Posted in

ТАБАНЫНА КІРГЕН ШӨГІР МАҢДАЙЫМА КІРСІН

Саған келер зауал алдымен маған келсін, саған түскен қиындықты мен тартайын д.м. тілеу. * Көзі ілініп бара жатып, ауыз үйде күйбеңдеп жүрген қарияның сыбырын естіді. — Е, жаратқан алла, жанын жалдап жүрген жалғызымның табанына кірген шөгір маңдайыма кірсін! Ағаларын тоқтатпай кезекпен алдың, мойныма бұршақ салып тілеген көзімнің ағы мен қарасын жебеп-қолдап, алыс сапарда жолын оңғара көр! М.Қаб.

Posted in

ТАБАНЫ ОЙЫЛДЫ

Әбден қиналды. ~ Елден, үйден адасып, қасқыр жеп кеткен баласынан айрылып, қаңғырып жүргенде табаныойылған, тасырқап болдырған сұлу келіншек Гүлсім ғана бар қасында. Ғ.Біл. ~ Бейшара сарғайды жарма тартып, Жауыр болды арқасы жарма тартып. Табандары ойылып, қолы сойылып, Асты дағы бермейді еш жарытып. "Сейпілмәлік". Жүре алмай қалды. ~ Шыдай алмай 40 шақырым жаяу да сандалған. Содан табаны ойылып, орта жолдаАндреевка селосында жатып қалыпты. Итшілеп жеткенше екі апта өтіп кеткен. К.Қаз.

Posted in

ТАБАНЫНА САЛДЫ

Тізесін батырып қинады, құлдыққа салды. ~ Неғұрлым табанына сап тапап, жаныштап тастағысы келген сайын солқұрлым оған өзінің күші де, кұдіреті де жетпеді. Ә.Нұрп. ~ Е, хан ием! — деді аяр мыстан. — Дұшпаныңды табаныңа салып, басыңнан қауіп бұлтын сейілткен жанға құлақ салғаның жөн-ақ. А.Сей.

Posted in

ТАБАНЫ ТАЙҒАНАҚ (ТАЙҒАҚ)

Сөзі мен ісінің тұрағы жоқ; берік ұстанымы жоқ адам. ~ Е, зулап бара жатқан өмір- ай деген. Табаны тайғанақау шіркіннің, байыз тауып бір тоқтаса, қанеки. К.Сег. ~ Ал өзге үкірдай- зәңгілердің ел шетінен ұзаған сайын табаны тайғанақтап, әртүрлі мінез көрсетіп, қысқа күнде қырық құбылып келе жатқаны рас еді. Қ.Жұм. ~ 90-ыншы қиын жылдары этникалық қауымдардың белгілі бір бөлігі атажұртына бет алды. Бірі күнкөріс қамымен, екіншісі төл отанына деген сағынышпен. Алғашқыларының жайы түсінікті, санасын тұрмыс билейтіндердің табаны тайғақ. А.См.

Posted in

ТАБАНЫНА ТАС БАТТЫ (ТІЛДІ)

Өмір зардабын көрді; мойнына ауыртпалық түсті. * Тікен кіріп, тас батты табанына, Тербетілді нөсер мен дауылында. З.Шілд. ~ Әлде Кенжекейдің: «Алты аяқты ала атың, қулық бие құлыны, табанына тас батса, маңдайынан күн өтсе, алты күнге жарамас», — деп төмен баға бергендігінен бе екен. Ж.Қақ. ~ Сөйтіп, осы үйде бес жан тұрып жатты, бірінің табанына тас батса – бәрі ақсады, бірі ауырса – бәрі сарнады, бір жұлдыздың бес тармағы секілді сәуле де бәріне бірдей, тең тарады, бес бұтақты бәйтерек еді, кенет негізгі түпкі тамырды дерт жайлады, біреуді тексерем деп өз күнәсінің үстінен шықты. Ж.Нәж.

Posted in

ТАБАНЫ ТАЙДЫ

Қиындыққа шыдас бермеді, тұрақсыздық білдірді, тайсақтады, жауға төтеп бере алмады. ~ Көшумен күні өткен біздің қазақ, Кез болды бейғамдықтан зор індетке. Мұндай боп жаудан табан тайған ба еді, Жаңбырша қорғасын оқ жауған ба еді. Қожаб. ж. ~ «Сағынбаев» атағын көтерген студент ағам еді. Кеңес адамы болып, дөкей-дөкей қызметтерді атқарды. Бір уезд елді аузына қаратты… Бірақ арты қайырлы болмады, ағамның табаны тая бастады. «Бай баласы» байшыл деген атақты екінің бірі тапты. Б.Майл. * Осынау дамылсыз ілгерілеу үстінде табаны тайып ұшып өледі ме, әлде діттеген межесіне аяқ іліктіреді ме, ол арасын бір Алла біледі. Д.Дос. * Бұлаң құйрық саясатшылар бүлт ете қалса, бүтін бір ел, бүкіл бір халықтың табаны тайып кетері хақ. С.Досан. * Ертең әкелер дәурені өтіп, өз басы жаңағы Ысқақтармен алысатын күн туғанда, ең ақырына дейін табаны таймай, қасында қалатын кім бар? Қ.Жұм. * Адам деген әрқилы деседі, сыртынан қарасаң күн, ал ішіне үңілсең үңірейген қара үңгір ғой деседі, біреудің табаны тайып кетсе, бас салып табалайды деседі. Ш.Айт. * Сен сияқты ерігіп жүрген жоқпыз, қызметтеміз. Суқанымды ұшырдың, пәлекет…— деп, өз сөзінен өзі табаны тайып, тиянақсыз бітірді. М.Қаб.

Posted in

ТАБАНЫНА ШОҚ ҚАДАЛДЫ

Тыным таппады, отыра алмады, шоршып түсті. ~ Занко үйге түнемеген күні Едіге кірпік ілмейтін: табанына шоқ қадалып, безіп кететін. Сенделіп жүргені жүрген: жүрегі лүпіл қағып, бір тыным таппайды, үйге мың кіріп, мың шығады. Еш затқа зауқы соқпайды, қолы да іске бармайды: нағыз делбе болып алатын. Т.Ораш. ~ «Мен кадрлық резервтен едім…» деген алғысөзімді естісімен-ақ, облыстағы атқамінер ағатайларды айтпағанда, аудан әкімінен бастап бөлім бастықтары бар, не керек жасы да, кәрісі де табанына шоқ түскен шайтандарша шоршып түсті. Е.Тол.

Posted in

ТАБАНЫ ТАСҚА ТІЛІНДІ

Ұзақ жүрістен қорлық көрді, болдырды, запа шекті. ~ Адам өлімі шыбын өлімімен бірдей болған сол бір кенеусіз, тұрлаусыз кер заманға нәлет айтып түнере қалды, бәрі. Табаны тасқа тілініп, өзек-қолқадан қан кетіп, денеден әл кетіп, көздің нұры таусылып, өлім халіне таянғанда, кеудесін сүйретіп киелі Қаратауға, айдын шалқар Көлмекөлге жеткен, көбі артта, ұзақ жолда көмусіз қалған бейбақ ата-баба, ғазиз аналардың киелі аруағына табынып, іштен дұға оқып, тұнжырап төмен қарап қалған. С.Ом. * Алыстарға атылған жырым — жебе, Тасқа әлі де табаным тіліне ме? Р.Ниязб.

Posted in

ТАБАНЫНАН (АЯҒЫНАН) САРСЫЛДЫ

Жүре-жүре шаршады, титықтап, болдырды. ~ Уәли үйге дабырлай кірді. – О, батырлар, мында екенсіңдер ғой. Сендерді іздеп табанымнан сарсылдым ғой. Т.Ахт. ~ Әйтпесе, дәл осы бүгін дүниедегі бар жамандық бір басына үйіліп-төгіліп, жапан түзде аяғынан сарсылып тұрғанда басқа жақтан емес, тек бір жақтан, онда да үнемі сол жақтан ұрланып келе жатқандай болатын себебі не? Ә.Нұрп.

Posted in

ТАБАНЫ ТЕСІЛДІ

Шаршап-шалдықты, қажыды, тауқымет көрді. * …Боқбасар мен Имаш он күндей жол жүріп, арып-ашып, табандары тесіліп, ауылға зорға жетті. Б.Майл.