Түні бойы тыным таппады, ұйқы көрмеді. ~ Ауылды алатайдай бүлдіретін алаңғасар тентек ұлдардың тобына қосыл май, әкесінің қанжығасындағы жанторсығы секілді, таңды таңға ұрып, бір елі қалмай ере беретін. О.Бөк. ~ Аққойында театр, кино, парк, концерт көрмей, таңды-таңға ұрып, қой баққан жастардың күнін айтыңыз! М.Қаб. ~ Айналайын, кеудесі алтын сандықкәрілер, Бөкенің әңгімесін таңды-таңға жалғап жыр қылатын. Ж.Шәк.~ Жетеді! – деді Рахаң. – Бұдан әріге денсаулық көтермейді. Баяғыдай таңды таңға асырған күндер адыра қалды. Ә.Асқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАҢДАЙҒА ТАТТЫ
Дәмін сезерліктей ғана азғана тағам туралы. * Ағын таңдайға татып отырған жалғыз сиырды бүгін базарға әкелдім. Айдалаға шашып жүрген малым жоқ. Көнсең көндің, көнбесең өзім барып әкеп берем. Н.Сер. ~ Көңірсітіп ас пісірмей, таңдайға татырын майданға, жауды талқандап жатқан ерлерге деп ауыздарынан жырып жіберіп отырған ел емес пе: иіс шыққан жаққа таңдана қарап, қатты елеңдесетін ғой. М.Сүн.
ТАҢДАЙЫН БАСТЫ
Бала шошығанда таңдайына саусақ басу ырымы. ~ Артынан шапшы. Жеткен мезет таңдайын басып, үйге келгесін ұшықтап жіберіңдер, — деп Сатай Битабарға қарады. Қ.Түм. ~ Әжесі енді дауысын жұмсартып, мейірлене сөйледі. — Жаным-ау, түсіңнен шошығансың ба, таңдайыңды басайыншы. Үрейлі сөздерді айтасың қаршадай болып. Неге терлеп кеткенсің? Ж.Шағ.
ТАҢҚЫ МҰРЫН
Жалпиған, келте танау. ~ Ақбілек жаңа шешесіне көз қырын салды. Көзі тікшиген, жұқа қабық қаймақ ерін, таңқы мұрын, тымырайған, қайқаңдау, қара сұр адам екен Ж.Айм.~ Жастыққа басы тиер тиместе таңқы мұрны пысылдап ұйқыға кеткенін өзі де сезбей қалады. Ә.Тар. ~ Маржан күйеуіне тыжырынып, қайқы ернін дүрдите қарады. Шұңғыл қара көзі сықсиып, ортасы бәсеңдеу келген таңқы мұрыны кеберси қапты. Р.Рай.
ТАҢ АЙЫРДЫ
Бұтын керді; жанын салды, тыраштанды,~ Сері көңіл серік қылса, үкілі домбыра, жүйрік ат, құмай тазы емес пе ер жігіттің жұлдызын жарқырата түсетін. «Ұшар» десе құлағы елең етпейтін кім бар еді. Таң айырып тырағайлаған талай көкжалды тірсектен іліп, тырапай асырған құмайдың ендігі түрі мынау, жұдырықтай қоянға қауқары жетпей қансорпа. Т.Сәу. ~ Ендеше алты жыл бойы бұл Қалдыбайды алдап келіпті. Алты жылда оқта-текте болсын өзінің таңын айырған дирижерді есіне үнемі алғаны да рас. Н.Дәу.
ТАҢ СӘРІДЕН
Тым ерте, таң қылаң бергеннен. ~ Таң сәрідегі тәтті ұйқысын аша алмай мамық төсекте маужырап жатқан жас мырза салқын самал соққанда тұла бойы түп–түгел сергіп қоя беретін. Ә.Нұрп. ~ Шаймерген аттанып бара жатқан ұзақ сапарынан тоқталып, Қарамергенді үйіне алып барды. Шаймерген таң сәріден тұрды да, есектерін жегіп, орманға отынға кетті. М.Әбдіх. ~ Рақия бүгін таң сәріден тұрды да, Құрманбекке: – Бейсенбі күні папаңның қабірін көруге аттанамыз,– деді. Құрманбек сөз қайырған жоқ. Мақұлдап басын изеді. Ә.Тар.
ТАҢ АЛАКЕУІМ
Елең-алаң, таң сібірлеген кез. ~ Ертесіне таң алакеуімнен Қарықбол мен Ақбата буыныптүйініп жолға шықты. Қолдарында тамақ ораған түйіншек, шие теретін қауашақ құтысы бар. ҚЕ. ~ Сен ертең азанмен ханға барып сәлем бер. Келгеніңді баян ет. Саған не айтады, не тапсырады, бұлжытпай, ұмытпай маған баян ет, – дейді. Бала таң алакеуіммен ханның ордасына аяндайды. ҚЕ. * Айтуар "ауруханадан ертең шығасың, шетелге, Хьюстондағы жүрек клиникасына жол аласың" деген күні таң алакеуімнен оянды. Д.Досж. * Бірінші тоқсанды аяқтаған әкпелері үйге келгелі абыр-сабырмен кеш жатып жүрген Бекен таң алакеуімде шошып оянған. С.Әбек. * Таң алакеуімнен, торғайдан бұрын оянып, есеп шығарып, миы шайқалғандай болып қатты шаршаған кезде — Гетенің "Фауст" кітабын ала сап парақтап, бұрын да пәленбай рет оқыған тұстарға қайыра көз жүгіртіп, аш күзенше бүгіліп отырғанына жөн болсын-ай! Д.Досж. * Шаланин таң алакеуімде оянады да, төсегінде жатқан күйі тумбочкасына қол созып, салдырлатып сипалай бастайды. Ғ.Қаб. * Сәске түс деп шамалағаны таң алакеуімгі мезгіл екен. Д.Досж.
ТАҢ СІБІРЛЕДІ
Таң құланиектеніп ағарды, қылаң берді. ~ Талай түндерде көзден емес, жүректен ыстық жас төкті. Сопы болды, ылғи дәрет алып, таза жүрді, намаз оқыды. Күн сайын таң сібірлеп келе жатқанда-ақ тұрып, сәждеге құлады, таспиғын санап, «сұбханалла» айтты. Бірақ бала болмады. М.Жұм. * Таң сібірлей бере кемпір-шалдар үйді-үйіне тарап жатты; ұйқысы келген жас балалар да кетті. Ә.Шәр. ~ Таң сібірлеп атып келеді. Түрулі тұрған түндіктен себезгілеп жарық сәуле шашырады. Д.Рам.
ТАҢ АСЫРДЫ
Атты таң атқанша қаңтарулы қойып, суытты; баптап күтті. * Мінген аттарыңды таң асырыңдар, қызыл май болып қалады, – деді Бөлен. Ә.Шәр. * Ауыл Сарысуда. Түнде бір жақтан жолаушылап келіп, аттарды таң асырып жібергенмін. Б.Тоғ. * Құдалардың келу қарсаңына бозбалалар да дәмелі аттарын таң асырып, ер тоқымын, айыл-тұрманын түзеп, қам қылысты. Ж.Айм.
ТАҢ СЫЗАТ БЕРДІ (АТТЫ, АЛДЫ)
Таң бцліне бастады, таң қылаң берді. * Дәл қазір бір жағымыз су — асты бұлт, бірақ бұлт астынан ел-ел көрінеді. Таң сызат атып келіп, қазір көк сәуле молайды. М.Әу. ~ Сөйтіп, таң атқанша берік қораның ішінде дүрілдесті. Таң сызат бергенде, киім — кешектерін арқаласып, қақпадан шұбап жігіттер шығып кетті. І.Жанс. ~ Таң сызат бере дәрет сындырмақ болып, түзге шықса, таң асырып қойған қорадағы биенің жоқ екенін көреді. С.Жүс. ~ Сатандар шилі апаннан аттанып, Мардандардан айырылған соң екі күн бір түн жолда жүрді. Соңғы түні, түні бойы тынбай жүріп келіп, таң сызат алғанда Қоянды жәрмеңкесінен асып, Жартастың бастауы деген жерге келіп, көліктің белін босатысты. І.Жанс. .
