Posted in

ТАНЫМАҒАН ПЕРІШТЕДЕН БОЙ ҮЙРЕНГЕН САЙТАН АРТЫҚ

Белгісіз нәрсе, бейтаныс адамнан сыры белгілі ескі таныс артық. * Ал біздің шала молдамыз жылы-жұмсаққа тұмсығы тиген соң, ық іздейді. «Таннымаған періштеден бой үйренген сайтан артық». Көз үйренген ел оның білімімен санасып жатпайды. Қ.Тол.

Posted in

ТАҢ САЗ (СЫЗ) БЕРДІ

Айнала сәл бозғылт тартқан кез. ~ Бекең таң саз бергеннен ымырт үйірілгенше осы егіндіктерді аралайды. С.Мұр. ~ Ай батыс аспанға қарай жантайып, сәулесі солғын тартыпты. Шығыстан таң саз беріпті. С.Елу. ~ «Енді қайтпек керек?» Дөңбекшумен жатқанда таң саз беріп, үңгір ішіне ақшарбы сәуле себілген. К.Сег. * Таң сыз бере шаhар шетіне іліккен. Әр жерде топ-топ боп қарауытқан күзет. Т.Сәу.

Posted in

ТАҢ-ТАМАША БОЛДЫ

Қатты таңданды. * – Балам, сен әуре болма, – деп қабағын қарс түйіп алды. – Мен Әжімбетке бармаймын. Одан да… Қалқан құлақ баланың аузы шапшаң екен: – Неге бармайсыз? – деп, таң-тамаша болды. О.Сәрс. ~ Мұнда тек таңғажайып сұлулық бейнеленіпті. Оның тұп-тұнық, бір түйір көмірдей қап-қара қарашығы мынау дүниеге, ондағы сан-қилы құбылыстар мен адамдардың тіршілігіне таң-тамаша боп қарай қалған. Д.Ис.

Posted in

ТАҢ САРҒАЯ

Таң қылаң бергенде. ~ Диқаншы егіске таң сәріден кетіп, ымыртта қайтады, тез тамағын ішіп бола сала ұйқыға кетеді. Ертең таң сарғая тағы жұмысқа бару керек… А.Байт. ~ Қаралы түн өте шықты. Таң сарғая теңселе қимылдаған екеуі баланы жер қойнына тапсырып, жас топырақты бүре уыстап отырып қалды. С.См. ~ Кейде толған айдың жаһүт нұрына еркелей жусап жатқан мың-миллион тұз тағысы жер қайысқан қалың қолды елестетер, сонсоң таң сарғая, тау жазирасын қақжарып, жұбын жазбастан өрер… О.Бөк.

Posted in

ТАҢ АҒАРДЫ

Күннің алғашқы жарығы сәуле шаша бастады. * Таң ағарғанша тапжылмастан отырып мен Меңтай дәптерінен мыналарды оқып шықтым. Ә.Нұрш.~ Мен кейде алдымдағы қыздың қарасынан көз жазбай, кейде ат тұяғының дүбіріне ілесіп, қалмай отырып, таң ағарып ата бергенде таяп та қалып едім. Ж.Сәм.

Posted in

ТАҢ САРҒАЯ (САРҒАЙЫП) АТТЫ

Жерге жарық түсе бастады. ~ Таң сарғайып атқанда, Моллалар азан айтқанда, Сайын сынды батырдың Желкесі жерге тақ етті; Маңдайы күнге жарқ етті. А.Байт. ("Ер Сайын") ~ Хан Манас сырын айтайын, Қасиетті жан екен. Таң сарғайып атарда, Ұлы судың жиегінде, Тұла бойын тазалап, Етігі жоқ аяқта, Жарағы жоқ үстінде, Жалаң шапан жамылып… "Манас". ~ Таласты бетке алып, талай күн тынбай жол жүрген қырғыз қосыны Ермендінің жонында, Ашмаралдың бойында, таң сарғайып атқанда Алмамбеттің сүйегін жүктеген Сарала тұлпарды көреді. Б.Әл. ("Манас") ~ Олар таң сарғайып ата бере орындарынан қозғалып дем алуға ыңғайланды. С.Ғаб.

Posted in

ТАҢ АЙЫРДЫ

Бұтын керді; жанын салды, тыраштанды,~ Сері көңіл серік қылса, үкілі домбыра, жүйрік ат, құмай тазы емес пе ер жігіттің жұлдызын жарқырата түсетін. «Ұшар» десе құлағы елең етпейтін кім бар еді. Таң айырып тырағайлаған талай көкжалды тірсектен іліп, тырапай асырған құмайдың ендігі түрі мынау, жұдырықтай қоянға қауқары жетпей қансорпа. Т.Сәу. ~ Ендеше алты жыл бойы бұл Қалдыбайды алдап келіпті. Алты жылда оқта-текте болсын өзінің таңын айырған дирижерді есіне үнемі алғаны да рас. Н.Дәу.

Posted in

ТАҢ СӘРІДЕН

Тым ерте, таң қылаң бергеннен. ~ Таң сәрідегі тәтті ұйқысын аша алмай мамық төсекте маужырап жатқан жас мырза салқын самал соққанда тұла бойы түп–түгел сергіп қоя беретін. Ә.Нұрп. ~ Шаймерген аттанып бара жатқан ұзақ сапарынан тоқталып, Қарамергенді үйіне алып барды. Шаймерген таң сәріден тұрды да, есектерін жегіп, орманға отынға кетті. М.Әбдіх. ~ Рақия бүгін таң сәріден тұрды да, Құрманбекке: – Бейсенбі күні папаңның қабірін көруге аттанамыз,– деді. Құрманбек сөз қайырған жоқ. Мақұлдап басын изеді. Ә.Тар.

Posted in

ТАҢ АЛАКЕУІМ

Елең-алаң, таң сібірлеген кез. ~ Ертесіне таң алакеуімнен Қарықбол мен Ақбата буыныптүйініп жолға шықты. Қолдарында тамақ ораған түйіншек, шие теретін қауашақ құтысы бар. ҚЕ. ~ Сен ертең азанмен ханға барып сәлем бер. Келгеніңді баян ет. Саған не айтады, не тапсырады, бұлжытпай, ұмытпай маған баян ет, – дейді. Бала таң алакеуіммен ханның ордасына аяндайды. ҚЕ. * Айтуар "ауруханадан ертең шығасың, шетелге, Хьюстондағы жүрек клиникасына жол аласың" деген күні таң алакеуімнен оянды. Д.Досж. * Бірінші тоқсанды аяқтаған әкпелері үйге келгелі абыр-сабырмен кеш жатып жүрген Бекен таң алакеуімде шошып оянған. С.Әбек. * Таң алакеуімнен, торғайдан бұрын оянып, есеп шығарып, миы шайқалғандай болып қатты шаршаған кезде — Гетенің "Фауст" кітабын ала сап парақтап, бұрын да пәленбай рет оқыған тұстарға қайыра көз жүгіртіп, аш күзенше бүгіліп отырғанына жөн болсын-ай! Д.Досж. * Шаланин таң алакеуімде оянады да, төсегінде жатқан күйі тумбочкасына қол созып, салдырлатып сипалай бастайды. Ғ.Қаб. * Сәске түс деп шамалағаны таң алакеуімгі мезгіл екен. Д.Досж.

Posted in

ТАҢ СІБІРЛЕДІ

Таң құланиектеніп ағарды, қылаң берді. ~ Талай түндерде көзден емес, жүректен ыстық жас төкті. Сопы болды, ылғи дәрет алып, таза жүрді, намаз оқыды. Күн сайын таң сібірлеп келе жатқанда-ақ тұрып, сәждеге құлады, таспиғын санап, «сұбханалла» айтты. Бірақ бала болмады. М.Жұм. * Таң сібірлей бере кемпір-шалдар үйді-үйіне тарап жатты; ұйқысы келген жас балалар да кетті. Ә.Шәр. ~ Таң сібірлеп атып келеді. Түрулі тұрған түндіктен себезгілеп жарық сәуле шашырады. Д.Рам.