Posted in

ШЫБЫНДАҒАН АТТАЙ (АТША, ЖЫЛҚЫША)

* – Мақұл, Ереке, мақұл. Тастай батырып, судай сіңіремін ғой, – деді шыбындаған аттай басын шұлғып. О.Бөк. * Ыбекеңнің отырысы, арақ ішкенде көзін жұмып нан иіскейтіні, жастыққа қисаймай тік отыратыны; облыстан келген уәкілдің шыбындаған ат құсап басып кекжең еткізіп, шашын кейін сілкитіні, шай үстінде темекі тартатыны, ішкен сайын қызарып келе жатқаны тағы сол сияқтылар әңгіме болды. Т.Әбд. * – Барайын, – дедім басымды шыбындаған ат¬ша шұлғып, – шын шақырсаң неге бармайм… барам. Ә.Асқ. * Мен шыбындаған аттай басты изеп-изеп жібергенмен, іштей пырс-пырс күлемін. Жоңышқаны жақсы көретін қасқа сиырға дауа жоқ. М.Қаб. * Мен бойымды тіктеп, сымдай тартыла түстім де, басымды шыбындаған атша шұлғыдым. Ә.Асқ. * — Әрине, құлыным, әрине!.. — Бұл шыбындаған жылқыдай бас шұлғи берген. Т.Сәу. * Біз сіздің айтқаныңызды бұлжытпай орындаймыз,-деді бадырақ көз Арқатай Есенович басын шыбындаған жылқыдай қайта — қайта шұлғып. С.Досан.

Posted in

ШЫБЫҚ ТИМЕЙ (ТИСЕ) ШЫҢҚ ЕТЕР

~ О кісі шахматқа әкесі өлгендей жан-тәнін салады, шаруасы шалқайса, кәдімгідей қызараңдап, шатақ шығарады — шақар… Әсіресе Елтай десе, шыбық тисе шыңқ етер; ол лауазымы төмен, оның ішінде өзіне күні түсетін қызметкерден опай-топай ұтылуды ар көреді. М.Қаб. ~ Мына сенің шыбық тимес шыңқ етер нақсүйерің құлағына тарыдай шыны тағып алыпты. Менің қатынымның үш алтын сырғасы бар. Ал, неғыласың? Ш.Мұр. ~ Ол кезде шыбық тимей шыңқ етер жалған қылығы есінде жоқ, енді бүгін ермектен адыра қалған арам етіне таяқ тілегенінен не пайда. Қ.Ысқ. ~ …Осы Оспанмен асыққа таласып, төбелесіп қалды. Шыбық тимес шынқ етер көк долы. Оспан баж-бұж етіп жеті атасына түсіп қиянаттаған. О.Бөк.

Posted in

ШЫБЫНДАҒАН ЕШКІДЕЙ

Жөн-жосықсыз қозғалақтап, тыным таппау; берекесі кету. * Ізет тіс жарған жоқ. Төребай тағы да шыбындаған ешкідей қыбыжықтай бастап:— Тек мына Керманы түспегір тиышталса екен‚ — деп бір қойды. Б.Алд. * Ентігіп отыр, бірақ күресіп жеңгеніне мәз боп отыр. — Ал, шыбындаған ешкідей шипыңдаған неме! Ғ.Мұс.

Posted in

ШЫБЫҚ ТИМЕС — ШЫҢҚ ЕТЕР, ҚАМЫС ТИМЕС — ҚАҢҚ ЕТЕР

~ Әйел көңіліне желік кірсе, әлдекіммен әуейіленсе тірек тапқаны, «сенің базарың тарқап», қызығың таусылғаны. Қатын ол кезде шыбық тимес — шыңқ етер, қамыс тимес — қаңқ етер» кінәмшіл, жаңа, бойына біткен жас сезімнің құлы. М.Сүн.

Posted in

ШЫБЫН-ШІРКЕЙ БОП БЕЗДІ

~ Ықсаным бірдеңе- бірдеңе деп ара түскендей күңкілдейді. Ә, қатынжанды жайрағыр! » — деп сабаумен салдым кеп. Ол да шыбын- шіркей боп безді. Содан екеуі менен қорқып екі күнге дейін үйге жолай алмай жүрді ғой. С.Мұр.

Posted in

ШЫБЫН (БИТ) ШАҚҚАН ҚҰРЛЫ КӨРМЕДІ (БОЛМАДЫ)

Елемеді, мән бермеді. * Қазақтың мұң-зарын шыбын шаққан құрлы көрмеген Жин Шурын үкіметі істі сұраусыз қалдырады. Ж.Шәкен * Әншейінде оның үйреншікті ауруын шыбын шаққан құрлы көрмейтін Жайынбай тобығына тобығын соғып сейфке қарай жүгірді. Е.Абдулла * Алдындағы азын-аулақ ұсақ пен жалғыз сиыр маңырап- мөңіреп колхоздың қорасына қарай айдалғанда шыбын шаққан құрлы көрмеген. Т.Сәу. * Кемпірден бұрын денесі күйіп- жанып, ұйықтай алмаған келіншек жаны жай таппай алағызып далаға шығып еді. Шымыр аязды шыбын шаққан құрлы көрмеді. Ү.Жәл. * Түбің түскір осы ұстамды мінезі құртты ғой Ақбергенді! Ұзақты күн ит пен мысықтай ырылдасып жатса, бұған да әйелдің кезекті сандырағы ғой деп сүлесоқтау ғана қолы бір сілтер еді, турасына көшкенде оны бит шаққан құрлы көрмес еді. Қ.Жиенб. * Қозы қарын қарадомалақ сөзінің шыбын шаққан құрлы әсері болмаған соң әркімге бір бағжаңдап қарай бастады. Ж.Шаштай.

Posted in

ШЫБЫН (МАСА) ШАҚҚАНДАЙ (ШАҚҚАН ҚҰРЛЫ) КӨРМЕДІ

~ Оған дейін уыт жайлаған тұстан басталған от бүкіл денесін орап алған еді. Жаңағы піспекті ол шыбын шаққандай да көрмеді. З.Төл. ~ Ыза қысты бойымды. Бұрын ондай қалжыңды шыбын шаққан құрлы көрмей дік-дік басып кете беруші едім. М.Қаб. ~ Келе сала, ал кеп әкемнің арқасына кішкентай жұдырығыммен түйгіштейін. Шыбын шаққан құрлы көрмейді. Ш. Мұр. ~ Таң атқалы айтқан көп сауалының неге ешқайсысына жауап бермейді? Неге мұның сөзін маса шаққандай көрмей бедірейіп тыңдайды. Ә.Кек. ~ — Өте түсінікті,— деді Әшір. Қотыр тілді, қырсықтау жігіт іліп түсті. Прораб оны маса шаққан құрлы көрмеді. М.Қаб.

Posted in

ШЫБЫН ЖАН

Тірлік көзі, өмір д.м. * Қиналдың-ау, шыбын жан, Тоқталсайшы, ыстық қан! Тұлпарға мініп бір шапсам, Болмас еді басқа арман! М.Жұм. * Талай мәрте ішіліп шырын қаным, Тайдай тулап есімде шыңғырғаным. Кереңдердің торына түсіп қалып, Шырылдаған торғайдай шыбын жаным. Р.Ниязб. * Ендеше оны тіршілікке ынтазаретіп қойған не нәсте? Ол не өзі? Шыбын… Оны… Тоқта, ол әлде шыбын жан ба? Шыбын‚ шыбын жан… Апырау, кеше ағасы да сол үшін не шатқалаңнан өтпеді? Б.Алд. * «Ә, солай ма екен? Әр тіршілік иесі үшін ең қымбаттысы – ол шыбын жаны емес пе еді?! Сол шыбын жанды аларда қабағыңды да шытпайтын едің ғой. Қалай екен, қандастарың қанша рет әрекетіңе қарсы тұрғанда тыңдадың ба? К.Сег.

Posted in

ШЫБЫН ЖАНЫ ҚАЛДЫ (ҚАЛМАДЫ)

~ Ақбілектің бедірейе қалғанын көрген соң, Ұрқия ойын бөлейін деп: — Сені аман-есен келеді деген тірі жан болған жоқ. Өзіміз күдер үзіп қойдық… Орыс шіркін өлтіріп тастады той деп ойладық: үлкен апамды көзіміз көрді ғой. Құдай сақтайын десе, қайда сақтамайды? Шыбын жаның қалған соң не керек, — деді. Ж.Айм. * Мешел тергеушіні ұрып түрмеге түсіп қалыпты деп естігенде шыбын жаны қалмады да алды- артына қарамастан сонау Ақсудан жаяу- жалпы ұшқан … Қ.Ысқ.