Төзімі таусылды. * Не де болса алып-жұлып бара жатқан оқшау хабар болды. Әйтпесе бәйбішесі анада, айтатын сөзім бар еді деп арнайы кісі жібергенде, кейін сөйлесерміз деп, кідіртіп қоймап па еді. Енді, міне, бұдан әрі күтуге шыдамы жетпегендей, мынау ишара алманы жіберіп отыр. Ә.Кек. * Бұл оған қолын созып қайта шақырды. Ол сенер-сенбесін біле алмай, жасқаншақтай басып, қайта жақындап келеді. Бұл енді ол қашан қасына жақындап келгенше шыдамы жетпей тыпырши тосты. Жас жігіт жасқана басып, төсегінің қасына келді. Ә.Кек. // ДӘТІ ЖЕТПЕДІ
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ШЫҒАННАН ШЫҚҚАН
Айрықша, жөні бөлек; елден ерек, әккі. ~ Қараөткелден келген бір келіншек бар осында, Кескіні онша шығаннан шыққан сұлу емес, бірақ, мінезі жібектей есіледі, әзілге судан жүйрік! Күйеуі момын жігіт көрінеді. Биі — келіншегі. С.Мұқ. * Тері — терсек жинап, ауылға келіп-кетіп жүретін. Әйімхан дейтін жақын жеңгем бар еді. Шығаннан шыққан жылпос. Қайдан тапқанын, сопы тауып алыпты. Б.Соқп. * Ертең алтыда соқсаңыз, қылмыстар тізбегіндегі осынау шығаннан шыққан шетін істің шын мәнінде қандай маңызы барын тіпті дәл қазірдің өзінде әлі айқын ұғына қоймағаныңызды дәлелдеп берер едім сізге. А.К.Дойл. (ауд.) * — Менің Қожашым тірі болса, ешкімнен кем болмайды. Өсе келе өзі-ақ түзеліп кетеді. Сабырбек нағашысына тартқан. Ол да жас кезінде осы секілді шығаннан шыққан сотанақ еді. Бұл қайта оқу оқып, мұғалімдерінің айтқанын орындап, кейде әтіншік боп жүр ғой. Б.Соқп. * Бұл ара кілең бір шығаннан шыққан сырқындылардың басы біріктірілген «құмырсқа илеуі» еді. Ғ.Біл.
ШЫҒАР ТАУЫҢ БЕЛГІЛІ
Қарымың, шамаң белгілі. * А, а… не, не?!.. Біреу құлағына әлденелерді айтып сандырақтады ма, біреулер Тастыбайға; «жерден шыққандай шіренбесеңші, сенің де шығар тауың белгілі ғой, біле-білсең осы топыраққа өлі-өлгенше қарыздарсың, қарыздарсың! Сен бізді неге жатырқайсың, а?!» деп өкпе-наздарын тұс-тұстан тықпалап жатқаннан сау ма?! Қ.Жиенб.
ШЫҒАРҒА ЖАНЫ БАСҚА (БӨЛЕК)
* Жан Жак Руссоны кұлдық ұрып пір тұтатын оның табиғат, орман, дала, хайуанат десе шығарға жаны басқа. Ә.Кек. ~ Ондайда қаралай өліп-өшіп, шығарға жаны басқа болып отырған ынтық қыздар іштей шыбын-шіркей боп аяса, қырғи келіншектер осынша нәресте бозбалаға бұрынғыдан бетер сұқтана түседі. Ә.Кек. ~ Сен менің көкемді білмейсің. Ондай адам аз. Көкемнің мен дегенде шығарда жаны басқа. С.Смат. ~ Оны осыған дайындаған да інісімен ымы- жымы бір, інісінен шығарда жаны басқа жан- апасы Кəмеш еді. З.Қаб. * — Рақмет, шырағым,- деді Қожекең кәдімгідей риза болып, — Құдайдың бұйрығы шығар. Шығарға жан бөлек болған соң, амал жоқ. Қайтейік… Т.Әбд. ~ Өлмеген шығар деп, сойыл тиген жерлерін қолыммен сипап көрдім. Бірақ құлақтан кеткен қанды көргенде күдерім үзіле бастады. Амал қанша, шығарға жаным-бөлек. Керегеге салып Өтеген екеуміз ауылға алып келдік. Т.Әбд.
ШЫҒАРҒА ӨР, КІРЕРГЕ КӨР ТАППАДЫ
* Қайың сауу қалың қазақ алғаш мың жеті жүз жиырма үшінші жылы қалмақтар шабуыл жасап, сүрен аттап, шұрқан салып, тұлымдыны тұл, айдарлыны құл етіп, қазақ шығарға өр, кірерге көр таппай, бет-бетіне тентіреп кеткенде болды. Б.Қыдырб.
ШЫҒАРДА (ШЫҒАРҒА) ЖАНЫ БАСҚА (БӨЛЕК)
Ықыласы ерекше. * – Несін айтасын, сал жігіт сен дегенде шығарда жаны басқа… – Иә! Иә, жаны басқа… Жаны басқа! Ә.Нұрп. * Әсіресе, Эльвис Пресли десе шығарда жаны басқа. Ол кісі он шақты жыл бұрын өліп қапты. М.Қаб. * Әсіресе Жамалдың шығарға жаны басқа. Кешқұрым үйдегі ыдыстың бәрін тиеп, екеуі ауыз суға барып қайтты. Ә.Кек. * Оңабайдың десем, қызғанғаным — тұңғиық, терең ділінен тебіреніп айтып келе жатқан, артында қайда кетсе де, тіпті марғау кетсе де осындай шығарда жаны басқа жары қалған адамның арманы бар ма екен деген еді. Б.Қыд. * Дастарқан иесі жөн білетін жақсы жігіт сияқтанған. Бұл дегенде шығарда жаны басқасын қайтерсің! Ә.Нұрп. ~ Веттехник тері ішіне сабан тығып, тұлып жасап берген. Басқаны білмеймін, ал Зойканың әлгі тұлыптан шығарда жаны бөлек. Ж.Шағ.
ШЫҒАРЫП САЛДЫ
1.Үйіне шейін жеткізіп салды. ~ Сонымен бірге бұлаңдап бой жеткенімді де сезбеппін. Оны қолыма кәмелеттік аттестат алған күні түсіндім. Себебі сол күні мені тұңғыш рет үйіме жігіт шығарып салған. Ү.Жәл. ~ Жүсіптің тағы амалы құрып, әңгімесі тағы тиянақсыз қалды. Үнсіз налып, Ләзәтті үйіне дейін шығарып салды. Ләзәттікі — бақшадан шыға қалғандағы қарсы үй. Қақпа алдында тоқтап тұрып, қызды ақырын өзіне тартты. Б.Нұрж. 2. Жолға шығарып, аттандырып жіберді. ~ Рошальды шығарып сап тұрып «былай шыққасын ашып оқы», деп қолына хат ұстатты. Ә.Нұрп. ~ Тек ақылды бастық жұттан кейін ес жиған жаз келіп, жаздан кейін күз келгенде қарияларды үйіне қонаққа шақырып, рахметін айтып, сый–сияпатын беріп шығарып салыпты. Т.Әс.~ Түрікмен досы жүріске мықты, екі–үш күн бойы шабысынан бір танбайтын айғыр қашырын ерттеп дайындап қойды да, түннің бір мезгілін де Үстірт бағытындағы жолға шығарып салды. А.Өт. 3. Құтылуға асықты. ~ Қысқасы, қалтамнан суырып беретін пәтерім жоқ. Кешіріңіз, депті. “Мен енді қайда барамын?” депті жазушы ағамыз. “Жазушылар Одағының демалыс үйіне барыңыз. Ақылдасайық. Көрейік” деп шығарып салыпты Олжас. Т.Әс. ~ Шынжаңнан келген курсанттарды түгел өз жеріне қайтаратын болдық. Ереже осындай. Жоғарының бұйрығы да осы,– деді күліп отырып. Тағы да арқама қағып шығарып салды. Ж.Сәм.
ШЫҒАРЫП САЛМА (СӨЗ)
* – Сонда қалай, сіздерден сол үшін ақша ала ма, жауап беруге міндетті емес пе? – деп Новиков таңырқағандай болды. – Пара бермесе қарайтын түрлері жоқ, әшейін шығарып салма сөздер… С.Жүн. * Менің тілімді алсаң, сен кетпе!.. Бұл-шығарып салма сөз. Бұлардың әдісі белгілі. Манағы мен айтқан ауыл шаруашылық бөлімінің бастығына бар, — деді ақыл қосып. З.Шаш. * Екіншісі — досқа жақсы сөз, жарым ырыстың өзін қимайтын, азаматтық пікір айтатын сын сағатта шығарып салма құрғақ ақыл айтып құтылатын тар мінез. Т.Әсемқ.
ШЫБЫНДАҒАН ЖЫЛҚЫНЫҢ ҚҰЙРЫҒЫНДАЙ
* Күні бойы қалада шайханада шай ішіп, әңгіме шертеді; ауылға келсе, асына тойып алып, отбасына отырып шыбындаған жылқының құйрығындай тілдерін қамшылайды. Ж.Айм. * Аспаннан жауып тұр ма, жерден көтеріле ме – ұйтқыған ұп-ұсақ қиыршық қар шыбындаған аттың құйрығындай шып-шып бетті осып түседі. Т.Сәу. * Хамида жуан бір кітапты ала салып, екі жаққа кезек ұмтылған сайын, түбінен түйіп бос жіберген қолаң шашы шыбындаған құлынның құйрығындай шолтаң-шолтаң етеді. Т.Сәу.
ШЫҒАРЫП САЛМА СӨЗ
~ Көпшілігі осы Иван Кирилов секілді шығарып салма сөзге жетіліп алған аққаптал кеңсе қызметкерлерінің алдын көріп қайтқандарына мәз болады. Ә.Кек.
