Posted in

СЫЛҚЫМ СЕРІ

Сәнпаз, кербез, кердең сері. ~ Жас шағында қалада орысша оқыған, бұл кезде ел мырзасы болып, ән түзейтін, өлең жазатын сылқым серілеу жігіттің өзі осы. М.Әу.~ Қайтсін енді. Тоты шетел өмірін кино арқылы зерттейді. Не бары бір жарым сағатта небір сылқым сері кино жұлдыздарын көріп, кинотеатрдан керемет байып шығады. М.Қаб. ~ Өйтпегенде Боранқұл сынды тарихи қылмыскердің үй іші жаз жайлауға шығып, қыс қыстауға түсіп, малшылармен бірге көшіп, қонып, атқа мініп, сылқым серілерше «селкілдеп» жүруіне толайым жол жоқ көрінеді. Ғ.Біл. ~ Нұрила бас салып құшағына алып аңырамасына кім кепіл? Өйткені бұл сылқым сері жас тоқалы Сүкеңнің көзі тірі кезінің өзінде көш-жөнекей де көңілін тауып, оңашада қауышқанда қайратты, қармаулы Қылаңды «Арысым-ай, арыстанымай, арының басылмаған, алауың әлі де бір қайтпаған албарындыңды-ай, шіркін!..» деп аймалап, аһылап-үһілеп алас ататын. Ш.Рах.

Posted in

СЫЙ ТАБАҚ

Сыйлы қонақтарға тартылатын арнайы табақ. ~ Қыр астында қырық кепе, Қыз ұзату – той-мереке. Оқшау үйде күйеу бақыр, Бір сый табақ келе жатыр. Ө.Тұрм. ~ Мерекең құтты болсын арқалы елім, Өзіңе сағынышымды сарқа келдім. Оралып Түркістанға тайқазаным, Алдыңа сый табақты тарта келдім. "Әбдікерім -Әселхан айтысынан". ~ Бұл күйді жаным Аллаһым ерте сыйлап ап, Төз дейді маған, Өзіңе берген сый табақ. Өмірдің күйбің тірлігі мені шаршатты, Кетсем бе екен, Өлеңдерімді жинап ап. А.Пош. ~ Табақ жасау да бір өнер. Оны жасаушы да табақ тартудың қыр-сырын меңгерген ерекше тұлға болуы тиіс. Әр табақ атына, маңызына қарай жасалады. Табақты кейде бас табақ, орта табақ, сый табақ, аяқ табақ деп төртке бөліп те жатады. Малдың әр мүшесі осы табақ берілетін адамдардың дәрежелеріне қарап үлестіріледі. "Жарар-kz". ~ Құдағи табақ – қазақтың құдағи күту жолында, дастархан жаю салтында да үлкен жол бар, тәртіпті мән мағына бар. Ері қайтыс болған, құда жоқ, құдағи ғана келгенде, «құданың жолы», «өлі-тірінің сыбағасы» деп бас, жамбас, омыртқа, арқа, белдеме, қазы-қарта, жал-жая, қарын, қимай, ортан жілік, жауырын, құйрық-бауыр салынған үлкен сый табақ тартады. Мұны қазақ кәдесінде «құдағи табақ» деп атайды. "Жарар-kz".

Posted in

СЫЛҚЫМ СҰЛУ

Кербез, сәнқой, кердең сұлу қыз, келіншек. ~ Сылқым сұлу Ажардың әзілдес қайнысының бірі Әбжан Ажардың бүгінгі ерекше нұрына кіре түскен әсем ажарына құштарлана қарап: — Ажар жеңгей, өзіңіз мына ақ орданың ішін көркейте көріктендіріп мүлде жайнап кетіпсіз. Бекен қайда? — деп сұрады. С.Бег. ~ Алпыс үй адамға лық толды. Ду-ду әңгіме өрбіп, ауыл үстіне кеукеу үн көтерілді. Үйлердің алдындағы сап түзеген самауыр маңында бұрала басқан сылқым сұлу келіншектер көбейді. Ә.Кек.

Posted in

СЫБАЙ (СЫБАП) БОҚТАДЫ

Түгін қалдырмай тіл тигізді. ~ Бұл сөзді айтып барған жеңгелерін Зейнеп сыбай боқтады да үйінен айдап шықты. Соны айтып келген жеңгелеріне: — Оқасы жоқ, — деді Топан. — Қызша киінбесе де, қыз екеніне құлағы ғана берсін. Күйеудің, басқа қыз құтылмаған құрығынан ол да құтылып қайда барар дейсің. С.Мұқ. ~ Долдануы үдей түскен Күлеміс, «жібер, өлтірем, қасқырдың бөлтірігін» деп ұстаған адамдардың арасында бұлқынып тұр екен. Өзі хан тұқымының түп-тұқиянынан түк тастамай сыбай боқтап, еңіреп жылап тұр. С.Мұқ. ~ Жұмысшылар тарай бастады. Арба жеткенше шыпырлаған жерда кепеге сіңіп болды. Алдағы Орынбек екен. Келе-ақ кепелердің төбесіне ат ойнатып, ақырып, сыбай боқтады. Ғ.Мұст. ~ Кертай баланы әке-шешесінен сыбырлай сыбап бір боқтады да, құлама қабақпен төмен түсе берді. П.Дүйс.

Posted in

СЫЙЛЫ ҚОНАҚ

Қадір-құрметі мол, күнде келе бермейтін мейман. * Жылқыда он еті омыртқа болады. Бұларды қашанда іркіп, сыйлы қонаққа бір-бірден салып отырады. С.Жүн. * Сыбдырсыз ашылатын сыртқы есіктен кіргізіп, шишалы кересін шам жаққан ала көлеңкелеу үйдің төріне шығарды сыйлы қонақтарды. Ғ.Біл. * Өз елінде сыйлы қонаққа әуелі шай беріледі. З.Шүк.

Posted in

СЫБАНА КІРІСТІ (ҚИМЫЛДАДЫ)

Әлдебір істі құлшына, шешімтал бастады. ~ Ұлжан да өз міндетіне сыбана кірісіпті. Ол ас ошағын Қазбаланың суына жақындатып қаздырып, мал сойғызуға кіріскен екен. М.Әу. ~ Орыс-орманға, болыс- песірге, атқамінер тілмашқа шашылған шаруада есеп жоқ. Песір, болыс, тілмаш атқа мінер адам сауда ісінің жуан ортасына сыбана кіріскен. І.Жанс. ~ «…Бүл күнге шейін түрлі себеппен жұмысқа білек сыбанып кіріспесек, кейбіреулеріміз тіпті ішімізден қарсы болып та жүрсек, енді біз сілкініп, алдымызға түзу қарап, адал ниетімізбен сыбана қимылдап, кеңес елін өркендету жолында тынбай істеуіміз керек… С.Сей.

Posted in

СЫҚЫЛЫҚ АТТЫ

Мәз болды, сылқ-сылқ күлді. * Кәмшат бөркінің үкісі ағарандап, шалбарлы, шоңқайма етікті сыйда бой, бұраң бел Хансұлу ақ тісі жарқырап күліп, төңірегін қоршап сықылык атқан жастарға әлсін-әлсін ұмтылып жүр. С.Елу. * — Өйдөйт деген-ай, тағы не айтасың? — Балапан ерсі көрді ме, сықылық атты. Н.Сер.

Posted in

СЫБЫРЛАҒАНДЫ ҚҰДАЙ ЕСТІМЕЙ МЕ

Түптеп келгенде ешнәрсе құпия болып қалмайды д.м. ~ Салған жеріңнен алып түспесек айып бізде, сала алмасаң кінә сенде! Сыбырлағанды құдай естімей ме дегендей, Ақмола алынбайтын күйде болса, оны ашып айт! І.Ес. ~ «Сыбырлағанды құдай естімей ме» дегендей жасырып жұмбақтар несі бар, деп Өміржан атынан түсіп, арбаға сүйене келіп үстіңгі бүркеулі текеметті қолымен қайыра көтерді. С.Бег. ~ Бірақ сыбырлағанды құдай естімей ме дегендей, мұндай қолдың текке келе жатпағанын Еділ, Жайық бойындағы Маңғыт, Алшын, Байұлы, әлімұлы, Жағалбайлы рулары бірден сезген. І.Ес.

Posted in

СЫЗ ЖАСТАНЫП, ҚИ ТӨСЕНДІ

Малшылық өмірдің қиындығы хақында. * Қысы- жазы малшылармен бірге сыз жастанып, қи төсеніп, қойдың құрттаған бақайына дейін бірге шұқыласып, жаны тыным таппайтын шаруаның торысы. Қ.Ысқ.