Басын жарды. ~ — Жетті енді, мұндай жаман күлген сайын құтыра түседі. Айт айтатын болсаң, әйтпесе қазір шықшытыңды айырамын. С.Жүн.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ШЫЛБЫРЫНА ОРАЛДЫ (ЖАБЫСТЫ)
~ Алғашқы дауыс шыққанда үрейлене сыртқа шыққан Шегеннің бәйбішесі Табайды танып, жүгіріп келіп шалбырына оралады. Жалынып-жалпайып, аттан түсіріп, баласына кешірім сұратып, ат-тон айып төлейді. ҚАӘ. ~ Сорлы, сорлы-ай, ханда не шаруаң бар еді! — деді ол, әйелдің шылбырына жабысып, — сенің балаң өлді не, сенің өзің өлдің не, оған бәрі бір емес пе! І.Ес.
ШЫҚЫЛЫҚТАП КҮЛДІ
* Өзінің кіп-кішкентай қағылез денесі де құстай ұшуға жаралғандай еді. Зырқырап бара жатып, жалтақ-жалтақ қарап шықылықтап күледі. Ә.Нұрп. * Екеуі мәз болып, шықылықтап күліп, бір-бірін кезек қытықтап, әрі-беріден соң алыса бастады. Т.Ахт. * Одан кейін Кияку өзге сәбилер секілді емшек іздеп жылайтын болды, шықылықтап күлетін болды. Т.Әбд.
ШЫҒАНДАП ШЫҚТЫ
~ Алаң жақтағы көшеден: «Менің Қазақстанымдатқан!» әнмен қоса: «Ағалар, араша! Жазушы ағалар, қайдасыңдар! Бізбен бірге алаңға жүріңдер!» – деген ұл-қыздардың шығандап шыққан дауысы естілді. Т.Жұрт. ~ Орта қап қара қи, кәрі қойдың етімен Ерболды жөнелтпек боп отырған сараң үйдің есебі де айтыла келді. Дәл осы үйдің балалар турасында танытқан ит мінезіне арналған қатты мысқыл сөздер еңді шығандап шықты. М.Әу.
ШЫДАМЫ ЖЕТПЕДІ
Төзімі таусылды. * Не де болса алып-жұлып бара жатқан оқшау хабар болды. Әйтпесе бәйбішесі анада, айтатын сөзім бар еді деп арнайы кісі жібергенде, кейін сөйлесерміз деп, кідіртіп қоймап па еді. Енді, міне, бұдан әрі күтуге шыдамы жетпегендей, мынау ишара алманы жіберіп отыр. Ә.Кек. * Бұл оған қолын созып қайта шақырды. Ол сенер-сенбесін біле алмай, жасқаншақтай басып, қайта жақындап келеді. Бұл енді ол қашан қасына жақындап келгенше шыдамы жетпей тыпырши тосты. Жас жігіт жасқана басып, төсегінің қасына келді. Ә.Кек. // ДӘТІ ЖЕТПЕДІ
ШЫҒАННАН ШЫҚҚАН
Айрықша, жөні бөлек; елден ерек, әккі. ~ Қараөткелден келген бір келіншек бар осында, Кескіні онша шығаннан шыққан сұлу емес, бірақ, мінезі жібектей есіледі, әзілге судан жүйрік! Күйеуі момын жігіт көрінеді. Биі — келіншегі. С.Мұқ. * Тері — терсек жинап, ауылға келіп-кетіп жүретін. Әйімхан дейтін жақын жеңгем бар еді. Шығаннан шыққан жылпос. Қайдан тапқанын, сопы тауып алыпты. Б.Соқп. * Ертең алтыда соқсаңыз, қылмыстар тізбегіндегі осынау шығаннан шыққан шетін істің шын мәнінде қандай маңызы барын тіпті дәл қазірдің өзінде әлі айқын ұғына қоймағаныңызды дәлелдеп берер едім сізге. А.К.Дойл. (ауд.) * — Менің Қожашым тірі болса, ешкімнен кем болмайды. Өсе келе өзі-ақ түзеліп кетеді. Сабырбек нағашысына тартқан. Ол да жас кезінде осы секілді шығаннан шыққан сотанақ еді. Бұл қайта оқу оқып, мұғалімдерінің айтқанын орындап, кейде әтіншік боп жүр ғой. Б.Соқп. * Бұл ара кілең бір шығаннан шыққан сырқындылардың басы біріктірілген «құмырсқа илеуі» еді. Ғ.Біл.
ШЫҒАР ТАУЫҢ БЕЛГІЛІ
Қарымың, шамаң белгілі. * А, а… не, не?!.. Біреу құлағына әлденелерді айтып сандырақтады ма, біреулер Тастыбайға; «жерден шыққандай шіренбесеңші, сенің де шығар тауың белгілі ғой, біле-білсең осы топыраққа өлі-өлгенше қарыздарсың, қарыздарсың! Сен бізді неге жатырқайсың, а?!» деп өкпе-наздарын тұс-тұстан тықпалап жатқаннан сау ма?! Қ.Жиенб.
ШЫҒАРҒА ЖАНЫ БАСҚА (БӨЛЕК)
* Жан Жак Руссоны кұлдық ұрып пір тұтатын оның табиғат, орман, дала, хайуанат десе шығарға жаны басқа. Ә.Кек. ~ Ондайда қаралай өліп-өшіп, шығарға жаны басқа болып отырған ынтық қыздар іштей шыбын-шіркей боп аяса, қырғи келіншектер осынша нәресте бозбалаға бұрынғыдан бетер сұқтана түседі. Ә.Кек. ~ Сен менің көкемді білмейсің. Ондай адам аз. Көкемнің мен дегенде шығарда жаны басқа. С.Смат. ~ Оны осыған дайындаған да інісімен ымы- жымы бір, інісінен шығарда жаны басқа жан- апасы Кəмеш еді. З.Қаб. * — Рақмет, шырағым,- деді Қожекең кәдімгідей риза болып, — Құдайдың бұйрығы шығар. Шығарға жан бөлек болған соң, амал жоқ. Қайтейік… Т.Әбд. ~ Өлмеген шығар деп, сойыл тиген жерлерін қолыммен сипап көрдім. Бірақ құлақтан кеткен қанды көргенде күдерім үзіле бастады. Амал қанша, шығарға жаным-бөлек. Керегеге салып Өтеген екеуміз ауылға алып келдік. Т.Әбд.
ШЫҒАРҒА ӨР, КІРЕРГЕ КӨР ТАППАДЫ
* Қайың сауу қалың қазақ алғаш мың жеті жүз жиырма үшінші жылы қалмақтар шабуыл жасап, сүрен аттап, шұрқан салып, тұлымдыны тұл, айдарлыны құл етіп, қазақ шығарға өр, кірерге көр таппай, бет-бетіне тентіреп кеткенде болды. Б.Қыдырб.
ШЫҒАРДА (ШЫҒАРҒА) ЖАНЫ БАСҚА (БӨЛЕК)
Ықыласы ерекше. * – Несін айтасын, сал жігіт сен дегенде шығарда жаны басқа… – Иә! Иә, жаны басқа… Жаны басқа! Ә.Нұрп. * Әсіресе, Эльвис Пресли десе шығарда жаны басқа. Ол кісі он шақты жыл бұрын өліп қапты. М.Қаб. * Әсіресе Жамалдың шығарға жаны басқа. Кешқұрым үйдегі ыдыстың бәрін тиеп, екеуі ауыз суға барып қайтты. Ә.Кек. * Оңабайдың десем, қызғанғаным — тұңғиық, терең ділінен тебіреніп айтып келе жатқан, артында қайда кетсе де, тіпті марғау кетсе де осындай шығарда жаны басқа жары қалған адамның арманы бар ма екен деген еді. Б.Қыд. * Дастарқан иесі жөн білетін жақсы жігіт сияқтанған. Бұл дегенде шығарда жаны басқасын қайтерсің! Ә.Нұрп. ~ Веттехник тері ішіне сабан тығып, тұлып жасап берген. Басқаны білмеймін, ал Зойканың әлгі тұлыптан шығарда жаны бөлек. Ж.Шағ.
