Есінен мүлде шығып кетті. * Екі көзі қыздарда боп жолды ойламаған Көкенай бұл маңда ескі тоғандардың сорабы барын тарс ұмытыпты. С.Сағ. * … соңғы жылдары тірнектеп жинаған азын-аулақ тиын-тебеніне ешкі сатып алайық, балалардың ерні аққа тисіндеген өзі еді. Енді сонысын тарса ұмытып, қабағынан қар жауып тұр. Б.Алд. * Содан көкең темір жұдырықтың зәбірін тарса ұмытты, қызыл жағалы жігіттерге әкелеп-көкелеп жүз елу сомды және санап берді. Д.Досж.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАРАЗЫДАН ЖЕДІ
Сатып алушыны алдап, тауардың салмағын дұрыс көрсетпей, пайда тапты. ~ Таразыдан жеп, халықтың еңбегін алдаған саудагер тасбақаның денесіне, күң жұмсап, құлды дүрелеп, еңбек ақысын бермей, өзі еңбекке қолдың ұшын да тигізбеген, жатыпішерлердің жанын Алла тағала аямайды. АҚ "Арпалыспен…" ~ Көне Мысырдың "Марқұмдар кітабында" мынандай жазулар бар екен: « Мен ағын суды бөгемедім. – Мен ешкімді өлтірген жоқпын. – Мен таразыдан жеген жоқпын. – Мен әлсіздерді жәбірлемедім. –Мен ешкімнің көз жасына қалмадым». Осы өлшеммен келгенде, қазір бізде қалай? Ш.Мұр.
ТАРС ЕСІНЕН ШЫҚТЫ
Оқыстан ұмытып қалды. ~ Қазан суытып жібермек боп қойған. Қыздың әлегімен жүріп тарс есінен шығып кетіпті. «қайырымсыздар- ай, біреуі босата салса қайтеді екен! С,Ас. * Қазақ шіркін өрістен мал қайтып, ауылы азан-қазан болып кететін сол апақ-сапақта аңдыған қатынын, қорыған қызын тарс есінен шығарып, сиырын байлап, қойын қоралап, жылқысын тұсап, отпен жағаласып, ошақпен алысып, сіңбіруге мұршасы келмей кетеді емес пе. Н.Дәут. * … Қазір мына кісімсіп отырған немеге сәл ыңғай танытшы, өкімет деп өбектегені тарс есінен шығып, екі қара санының арасына қарай ұмтылсын. Н.Дәут. ~ Сол сеніммен аруақтап ауруханаға кірген діндей- діндей жиырма жігітті көрген медсестра қыз кірмеу керектігі, үзіліс екендігі тарс есінен шығып, есікті қарсы алдымыздан қалай кенінен ашып тұра қалғанын анық аңғармай қалды. М.Қаб.
ТАРАЗЫСЫ ТЕҢ
Шамасы, дәрежесі бірдей. ~ Дегендей, тосу келді енді. Партия беріп басшылық Кедейлер жеке меңгерді. Байға жасап шабуыл, Таразысы тең келді. Ә.Тәж. ~ Таразысы тең келді талғамымның, Е, Қудай бақытты ет деп жалынамын. Қырандай қанат жайып ұмтыламын, Бақ іздеп биік шыңның асқарынан. Ә.Пош.
ТАРС ЕТТІ
Оқыстан шыққан дыбыс. ~ Тарс еткен дауыстан есін жиған жігіт оң жақтағы түймешені байқап, жұдырығымен періп қалды. С.Досж. ~ Тарс еткен мылтық дауысымен жарыса, Досжанның қатарында келе жатқан қара сұр атты жігіт, қардың үстіне далаң ете түсті. Т.Рыск.
ТАРАЛҒЫҒА ТАЛАСТЫ
Жөнсіз салғыласу, таласу туралы. ~ Еліктегіштік қасиет ерімізден әлі де түспей, таралғыға таласып, құйысқанға қыстырылып келеді. Ө.Орал.
ТАРС ЖАРЫЛДЫ
Оқыстан ашу шақырып, долданды. ~ — Дядя Ваня, мен бара алмаймын. Ит ұрламаймын… — деп, бұл да тарс жарылып, қарсы кеп қалған. — Е- хе! — Иван таңырқай қарады. — Сен не оттап тұрсың?! Иттен туып, іннен шыққан хайуан! Өлексе… — деп Ваня- кочегарды ыза буды А.Алт.
ТАРАЛҒЫДАЙ ТАРТЫЛҒАН
Әбден ысылған, жинақы. ~ Өткелшінің сұқты көзі өзіне бөлекше қадалғанынан қаймықты ма, әлде жасы үлкен әріптесінің бейтаныс жанға жылы шырай танытып қалбалақтағанда өзінің үнсіз, елемей қойғанын әбестік көрді ме — сары жігіт те созалаңдай көтеріліп, ерін емеурінін білдірді. Өзі ұзын бойлы, таралғыдай тартылған жігіт екен. М.Сүн.
ТАРТ ТІЛІҢДІ!
Аузыңды жап, үніңді шығарма. * — Әй, шошқа! Тарт тіліңді Мен сені өліп кетсем де жібермеймін! Сені жіберіп, менің басым екеу емесі Күшті болсаң бар ана Нұрәліге! Б.Соқп. * Мен арасына өзімнің пайдама шешілетін бірнеше оқиғалар қосып,шөп басында болған жағдайды баяндап бердім. Мәселен, басқарманың «тарт тіліңді» деп жетіп келетін жерінде, керісінше, мен жетіп барған болып шықтым. Т.Әбд. * Басқарма атын тебіне түсіп еді, мен жерден шыбыртқымды алдым. Бірақ ол менен қорыққан жоқ. – Тарт тіліңді — ден қамшысының тобылғы сабымен кеудемнен нұқып жіберді. Т.Әбд.
ТАПҚАНЫ ЖҰТҚАНЫНА ЖЕТТІ
Тапқан-таянғаны күн көрісіне жетті. * Оның бар тілегі: мынау қоңыр төбел тірлігінің бұзылмауы, аспанын бұлт торламауы, бейбіт болуы, тапқаны жұтқанына жетуі, ешкімге көз алартпай, ешкімнің көз алартқанын да көрмей екі ұлын екі үй ғып шығарып, жарық дүниенің маңдайға жазған ырыс- несібесін теріп жеу еді. С.См.
