Posted in

ТАҚЫМЫ КЕППЕДІ

Ат үстінен түспеді. ~ Ошаққа итініп отырам деп ойлап па. Ес білгелі тақымы кеппеген байғұс ат үстінде өлетін шығармын деуші еді. Көңілді көншітіп бір тоғайтпаған жайдақ тірліктің бір сәтте- ақ жаяу тастап кетуі боқтан оңай екен… Қ.Ысқ.

Posted in

ТАҚЫМҒА АЛДЫ

Икемге келтірді, ыңғайлады. ~ Тұлпарын тәуекелдің тақымға алып Алдына ақбоз үйдің жақындадық. Екінің бірі шыдар, ер болса да, Енуге есігінен батыл барып! И.Сап. ~ Рас, ұлым айтылған сөз оқпен тең, Бір кезде мен Махамбетті жек көргем. Әлде кемшін шағым ба еді ол ақылға?! Пенделік қой алған мені тақымға. М.Шах.

Posted in

ТАҚЫМЫ КЕППЕС (КЕППЕГЕН) ҰРЫ

Ұрлық-қарлық жасаудан бір тынбайтын кәнігі ұры. ~ Тақымы кеппес – ұры едің, Түн қатып жайыңа жүр едің. Қабанбайдан бұрын найзаңды. Қай жерде жауға тіредің?! Бұқар жырау. ~ Қонақ шал оларға көз қиығын тастап жымиып қояды; бұл өзі осы өңірге сонау колхоздасу тұсында келген кірме. Жасында тақымы терден кеппеген ұры бопты дейді. Анау-мынау кісінің аяғы жетпейтін қиян қашықта жатқан Қара-қалпақ, түркпен еліне қасына кісі ертпей, жалғыз жортыпты деседі. Ә.Нұрп.

Posted in

ТАҚЫМҒА БАСАР

Мінетін, менішігіне тиген (не болашақта тиетін) ат туралы. ~ Ел не дейді? Жұрт жайы қалай, оны тегінде, Құнанбай балалары ойлауды ұмытқан. Олар болыстықты өздеріне ортақ, төл аты деп білетін. Бүгін біреуі иемденіп жүргенімен, өзге Құнанбай балалары «ертеңгі күні өзімнің де тақымға басарым» деп қарайтын. М.Әу. ~ Тік көтеріліп өре тұрар кешегі ереуілдеген қайратым жоқ. Тақымға басар тулақ бітпеген бүгінгі жоқ– жітік халім қол байлайды. С.См.

Posted in

ТАҚЫМЫ ҚАТТЫ

Әлеуетті, мықты, қауқары мол.. ~ Қатыгез тағдыр кімді аяп еді? Бұның өзі де додаға тастаған лақтай әлдебір аты мықты, тақымы қатты тентектің қанжығасында бөктергіде кете баратындай қорқып, түптің түбінде басына төнер бір зауалды тосуда еді ғой; мектепте жүргенде тағдырының бір ұшы тарихтан сабақ беретін шыныкөз ағайдың қолында тұрғандай көрінді… Ә.Нұрп.

Posted in

ТАҚЫМҒА ҚЫЛБҰРАУ ТҮСТІ (САЛДЫ)

Қиындыққа тап болды, ажал аузына тақады. ~ Мойынға түскен жіп тұзақ үміт пен арман атты қос ғашықты әлпеншегінде тербетіп, қылқындыра тұншықтырады. Тақымға түскен қылбұрау бунап шыңғыртады. Безілдетіп бебеу қақтырған ашты толғақ қыстығады. Ғ.Біл. ~ Алайда, «Япыр-ай, қалай болар екен, өңшең сен тұр, мен атайын қызыл көз пәлелер тақымға қылбұрау салатын шығар» деп ине ұшында қылпылдап келген. Т. Сәу.

Posted in

ТАҚЫМЫ ҚҰТТЫ

Отырған аты жүлделі келетін, жолы болғыш шабандоз д.м. ~ Бәйгеге қосар болса Ақан атын, Мінгізіп бұл баланы апаратын. Тақымы жетімектің құтты болып, Құлагер қосқан сайын бәйге алатын. І.Жан. ~ Қай баланы мінгіземіз? — деді Нарғазы. — Аттарды «тым алыстан жібереді екен» деп жүр ғой. Көн терілеу бала болса жарар еді. — Ақылжанның өзі шапсын. Тақымы құтты, әрі Құдайторымен сыр мінез, әрі атқа жеңіл. К.Қаз. ~ Үстіндегі бала артына әлсін-әлсін қарай береді. Қара үзіп кеткеніне арқаланғандай. Нарғазы жылап жіберді, қуанғанда да адам көз жасын ұстай алмайды ғой. «Қолтығына біткен қанатыңнан, тақымы құтты Шелпегімнен» деп жылайды. К.Қаз.

Posted in

ТАЙПАЛҒАН ЖОРҒА

Үстіне су шайқалмас, төрт аяғын тең басқан жорға. ~ Басындағы кәмшат бөріктің шоғын үйірілте, сырғыған сүр жорғасының қайықтай есе тайпалған жорғасымен алға түсе Зүфнүн шыққанда, жігіттер тобынан Садырбек ауылынан әдейі арнап әкеліп берген қарагер жорғамен Мұхтар, желіскер қарагермен Мұқаметқали бастаған жігіттер қатарласа әзілдесе жүйткітті. С.Бег. ~ Тайғақ жолда тайпалған жорға артын боратып, алдын желдетіп, сынапша ағып келеді. Ғ. Мұст. ~ Оларға ерген Қарқаралының орысша оқыған қыздары Зүфнүн Ыбырай қызы бастаған бір топ жас қыздар еді. Олар да қаза аулының бойжеткен қыздарының сәнді киімін киіп, кәмшат бөріктерінің үкісін үйірілте бұлғақтатып, тайпалған жорғамен шықты. С.Бег. * Адамға ақыл алпыс жасында келеді деуші еді, сенің арқаңда тайраңдадық, тайпалған жорға міндік, майды майға құйдық. О.Бөк.

Posted in

ТАҚТАН ТҮСТІ (ҚҰЛАДЫ, ТАЙДЫ)

Патша, хан, ел билеуші билігінен айырылды. ~ Пері патшасы тақтан түсіп, Болатханның қасына келіп бетін ашып, қанаты мен сипап өтті. Ж.Шәк. ~ Он жетінші жылғы революция, патшаның тақтан құлауы, болашақ коммунизм заманы туралы Сағатбай майын тамызып айтады. Б.Соқ. ~ Ат үстінен бәрін көріп тұрған Сарыбала біріне түсінген жоқ. Патша тағынан қалай тайды? Тайдырған кім? Патшадан мықты да болғаны ма?! Сол мықтыны көрсем! деген құмарлықпен келе жатып, Пақрейдікіне атының басы тірелгенін бір-ақ білді бала. Ғ.Мұст ~ Аязы әлі қайта қоймаған ақпанның аяғына қарай, қалаға қатынаған кірешілер: «Николай тақтан құлапты, елді енді Уақытша үкімет басқаратын болыпты», «барша халықтарға теңдік, саяси тұтқындарға бостандық жарияланыпты» деген хабарды құм ішіндегі елге лезде жеткізген. Б.Тоғ. ~ Уезд орталығы Қапалға соңғы барғанында Әкімбек патшаның тақтан тайғанын, елді енді қос өкімет билеп тұрғанын өз құлағымен естіген. Б.Тоғ.

Posted in

ТАЙЫНШАСЫ ЖАРАСПАДЫ

Тұзы жараспады, ерлі-зайыптылық өмірі ұзаққа бармады. ~ Ақыры октябрь айында Қызылжалауда тұратын Құрбанкүл Асанбаеваға үйленіп, бұл заңды некесін санағанда жетінші әйелі екен. Онымен де тайыншасы жараспай, құр құйысқаны босап, қырқылжыңы, кикілжіңі біліне бастапты. Б.Қыд.