Жалы күдірейіп, бөлек-бөлек бөлініп, топталып тұратын айғырға қатысты. ~ Жүріп кеттік. Мінген атымыздың бірі байдың желісінің басынан ұсталған тоқпақ жалды көк айғыр. Көк айғырға біздің жігіт салт мінді. Айдаңқырап жүріп кеттік. С.Сей. ~ Тоқпақ жалды торы айғыр мінген Тұмабай қасындағы бір топ кісімен көз алдындағы ұбақ-шұбақ көшті қыр басынан шолып тұр. Бір бүйірден жаңа болыс Шайгөз шыға келді. Б.Тоғ. ~ . Ұрғашы жылқының да қылықтысы, тоқпақ жал айғырды өзіне тартатындай сүйкімдісі болады. Су ағары тұшымды екен деп омыраулай бермейді көзіне көрінгенін. Ө.Кәр.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТОҚЫМЫ КЕППЕС
Тынымсыз шабыс, дамылсыз қарақшылықта жүрген адам туралы. ~ Тоқымы кеппес ұры едің. Түн жастанып жүр едің, Қабанбайдан бұрын найзаңды. Қашан жауға тіредің? Бұхар ж. ~ «Жүйріктің тоқымы кеппес, сұлудың тақымы кеппес» дегендей, ересен «еркіндікте» өмір сүріп жатқан Ақпатша түбінде бір мықтының етегінен ұстап, отана болуды есінен шығармайды. А.Нәрік. ~ Барымта, сырымтамен жүрген телі тентектердің тоқымы кеппес ұрлығын тезге салып түзетер болар; елге пана, жерге қорған болар қасиетін оятар тұстың туғандығын Жайылғандай батыр жария етпес пе, жалпақ жұрты батыр ұранын ұлықтап, атқа қонбас па. Т.Қажыб. ~ Биғали жасы үлкендігіне қарамай Боранқұлмен ептеп қалжыңдасып жүретін, бұл ауылға келіп сіңерден бұрын «тоқымы кеппеген ұры» болыпты. Ғ.Біл.
ТОҚПАҚ МҰРЫН
Дөңкиген дәу мұрын. * Нұрымның зұлымдығы мен атағы болмаса, әліпті таяқ деп білмейтін надан, пішіні де жаман, аузы толған боғауыз бен былш-былш насыбай, ішпей мас, әрі нас елу шамасында жасы бар, қой сақтардың басындай басы бар, жай формының өзі сұп-суық бүйі секілді түксиген, бұқа мойын, өгіз құрсақ, алақан көз, жайын ауыз, добыра сақал, тоқпақ мұрын, бір түрлі нысаналы жануар еді. С.Тор.
ТОЛАРСАҚТАН ҚАН КЕШТІ
Басына түскен зор қиыншылықты кешіп өтті. ~ "Туыстарымыз майданда толарсақтан қан кешіп, жанын шүберекке түйіп жүргенде мұнда, елде, мынадай арамзаларды жайына жібере алмаймын мен!" С.Шай. ~ Өзің ойлашы сен бір ауыз сәлем айтқан екен деп толарсақтан қан кешіп, оқ пен оттың ішінде жүрген саған қай досың артыңнан іздеп келеді? Ә.Нұрш. ~ Бұдан кейін арада елу жыл өтті. Осылайша азат халық өз бостандығын жоқтап елу жыл толарсақтан қан кешті. Ақыры дегеніне жетіп, жеңістік алды. Ж.Шәк. ~ Сөйтіп, елі мен жері үшін толарсақтан қан кешіп күрескен батырымен халқы қайта қауышты. Ж.Шәк.
ТОҚСАН АУЫЗ СӨЗДІҢ ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІНІ
Ұзақ сөздің тұжырымды, түйінді тұсы. ~ Ал Кеңеке! «Жас жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір». «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» дегендей, сіз кәрі, мен жас болсам да, тілегі бір адамдармыз ғой. Сөзімнің тоқ етерін айтайын енді. С.Шайм. * Енді тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінің жасырмай- шаппай кесіп айтуға рұқсат ет: сен менен қыз ретімде бас тартсаң да, әнші-ақын ретімде бас тарта алмайсың. Ш.Айт. * Морт мінезді жандар кейде ұзақ мылжыңды сүймейді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін ғана білгісі келеді. Әліп те сөздің ақыр-аяғына дейін күткісі келмей,төтесінен тартты:–Тоқетерін айтыңызшы, маған не істе дейсіз? Ж.Шәк.
ТОҚСАН ТОЛҒАНДЫ
Терең ойланып, ұзағынан тебіренді. * Түрленіп тоқсан толғанып, Аударды көптің назарын. Сұңқылдап үні қозғалып, Ашты тілдің базарын. А.Байт. ~ Ал, ауруханада санамен сарғайып жатқанда, ой түбіне жетпек боп, қиял қойнауының қатпар-қатпарын ақтара беріп, шақшадай басым шарадай болды. Кешегі бір түннің өзінде төсегімнен тоғыз тұрып, тоқсан толғандым десем өтірік емес. Н.Кел. ~ Сөйтіп, тоқсан толғанып ойланған Оспан: «Комунистердің сөзі мен іс-әрекеті бірдей емес екен, бұларға да сенуге болмайды екен» деген шешімге келеді. Ж.Шәк,
ТОҚСАН ТОРАП ЖОЛ
Сан қилы тағдыр, сансыз бағытты жол. ~ Семеннің айтқан қызы Ақботаға ұқсамай тұрса да — майданда кездесіп қалуымыз мүмкін ғой деген ой келеді. Неге мүмкін емес!.. Соғыстың тоқсан торап жолдарының бірімен бір машина неге өтіп бара жатпайды?.. Ол машинада Ақбота неге болмайды?.. Ғ.Мүс. ~ Жолдас автоматчик деп жазам ба, болмаса, жолдас пулеметчик деймін бе? Тоғыз емес тоқсан торапты соғыс жолдарының қай тарауынан іздер екемін енді?.. Ғ.Мүс.
ТОЙЫМСЫЗ КӨЗ
Ашқарақ, қомағай, обыр пейіл. * Уай, пәруардігәр дүние, бәлкім жаратқан иені жер бетінен мүлдем алыстатып жіберген адамдардың тойымсыз көздері шығар. Д.Досж.
ТОЙЫМЫ ЖОҚ ТҮПСІЗ КӨМЕЙ
Қанағаты, тәубесі жоқ жебір адам туралы. ~ Біз не істейміз? Жеп үйренген ауыз, тойымы жоқ түпсіз көмей бізден де бірдеңе дәметпейді дейсің бе. Қ.Жұм.
ТОҚ БАЛТЫР
Толық, сымбатты, көз тартатын жұмыр балтыр. ~ Пальтосының сыртынан жылтыр сулық плащ жамылған сұңғақ бойлы, тоқ балтырлы көркем қыз мынандай күнде бұл жерде не бітіріп отыр дегендей екеуіне кезек-кезек қарап өте шықты. Ә.Кек. — Аман ба, Айнаш! Ту- у, өзің бойжетін қапсың ғой, — деп Дәулет күлімдей қарады. Көзі еріксіз қыздың тоқ балтырын, қоңыр юбкасын сипап өтіп, ақ жұқа свитерлі қаз кеудесіне іркілді. М.Сүн. * Оның осы тұрысына қараудың өзі бір ғанибет. Түп-түзу де жұп-жұмыр аяқ, тоқ балтыр арасынан саңылау таппайсыз. Көріктей көтеріліп, басылып тұратын қос алмасына қарауға көз ұялады. Кейде халатын асығыстау киіп, алдынан жүгіріп шығатыны бар. Мұндайда тоқ балтыры ақ сазандай жарқ ете қалғанда көз қарықтырады. С,Олж. ~ Бұраң белі былқылдап, Бура саны бұлтылдап, Тоқпақтай қара бұрымы Тоқ балтырға сартылдап, Қарыс түкті құндызы Күн сәулесі шағылып, Құбылып ойнап жалтылдап, Келе жатқан кезінде Қарылар қалды қалтылдап… "Манас".
