Posted in

СЫНЫҚ КӨҢІЛ

Жабырқау, уайымшыл. ~ Сынық көңілім көп кешер, Майда қолмен ұстасаң. Көңілге түрлі ой түсер, Әр тереңге нұсқасаң. Абай. ~ Бірақ менен кінә жоқ деп, өзімді өзім жұбаттым. Жағдай, тұрмыс, ең бастысы — сынық көңіл аяғымды тұсап, артықша мүмкіндік қалдырмағаны рас. М.Мағ. * «Осынікі де жөн-ау», – деді ішінен. Бұдан соң ол аптыққан, әлденеге қысастанып, орынсыз шаптыға берген сынық көңілін сап-сап басып, ақылға жеңдірген. О.Бөк. * Атағына дақ түсіп, сынық көңіл болып, кеуделі ауылдың әлпештеулі бойжеткені — ол отыр. Керімбектің жаңағы сөзін үндемей құп алған Абдолла бүгін өзге топ тағы бір талай әңгіменің басын шалса да сөйлемей қалды. Ж.Ахм.

Posted in

СЫҢАЙ ТАНЫТТЫ

Ойынан, ниетінен хабар берді. ~ Жылқы жоғалтыпты. Бөгенайынан жаңағы өзі сойған қыл құйрық екендігін сезіп, ылпылдап отырмын. Шалым үндемейді, ештеме сезбегендей сыңай танытады. Ы.Дәб. ~ Қыздар бір-біріне қарасты, сенбегендей сыңай танытты. Д.Досж. ~ Әрі айтып, бері айтып, көкем де көндіре алмай қойған. Игілікке аспай дайын жатқан дүние, — деп апайына өкпелеп жүрген сыңайын танытты. С.Ғабб. ~ Болған жайтты шүбәсіз растаған жалғыз Тобиас болды. Жанынан өтіп барып сұрай салған адамның сыңайын танытқан Хакоб қарт үйлеріне кіріп, мән-жайды кемпіріне айтып беруді өтінді. Г.Марк. ~ Ұстанғаныңды айтшы дегендегі кейпі бастар көсемнің білсем-танысам, қажетіме асырсам деген сыңайын танытып еді. К.Жүн. ~ — Түсінем, түсінем, жас сәулетші мырза, ертең менің аудиенцияма келіңіз, сағат он бірде… күтем… сыр ашып сөйлеселік сонда, — деді хай-тек үрдісінің королі өз-өзінен қысылған сыңай танытып. Д.Досж.

Posted in

СЫНЫҚ МІНЕЗ

1. Ойлы, байыпты, сыпайы, әдепті, инабатты. ~ Сыпайы адам сынық мінезді, көпке жұғымды сүйкімді атанады. М.Әлімб. ~ Баласы Қаумен ағам Қауынбайсың, Иісті, пісіп тұрған қауындайсың. Тұрғанда бақ басыңда, халық қолында, Бұлт шөгер Алматының тауындайсың. Шырын тіл, шырайлы жүз, сынық мінез, Көктемде көк шығарған жауындайсың. Т.Ізт. ~ Сәкен жинағындағы кеп өлеңдер де нақ осы сипатта. "Жарға арналған жырлардан", "Хаттар сыры" топтамаларында да таза жанды, ыстық қанды, сынық мінез, шок сезімді бейнелер бедерлі көрінген. Ә.Жәм. ~ Сыпайы-лықтан аспайтын сынық мінезде де жасандылық жоқ. Сырты нұрлы, іші сырлы Тәрбие күн өткен сайын Талапты өзіне қуатты магниттей тарта берді. С.Дос. ~ Хорының қызы ма деп көрген кісі Тамсанып кете алмайды таңырқанып. Сөйлессең бір жасайсың көңлің шат боп, Сөзіне ләззатты мейірің қанып. Биіктеу денесі бар талма бойлы, ылайық мінезіне әзіл-ойыны. Салмақты, байсалқалы, сынық мінез, Алыстан болжайтұғын терең ойлы. БС "Ақбөпе-Сауытбек". 2. Мұңды, уайымшыл, қабағы ашылмайтын адам туралы. ~ Үбиан мұңайып жүрді. Кім білсін, атастырған қыздың аяғына тұсау түскендей болатыным сезіп қынжылатын шығар. Көз алдында елі енші бөліскендей алыс-беріске түскені де қинай ма, әйтеуір әпкем сынық мінез боп алды. Б.Мом.

Posted in

СЫҢАЙЫ БАЙҚАЛАДЫ (БАЙҚАЛМАЙДЫ)

Бет-жүзінен, қас-қабағынан әлдебір іске бекінгенін тануға болады (болмайды). * Патшаның ойнатпаған бақсысы, емдетпеген емшісі қалмаған екен, ақыры күдер үзген сыңайы байқалады. (ҚЕ) * Хадиша үнінен ашық айтысқа бет алған адамның ыңайы байқалды. Т.Әбд. ~ Әуестік жеңген жігіт тосын затты жұлқылап көріп еді, алынатын сыңайы байқалмайды. Сосын бір қырындап тағы жылжыған. Қолын соза берген оның кенет өне бойы дір ете түсті. Сол-ақ екен, төбе құйқасына дейін шымырлап кетті. Н.Ақ. ~ Қарасаң, қарағың келгендей. Әзірше шашау шығар сыңайы байқалмайды. Себезгілеп өткен сірке жаңбырдың артынан демін ішіне алып тынып қалатын жайлаудың таңғы тыныштығы оның осылайша, айналасына әр кіргізіп, біраз салтанат құруына аялы алақанын тосып, ырық бергендей. С.Үс.

Posted in

СЫМБЫЛБАЙ (СЫМБЫЛ) ДА ЖОҚ

Дәнеме жоқ, ештеңе де жоқ. ~ Масқара! Күмажнік түгілі, сымбылбай да жоқ. Алас ұрды. Қалтасын олай ақтарды, бұлай ақтарды. Қойын, қонышын сипалады. Түк жоқ. Көзінен жас шығып кетті. Ж.Айм. ~ Адам ауруын өзіне қабылдаған қамқор қара мысық не халде екенін білу үшін Өрен есікті ашып жіберді. Мысық түгіл сымбылбай да жоқ. Б.Қыд. ~ Бала берем саған деп, Сан әйелді емдедің. Күйсеуіңе болайын, Сен болсаң менің сенгенім. Жазылады деп ең, жазылмай Талайы өлді қаза боп, Өледі деп ең, жазылды, Талайы құлан таза боп. Бала түгіл, сымбыл жоқ, Бедеуге бала бермек ең, Бедеу қатын қалды ма Сен етегін көрмеген? Дулат Баб. ~ — Қақтанып отыратын отынға жарытып тастап едің!.. Он кубәметр төс тақтай сұрағаныма он жыл болды, сымбыл да жоқ! Қ.Ысқ. ~ Арасын екі ауылдың болжал етіп, Жеріме іздеп жүріп келмеп пе едім. Мен келсем жігіт түгіл сымбыл да жоқ, Соңыңнан іздеп жүріп өлмек пе едім? Т. Кәр.

Posted in

СЫНАПТАЙ СУСЫДЫ

Қолда тұрмады, уысынан шыға берді. * Әмірі екі болмай, табанда орындалатынына дағдыланған командир шынында да қатты ашуланды. Өзге жұрт болса бірден орындар еді, ал мынау сынаптай сусып, уысында тұрмай, әбден зықысын шығарды. Т.Ахт. * Шоқыға шыққан жігіттер ентіге күлісіп, қалжың айтысты. – Немене, уысыңнан шығарып алдың ба?! – Сынаптай сусып, уыста тұрушы ма еді!? Т.Ахт. ~ Ұнат мейлің, қара маған ұнатпай, Ұстатпай жүр уақыт сусып сынаптай. Құлар жерде саған деген бір сезім Сүйеп келді мені жерге құлатпай… Қ.Бұғ.

Posted in

СЫМҒА ТАРТҚАН КҮМІСТЕЙ

Нәзік, көрікті, сұлу. ~ Оқтан ұшқыр жарқ етсе қара көзің, Қорғасындай балқытар айтқан сөзің, Ақтамақ. Сымға тартқан күмістей нәзік белің, Сәтті күні жаралған жансың өзің, Ақтамақ. Халық әні. ~ Ақыл менен келбеті Мұнан ешкім артылмас. Сымға тартқан күмістей, Мінсіз бойын көресің. ол қыз тұрса алдыңда, Жүрегіңді басқаға Қайтып қана бөлесің. "БС" " Еділ мен Жайық". ~ Ол сөз айтпайды. Қолын береді. Еспер мінер жақ үзеңгісін босатып, оның қолын алады. Қолы тіпті жұп-жұмсақ, сымға тартқан күмістей екен. Б.Қыд. ~ Майдақоңыр пүліштей, Сымға тартқан күмістей, Сыңғырлаған қоңырау. Ақ қайыңды ормандай, Ақша бұлтты армандай, Тұнып тұрған өмір-ау! Б.Жақ. ~ Ол Ақтан, Қазақбай, Нұрым сияқты ақында-р-мен айты-сып, жеңіске жеткен. Әсіресе, ақ-ын-ның өлеңдері сымға тарт-қан кү-містей сыңғырлап тұра-ды. Г.Сәд.

Posted in

СЫНАПТАЙ ТОЛҚЫДЫ

Неше түрлі түрге түсіп, өзгерді, бұлғақ қақты. ~ Сынаптай толқып, Түлкідей жортып, Кетеді көңіл әр жаққа. Қырандай қағып, Алмастай ағып, Мұратын түгел алмаққа. Ер талабы бос қалмас, Толқынды көңіл тоқталмас. Шәк. * 16-жылдың оқиғасы ойламаған жерден кездескендей болды. Ауыл өмірі сынаптай толқыды. Әлдеқайда, әлдекімдерді хан көтеріп, патша әміріне қарсы шапқандардың даңқы жер сілкіндірді. Б.Майл. * Шәукен: «Шамасы қорғасын кенінің жылқысы-ау?» – деп топшылады. Таң толықсып атты. Дүние сынаптай толқиды. Жыл тәулігінің көркі көктем таңы Шәукенді нұрға шомылдырды. Т.Әл. * … жас Қыз күн нұрымен шағылысып, сынаптай толқыған бұлақ суын ішкен алтын киікке айналған; жұқалаң көгілдір көйлектің тарлау тігілісі балғын дененің әр мүшесін айқындап, алқына соққан жүректің лүпілінен жыртылардай болады. О.Бөк. * Тастың жүрегі тайдай тулап, кеудесін тепкілей бастады. Өңі ме, түсі ме? Бұл неғылған қыз? атыраудың астынан шыққан су иесі Сүлейменнің сұлуы сияқты, байыппен басып, сынаптай толқып маңып барады. О.Бөк.

Posted in

СЫМДАЙ БҰРАЛДЫ

Мың бұралып, толқыды. * Шешесі шығып кеткен соң Мүсіреп Шынарды баладай көтеріп алды: демалысы қандай жақсы еді, сүт иісі келеді. Денесі қандай балғын еді, сымдай бұралады. Даусын күміс қоңырау ма дерсің… Ғ.Мүс.

Posted in

СЫНАСЫН ТАПТЫ

Қиюын келтірді; ретін тапты. ~ Келіншек сынасын тауып, ақ патшаны түйреп өтті де, оның оң қолы губернаторды қатты шымшыды. М.Дүз.