Posted in

ТАЗА ҚАНДЫ

Қан араластырмаған, будандастырылмаған; қоспасы жоқ. * О, құдірет, албырт шақта тот-тозаң баспаған көңіл, кірқолаң шалмаған пәк ой, арамдық-қулық қаппаған таза қанды жүрек қандай алғыр, қандай қасиетті десеңші. Жастың жарты ғасырды алқымдап тастағанына қарамай бәрі де, бәрі нақ бір бүгінгідей көз алдымда тұр-ау! С.Бақб. ~ Әр дыбысы әуен боп таза қанды, Жапыраққа мас торғай жазады әнді. С.Нұрж.

Posted in

ТАҒДЫРЫНА МОЙЫНСАЛ БОЛМАДЫ

Мойын ұсынбады; тағдыр сынына қарсы тұра білді. * Қолға түскелі бері тағдырына мойынсал болмаған кербез ұлықты құлатып жыққан жерін айтпаймысың?! Ғ.Біл. * Тағдырына мойынсал болмаған, мөндібастанып үлгірмеген қияңқы таккаббарлық уыт төгіп, көбік шашады. Ғ.Біл.

Posted in

ТАЗДАН ТАРАҚ ҚАЛҒАЛЫ ҚАШАН

Жақсы кезім артта қалды д.м. ~ – Сіз сондай жұмбақты, қызық адамсыз, – деді мұғалім қыз. – Балаңыз зерек. Сонан соң суретті де жақсы салады. Сіз үйреткенсіз– ау… – Қойшы не дерін білмей, сасқалақтап қалды. Бар айтқаны: – Таздан тарақ қалғалы қашан. Сурет біздің не теңіміз, – деді де, шанасына отырды. О.Бөк. ~ Таздан тарақ қалғалы қашан!.. Тыраштаныпақ болдың-ау, — деп уәжден жығылып қалған шалын қағытқан болып келіншек ара түсті. Үлкен ұлына орамал мен шылапшын ұстатып жатып Бескемпірге менсінбей биіктен қарап еді. Қ.Ысқ. ~ Ауырып тұрсыз-ау, — дедім. Серуенге шығып жүрмісіз? — Таздан тарақ қалғалы қашан!.. Төрт қабырғаға қамалып қалдым. Жүрек, шіркін сыр беріп жатыр. Бес инфарктты көтерген бұған рахметтен басқа не айтамыз?! Р.Сей.

Posted in

ТАҒДЫРЫНА НАРАЗЫ

Өз болмысына, өміріне өкпелі. ~ Талмасы жиілеп әңкі-тәңкісі шыққан Данаш дағарадай үйде сорайып сопа басы ғана қалды. Тағдырына наразы тас қабақтау жігіт жора-жолдастан шола. Туыс деген айтарға. Ө.Кәр.

Posted in

ТАЗДЫҢ БАСЫНДАЙ

1. Қу тақыр д.м. * Түс ауып бесін болды, жолаушылар жарым жолды да жүрген жоқ. Күн ыстық, қайнап тұр, шаң жұрт басын қоярға жер таппады. Таздың басындай қу тақыр дала, жолда не ағаш, не бұта жоқ. Ә.Бөкей. ~ Айна таздың басындай жалтыраған аспанның жұлығында, сайлаудан кейінгі азбандардай, сұрқыл бұлттар сандырап жүр еді. Ж.Айм. 2. Жер бетінің аламыштанып тұру туралы. ~ Мынау жол жанында жатқан кішкене шалшық су — бұдан екі-үш ай бұрын шалғыны балбырап ұйысып жатқан көгал еді. Енді таздың басындай аламыштанып, ұйысқан шалғынның әр жерінде бір түбірі ғана қалыпты. Мына түріне қарағанда бұған көгорай шалғын бітті, кемерінен асып суы шалқыды деп кім айтар? Б.Майл.

Posted in

ТАҒДЫРЫНА РИЗА

Өміріне, қол жеткізген жетістіктеріне көңілі толады д.м. * Сізді түсіне қоятын жандар аз… Сізді көп адам өз тағдырына риза жан деп ойлайды. Т.Әбд. * Қарасай сенімді түрде ұшатын бүркіттей қанатын қомдайды. Іздегенге – сұраған, мынадай тойдың үстінен түсірген тағдырына риза. Қ.Жиен.

Posted in

ТАЗЫ (ТАЗ) АШУЫН ТЫРНАДАН АЛАДЫ

Шамасы жеткенге қоқан-лоққы жасап, күш көрсету, күштіде кеткен есесін әлсізден алу хақында. ~ ~ Мұндай қатты сөзге бармаушы еді. «Тазы ашуын тырнадан алады» демекші, маған шүйілгені, Салауатовтың да қиналғаны болар». К.Қаз. ~ — Ар жағы түсінікті,— деді Бақытжан оның сөзін бөліп.— Тазы ашуын тырнадан алады. Жетпістегі жетім шалдан жеген жұдырықтың қарымтасын менен қайтарайын деп пе едің, әкри. О.Бөк. ~ Есімбектің үй іші есітіп бұлан-талан болыпты. Шұға не қыла қойсын; таздың ашуын тырнадан алып Базарбайды айдап шығарып жібереді. Мені үйінің маңайына жуытпайды. Б.Майл. — ~ Мұз-ағаңды 80 жылдығымен құттықтап, қоңырау шалдым. Біраз сұхбаттастық. Әңгімеміздің арқауы қазақтың мақалдары болды. «Таз ашуын тырнадан алады» дегенді естуің бар ғой. Таз бен тырна арасында қандай байланыс болуы мүмкін? Анығында ол былай: «Қаз ашуын тырнадан алады, Таз ашуын тырналап алады». Көрдің бе? Енді ғана мағыналы болды. Ал ұйқасы қандай! Г.Бел. ~ «Таз ашуын тырнадан алады» дегендей, атқа ие бола алмаған ашық ауыз Қоразбай көп ұзамай Пышан үйінен қуылды. Б.Тоғ. ~ Олардың тумысынан түн ішінде далаға шықпайтынын білетін бұлар еш қаймықпастан көшедегі көп тасты терезеден аяусыз атып, дарбазасын атқа сүйретіп «таз ашуын тырнадан алғандай» іс істеді. Н.Абдыр.

Posted in

ТАҒЗЫМ ЕТТІ (ЖАСАДЫ)

Иіліп, қошемет-құрмет көрсетті. ~ Олар әуелі бақ ішінде үлкен тұт ағашының түбіндегі парсының масаты кілемі төселген көлеңке бастырманың астында монтиып-монтиып отырған үш кішкене баланың алдарына барып, тізелерін бүгіп тағзым етті. Ә.Кек. ~ Шыңғыс болсаң, өзіңе Шыңғыссың. Хан болсаң қайтейін, нан аттап ханға тағзым қылмайды біздің халық, мен халқымның нанын орып жатырмын,— дейді жігіт. Б.Нұрж. ~ Бір уақыттарда барып күтуші кемпір үсті-үстіне тағзым етіп, есікке қарай шегіншектей берді. Кемпір шығып кеткен соң да, бөлменің іші әлденеге бұлдырап тұрғандай көрінді. Ә.Кек. ~ Ей, малғұн!— дейді ызалы хан.— Мен Шыңғыспын. Ханға неге тағзым қылмайсың? Б.Нұрж.

Posted in

ТАЗЫ ҚОСТЫ

Тазымен аңға шықты. * Қыс түскенде көр Мақаңның дәуірін… Хош иісі мұрын жарған жылқының етіне сылқия тойып алып, езілген құрттың бір кесесін сіміріп салып тысқа шығар; ақтөсті ертіп аңға аттанады. Қырдан қылт еткен түлкіге тазы қосады… Д.Досж. ~ Сүйреп қосқан тазы түлкі алмайды. Мәтел. ~ Қыстың қысқа күнінде 60 шақырымға таяу жол жүрген 20дан астам салт атты қысқы табиғаттың кереметіне тамсанып, қоян қуып, түлкіге тазы қосты. "ЕҚ"

Posted in

ТАҒЛЫМ АЛДЫ

Өнеге алды, оқып-білді. ~ Не файда бір орыннан қозғалмайтын, Тазармас қарасу да жатқан ақпай. Артықтан тағлым алып, кемге үйретпей, Жүруің лайық па ғақыл таппай. М.Дул. ~ «Т.Әлімқұлов және қазақ прозасы» ат-ты көлемді де күрделі монографиясы мен «Әдебиет пен өнер», «Таным көкжиегі», «Семсер», өзге де өндіріп еңбектер жазған Қансейіт Әбдезұлының осы екі қаламгердің туындыларынан тағлым алып, талғамын түзегені танылып отырады. Г.Пір.