендей боп қуанып қайттым, аяулы оқушым, Баукеңнің атағына, алғырлығына, шешендігіне қуандым. Ә.Нұрш.
ТОРТА МАЙДАН ҚЫЛШЫҚ ІЗДЕГЕН
Кербз, талғампаз.. ~ — Ә?.. Торта майдан қылшық іздеген кірпияз неме қазаққа қыз беруші ме еді. Қызын кәйтем, айғыры керек! Қ.Ысқ.
ТОРТАСЫН АЙЫРҒАН МАЙДАЙ
Тап-таза, тартымды д.м. * Рас, Таңатар Құдайдай сыйлаған замандасы Омарға обал жасағысы келген жоқ, тортасын айырған майдай толықсыған Рахия қыр соңынан қалмаған соң, еркектің намысына тиісе берген соң, Омардың әкесі Кенжеге кеткен әкесінің кегін ала алмаған соң адалдықтың ала жібін аттағаны рас. О.Бөк.
ТОРЫ АТТЫ ТОҚТЫҒА АЙЫРБАСТАДЫ
Ұтылып қалы, есесі кетті д.м. ~ Оқытып адам қылам деп жүргенде, торы аттың басын тоқтыға айырбастамасам неғылсын. Т.Ах.
ТОРҒА ТҮСТІ
Еркінен айрылды, құлдыққа түсті. ~ Бір Шымшық торға түсті соры қайнап, Барды ма, кім біледі, ажал айдап. Бәлені қаза менен қайда деме, Ғаріп боп, отыр сорлы көзі жайнап. Жанына жас Көгершін ұшып келді: «Не қара басты торға түсіп? — деді. А.Байт. ~ Қорбаңбай Торға түсті – сор қандай! Ажалменен алыстан қылжаңдасаң қылжаңда, Қорқынышты ол қасыңа кеп тұрғанда. Еш өлгісі келмей, Аю толғанды-ай. А.Асылб.
ТОТЫДАЙ МӘПЕЛЕП, ҮКІДЕЙ ҮЛБІРЕТТІ
Бағып-қақты, мәпелеп өсірді. * Арашалайтын қай ата жұрты, ағайын тумасы бар дейсің. Және қай қазақ оң жақта тотыдай мәпелеп, үкідей үлбіреткен Айы мен Күнін басқа бөтен нәсілге берсін-ау. Ш.Құмар.
