Posted in

ТАҚЫМҒА (ТАҚЫМЫНА) БАСТЫ

1.Атқа отырды. ~ Тәтті ұйқыда жатып, түс көрді ол. Баяғы жас кезі екен дейді. Осы Айнабұлақтағы ауылдан шығып, бұл бір жаққа кетіп бара жатқандай. Астында ақжал жирен аты бар. Тай күнінен тақымына басқан өзінің Ақжалы… Қ.Жұм. * Шақыртып алып, зоотехниктің маңдайына біткен жалғыз жорғасын бұның тақымына басқаны. Д.Әш. ~ Көкпаршылардың кебежедей біреуі серкені тақымға басып алып, додадан сытылып шығып оқшаулана бергенде, арындап тұрған Бәйгеторы ала кеп жөнелген. Қ.Найм. 2. Иемденіп кетті. * – Биыл жазда Әзімбайдың бәйгекер ат дейтін, тақымына басқан дей ме, бір аты жоғалыпты. Сұрау салып, айналаны шалып, бірде-бір дерек таппай қояды. М.Әу. * Бір күні қалаға мал айдамақшы болып, ылғи Телеш пен Кенженің тақымына басқан аттарын сатпақшы болды ғой. М.Әу. ~ Қырдың басында жайылып жүрген Бәйгеторыдан көз алмай тұрған шал: — Не сөз бар, қалағандарың болсын, — деген. Сайланып келген жігіттер қоя ма, әп- сәтте серкені тақымға басып кете барған. Қ.Найм. ~ Сан бәйгеден, Сан жорықтан сыналған, Суын тектес тұлпарды тақымға басып құмардан Шығу дегенің, Шығу дегенің, шіркін-ай, Исі түркменге, исі қазаққа бір арман. А.Өт.

Posted in

ТАҚЫМЫ ЖЫЛТЫЛДАДЫ (ЖЫЛТЫРАДЫ)

1) Киерге киім таппай, жыртық-жамау киіммен жүрді. * Бұ да тақымы жылтылдаған кедейдің баласы екен. Ғ.Мүс. * Тақымы жылтырап жүретін Күсен бүгін қоңданып қалды. Ғ.Мүс. 2) Сән үшін ашық-шашық киіммен жалаңаш етін көрсете жүрді. * Көгілдір экранда тақымы жылтылдаған, бөксесі бұлтылдаған, абыройын ашқан арсыздар, жалба шаш сайтандар көбейіп барады. БАҚ

Posted in

ТАҚЫМҒА АЛҒАШ ТҮСТІ

Үйретілмеген, үстіне жан мініп көрмеген, асау жылқы туралы. ~ Жылқыны көре келген үлкендер тақымға алғаш түсіп, мөңкіп жүрген қыл құйрықтардың құлқын бақылап, қайсысынан жорға, қайсысынан жортақ, қайсысынан тұлпар, қайсысынан тұғыр шығатынын топшылайды. Ә.Кек.

Posted in

ТАҚЫМЫ КЕППЕДІ

Ат үстінен түспеді. ~ Ошаққа итініп отырам деп ойлап па. Ес білгелі тақымы кеппеген байғұс ат үстінде өлетін шығармын деуші еді. Көңілді көншітіп бір тоғайтпаған жайдақ тірліктің бір сәтте- ақ жаяу тастап кетуі боқтан оңай екен… Қ.Ысқ.

Posted in

ТАҚЫМҒА АЛДЫ

Икемге келтірді, ыңғайлады. ~ Тұлпарын тәуекелдің тақымға алып Алдына ақбоз үйдің жақындадық. Екінің бірі шыдар, ер болса да, Енуге есігінен батыл барып! И.Сап. ~ Рас, ұлым айтылған сөз оқпен тең, Бір кезде мен Махамбетті жек көргем. Әлде кемшін шағым ба еді ол ақылға?! Пенделік қой алған мені тақымға. М.Шах.

Posted in

ТАҚЫМЫ КЕППЕС (КЕППЕГЕН) ҰРЫ

Ұрлық-қарлық жасаудан бір тынбайтын кәнігі ұры. ~ Тақымы кеппес – ұры едің, Түн қатып жайыңа жүр едің. Қабанбайдан бұрын найзаңды. Қай жерде жауға тіредің?! Бұқар жырау. ~ Қонақ шал оларға көз қиығын тастап жымиып қояды; бұл өзі осы өңірге сонау колхоздасу тұсында келген кірме. Жасында тақымы терден кеппеген ұры бопты дейді. Анау-мынау кісінің аяғы жетпейтін қиян қашықта жатқан Қара-қалпақ, түркпен еліне қасына кісі ертпей, жалғыз жортыпты деседі. Ә.Нұрп.

Posted in

ТАҚЫМҒА БАСАР

Мінетін, менішігіне тиген (не болашақта тиетін) ат туралы. ~ Ел не дейді? Жұрт жайы қалай, оны тегінде, Құнанбай балалары ойлауды ұмытқан. Олар болыстықты өздеріне ортақ, төл аты деп білетін. Бүгін біреуі иемденіп жүргенімен, өзге Құнанбай балалары «ертеңгі күні өзімнің де тақымға басарым» деп қарайтын. М.Әу. ~ Тік көтеріліп өре тұрар кешегі ереуілдеген қайратым жоқ. Тақымға басар тулақ бітпеген бүгінгі жоқ– жітік халім қол байлайды. С.См.

Posted in

ТАҚЫМЫ ҚАТТЫ

Әлеуетті, мықты, қауқары мол.. ~ Қатыгез тағдыр кімді аяп еді? Бұның өзі де додаға тастаған лақтай әлдебір аты мықты, тақымы қатты тентектің қанжығасында бөктергіде кете баратындай қорқып, түптің түбінде басына төнер бір зауалды тосуда еді ғой; мектепте жүргенде тағдырының бір ұшы тарихтан сабақ беретін шыныкөз ағайдың қолында тұрғандай көрінді… Ә.Нұрп.

Posted in

ТАҚЫМҒА ҚЫЛБҰРАУ ТҮСТІ (САЛДЫ)

Қиындыққа тап болды, ажал аузына тақады. ~ Мойынға түскен жіп тұзақ үміт пен арман атты қос ғашықты әлпеншегінде тербетіп, қылқындыра тұншықтырады. Тақымға түскен қылбұрау бунап шыңғыртады. Безілдетіп бебеу қақтырған ашты толғақ қыстығады. Ғ.Біл. ~ Алайда, «Япыр-ай, қалай болар екен, өңшең сен тұр, мен атайын қызыл көз пәлелер тақымға қылбұрау салатын шығар» деп ине ұшында қылпылдап келген. Т. Сәу.

Posted in

ТАҚЫМЫ ҚҰТТЫ

Отырған аты жүлделі келетін, жолы болғыш шабандоз д.м. ~ Бәйгеге қосар болса Ақан атын, Мінгізіп бұл баланы апаратын. Тақымы жетімектің құтты болып, Құлагер қосқан сайын бәйге алатын. І.Жан. ~ Қай баланы мінгіземіз? — деді Нарғазы. — Аттарды «тым алыстан жібереді екен» деп жүр ғой. Көн терілеу бала болса жарар еді. — Ақылжанның өзі шапсын. Тақымы құтты, әрі Құдайторымен сыр мінез, әрі атқа жеңіл. К.Қаз. ~ Үстіндегі бала артына әлсін-әлсін қарай береді. Қара үзіп кеткеніне арқаланғандай. Нарғазы жылап жіберді, қуанғанда да адам көз жасын ұстай алмайды ғой. «Қолтығына біткен қанатыңнан, тақымы құтты Шелпегімнен» деп жылайды. К.Қаз.