Posted in

ТӨБЕДЕН (КӨКТЕН) ТҮСКЕН ЖАЙДАЙ

Оқыстан орын алып, елдің есін шығарған оқиға туралы. ~ Көпшілік қауым Сталин қолымен жасалған кесепатқа бірде сеніп, бірде сенбей екіұдай сезім кешкен. Қаншама уақыт уланған сана үшін Сталиннен кінәрат табу дегеннің өзі төбеден түскен жайдай әсер етті. Ш.Сар. ~ Томаға тұйық адам сияқты болатын. Ал әлгі істегені көктен түскен жайдай біраз жұртты шошытып-ақ тастады. С.Мұр.

Posted in

ТӨБЕСІНЕ (БАСЫНА) ӘҢГІР ТАЯҚ ОЙНАТТЫ

Әлімжеттік жасап, зәбір көрсетті, әбден қорлады. * — Көке, осы үркітіп- қорқытуыңызды қашан қоясыз? Қылдан тайсақ, төбемізден әңгір таяқ ойнатасыз. Адамбыз ғой біз де… С.Смат. * … бесіктен беліміз енді ғана шыққан бізді де өзінің былғаныш ісіне араластырып, көнбесек басымызға әңгір таяқ ойната бастаған еді. С.Мұрат. * «Елубайды екі күн қара жұмысқа жегеді екенсің ғой» деп төбеме әңгір таяқ ойнатып жүрсе. Аш құлақтан — тыныш құлақ. Қ.Жиен. * Бір кездері сойқан-сойқан солақай саясат төбемізден әңгір таяқ ойнатты ғой. Т.Рыск.

Posted in

ТӨБЕДЕН ЖАЙ ТҮСКЕНДЕЙ

Естен тандырарлықтай суық хабар туралы. ~ Сіз жақсы көрсеңіз болды, шаруа бітті дейді екенсіз ғой. Дүниенің тұтқасы сіздің сол жақсы көруіңізде ғана тұр екен ғой. Ал мен жақсы көрмедім. Онда не істедіңіз? Төбемнен жай түскендей. Жылы-жылы хат жазып жүрген Сақыш дәп осылай жауап қайтарады деп кім ойлаған. С.Шай. ~ Германия бізге соғыс ашыпты! Жаманат хабар төбеден жай түскендей шатыр ете қалды. Б.Соқ. ~ Жаздың қақ ортасында төбеден жәй түскендей тарпа бас салғаны қай сасқаны! Т.Сәу. ~ Бұл күтпеген оқиға еді. Оның әсері төбеден жай түскеннен бір де бір кем болған жоқ. Д.Иса. ~ Аяқ астынан төбеден жай түскендей, Қарсылық Майданының көсемі қарақшы қолынан қаза тауыпты деген суыт хабар дүңк ете түссін. Т.Сәу. ~ Алайда төбеден жай түскендей тап берген қытайлардың қисапсыз көп қолына төтеп бере алмай, хан әскерімен Қоқанға қарай жылыстады. С.Ақт. ~ Далабай мен Таугүл де дүниеміз түгенделді-ау дегенде төбелерінен жай түскендей жағдайға душар болды. Анажардың аяғы ауыр екен. Бұл енді сұмдық оқиға, төтенше жағдай. Е.Әл.

Posted in

ТӨБЕСІНЕ ЗЫҒЫР ЕКТІ

Жәбір көрсетті, басынды, қинады. * Мүлкаман сөйтіп еңбекке араласты, ең әуелі малшының төбесіне зығыр екті. Көрсеткіші жаман шопан сұмдық қысым жасады. Д.Досж.

Posted in

ТӨБЕДЕН ТАС ТҮСКЕНДЕЙ (ӘСЕР ЕТТІ)

Естен айырардай әсер етті д.м. ~ Кресло шетінде тізе бүккен Айбар ытырыла түрегелді. Былайғылар түкті түсінбей аң-таң, төбеден тас түскендей оқыс әсерден тұра алмастай омала түскен. Д.Дос. ~ Мына сөз Айбарға төбеден тас түскендей әсер етті. Қазақ салтына қалай болған сонда? Д.Дос. ~ Жұрт тым-тырыс мөлиісті, сақалдының сөзі төбеден тас түскендей есеңгіретті. "Бұл не сонда?" Д.Дос.

Posted in

ТӨБЕСІНЕ КӨТЕРДІ

Жер-көкке сыйдырмай мақтады, құрметтеп, асты-үстіне түсті, пір тұтты ~ Кенжебекше айтсақ, кешегі "құдайдың беріп тұрған" заманында бұл Табылды деген байдың қонысы еді. Табылдыға мыңнан аса жылқы біткен. Бақыты үдеген. Ауыл-аймақ Табылдыны төбесіне көтерген. Б.Майл. ~ Менің бұл жерде айтып өтейін дегенім, дұшпанын жамандағанда «Алаш» көсемдері қисынын тауып соға беруші еді демек. Сол жамандаған кісілері «Алаштың» өз жолына түскен болса, төбесіне көтерер еді. С.Сей. ~ Шынжаң қазағы төбесіне көтеріп келген аяулы әкеміздің бұлайша мазақ болуы көкірегімізге шер ұялатып, көзімізге жас үйіртті. Ж.Шәк.

Posted in

ТӨБЕДЕН ҰРҒАНДАЙ (БОЛДЫ)

Оқыс; естен айырылғандай; ойламаған жерден ыңғайсыз жағдайға тап болғанда айтылады. * Тағы бірер шақырым созғыласқан соң қалжаураған аттар төбеден ұрғандай тегіс тоқтаган. Соңымда жалгыз-ақ кісі калды. М.Мағ. * Бегей төбеге ұрғандай тағы тоқтап, тағы да ұзақ- ұзақ ойланып тұрды да: – Мен осы сұрағыңа қолма- қол, соқырға таяқ ұстатқандай жауап берейін, сосын қоясың ба? – деді. З.Қаб. * Балам талпынып кәдімгідей ес болып қалғанда төбеден ұрғандай жайсыз хабар жетті.«Ұлыңыз госпитальда.Тез жетіңіз» деген жедел хатты алысымен әкесі Бақытжанға ұшып кетті. Ү.Жәл. * Төбеден ұрғандай дел-сал күйде қашаға сүйеніп біраз тұрды да шұқанақ — шұқанаққа іркілген қақ — көлшікті жалаңаяқ шапылдатып жүгіре жөнелді. Қ.Ысқ. * Ойласа қиялы жетпес мұндай тағылықты күтпеген Әзиз-Сұлтан төбеден ұрғандай сілейіп тұрып қалған. Т.Сәук.

Posted in

ТӨБЕСІНЕ ҚҰЙ ҚАЗДЫ

Зорлық қылды, қорлады, қиянат жасады; қолынан келген жамандықты жасады. ~ Айтқанын елемей Жақсылық ылғи істей берсе жақсы, бірде болмаса, бірде «Осының төбесіне мен құй қазған жоқпын, билігіне таласқан жоқпын, қатынының қойнынан шығып отырған жоқпын, осы маған неге әкіреңдей береді?..» деп Жақсылықтың шығып кетпесіне кім кепіл? Б.Май. ~ Мына анталаған көгөнкөздер көріп қойса, пәле емес пе, бізге неге әкелмейсің, тоқалдан туыппыз ба деп төбесінен құй қазсын. Т.Сәу. ~ Сонда да қияс, қыңырлығымнан танбай, бір бетімнен қайтпай, балағат араластыра сыбап тұрып: — Танытамын әлі-ақ! Күндердің күнінде әкелеріңнің төбесіне құй қазамын. Жаным тірі болса бастарыңды шешелеріңнің етегіне бір тығармын!- деп айғай салдым. Ж.Сәб. ~ Көп өтпей Гер-аға үйіне шақырды. Өткендегі әңгімені қайта жалаулатып, төбемнен құй қазатын шығар деп қипақтап барғанмын. Т.Сәу.

Posted in

ТӨБЕЛЕРІНЕ ТАС ҚОЙЫСТЫ

Серттесті, ант ішісті. ~ Жиреншенің ойы дұрыс, алыстан көргендік. Сондықтан бәрі де бірауыздан қосылып, Жиренше жөн айтады десіп жоғарыдағы Күнту болыс болсын деген байламға келеді. Төбелеріне тас қойысады. Бұл көптің Оспаннан түңіліп отырған себебі мынада еді:Өткен қыста бір болыс елдің кеңесі болмақ болып Оспан аулына жиналады. Ә.Кәк.