Posted in

СҮТ ПІСІРІМ (УАҚЫТ)

Халықтық өлшем, ширек сағат шамасы, шамамен 15-20 минут. ~ — Ауылға жақындадық қой! — деді. — Жақындадық балақайым, жақындадық! — деп, дуана Ақбілекті тағы бір лықытып жауырынына таман шығарды. Сүт пісірім болған жоқ, тезек исі жұпар иісіндей Ақбілектің мұрнын жарған кезде: — Келдік, дуана-еке! Енді өзім жүрейін,— деді. Ж.Айм. ~ Сүт пісірімдей отырып, орнымнан тұрдым. Жүрдім… жым-жылас. Таң білінбей-ді… Ж.Айм. ~ Еріне басып Жүсекең келді. Есік алдына отырып шешініп, үсті-басын қағынудың өзі сүт пісірім уақыт алды. Б.Майл. ~ Басында ештеңе түсінбегенімізбен, сүт пісірім уақыттан соң оқиғаға қаныға бастадық. С.Им.

Posted in

СҮТТЕН АҚ, СУДАН ТАЗА

Еш күнәсі жоқ, періштедей таза. * Ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға жиналған жылу малды есепсіз шашты, ағайындарына берді деген жаламен жауапқа тартылып Қызылордада көп алдына шыққан Жүсіпбек Аймауытов сүттен ақ, судан таза екенін оп-оңай дәлелдеп берген. Р.Нұрғ. * Ата-анасын да аямай, бетін тіліп, шындықты айтатын ақ жүрек қыз көрініп еді Рабиға. Әттең, серпіндеген сайын арзандап барады — ылғи да басқа кінәлі да, өз басы сүттен ақ, судан таза. М.Қаб.

Posted in

СҮТ ҮСТІНДЕ ҚАЙМАҚ (БОЛДЫ)

Өзін өзгеден артық ссезінді. ~ Міне, көп үстінен жеген көбегендердің, «сүт үстінде қаймақ» атанғандардың ендігі ебі сол. Айланың киіз кітабынан алған сабақтары осы болатын. М.Әу. ~ Төлеш. Қайша кім осы күнде? Ол сүт үстінде қаймақ. Жұрттың бәрі оны төбесіне көтереді. Мен сол тоқалға бұл күнге шейін жаңғырық болғаннан басқа, не істеп едім? М.Әу. ~ Шолпан: Көз салып біздің күйге бойлаймысың? Әлі де тірімін деп ойлаймысың? Ерке қыз, сүт үстінде қаймақ болған Үйдегі желігіңді қоймаймысың? М.Әу. ~ Шолпан. Осы қуарған күйді тірлік деп білесің бе! Әлі де өліп болғам жоқ деп отырмысың? Болмаса сүт үстінде қаймақ болған ерке қыз бұрынғы серуенімнің бірі дейсің бе? М.Әу.

Posted in

СҰҒАНАҚ КӨЗ

Тімісікіленіп, сұқтанып қарайтын адам туралы. * Көп ішінен тінткілей қарайтын сұғанақ көз ондайда қапысын жіберер ме! Әбден тіміскіледі-ау! С.См. * … сонау ақ шайы көйлектің астындағы көгершін төске не бір сұғанақ көздер болмаса, қапелімде қалған жұрт байқай бермейтін болар-болмас діріл жүгіріп … қуана, сүйсіне тыңдайтын тек әлі беттеріне шаң, еттеріне дақ тимеген уыз көңіл бойжеткендер ғана. Ә.Кек. * Бір жағынан қожалығы да бар Тәшім молла … сәбидің насыбайына сұғанақ көзімен еміне қарай қалған. С.Жүн. ~ Қыстан қалған қоқым- соқымды, әлдекімдердің дөрекі күлкісін, сұғанақ көзін, бояуы қашқан мүсіндерді, ескірген газет витриналарын көрмеді, естімеді. Х.Әбді.

Posted in

СҮТ ШЫҚПАЙДЫ

Мән болмайды. * Алшағыр басын шайқады. — Әй, білмеймін, білмеймін… Жетпіс жеті бабаңды тексеретін бала екенсің. Түбің шикі,— Бұл әңгімеден сүт шықпайтынын ұқты ма, кілт өзгерді. М.Қаб.

Posted in

СҰҒЫ ҚАЙТТЫ

Көзінің зәрі қайтты. * Кәпір болмаса да солардың сойылын соғып, қазанынан қаспақ жегендер ғой. Сұғы қайтсын, адам түгілі үйге кірген жыланға да ақ тамызып шығаратын халықпыз, – деп күбірлесті әлдекімдер. Ж.Шәк.

Posted in

СҮТІН АҚТАЙ АЛМАЙ КЕТТІ

Ерте өліп, ана алдындағы парызын орындай алмай кетті. ~ Сонсоң Ана жас төкті еңк-еңк етіп, еңкілдеп, Тәңіріні тұрлаусыз жан екенсің деп тілдеп, жететұғын жеріме жеткізбедің мені деп, еңіреп есті жел үдеп, жылады Ана еңіреп: "Құлыным-ай, сүтімді ақтай алмай кеттің", — деп. Ж.Нәж.

Posted in

СҰҒЫ ӨТТІ

Көзі тиді. ~ Бір бүйірден қадалған сұғанақ көздердің сұғы өтті ме, бейтаныс қыз жаңа бұлардың жанынан өте бергенде әнтек қысылып, аяғын абыржи алғанда сусылдақ топырақ борап кеткен-ді. Ә.Нұрп. ~ Бұл домбыра қара жүрек, Хан қаһарын қайтарып, Хан да, би де өзі болып, Айтқан әділ шешімді. Содан көздің сұғы өтіп, Тартар беті тесілді. Ж.Аман.

Posted in

СҮТІН КӨККЕ САУДЫ

Қатты назаланып, теріс батасын берді, қарғады. ~ Мырзабек жақындай бергенде кемпір жаулықты жұлып қолына алды. Екі бетке тырнақты салып жіберіп тіліп тастады. Мырзабек «апа, не болды? деуіне қарамай, омырауын жыртып жіберіп, тозған торсықтай екі емшегін шығарып алды да, көкке сауып: «Көк көкаршын, көкаршын, Көкке жаяр құлашын. Мені бүйтіп жылатқан, Мендей болып жыласын!» — деп дауыс қылып көшені басына көтерді. Сөзін «тумай кет, тумай кет, ақ сүтімнен садаға кет, кешпеймін ойбай, кешпеймін». «Тоғыз ай, он күн көтергем, Көтерген екем бекер мен! Сүйткен құлыным мынадай, Енді қалай етермін!» деп жылады ол. Екі емшегін қолына ұстап, сүтін көкке атқан кемпір, жалынған баласының сөзін құлағына ілмей бозарып талып кетті. С.Мұқ. ~ Қаламқас (мұңайып). Жер аударылайын деп жатқанда мен қалып, жара үстіне у болып төгілуімнің мәні қалай болады? Олардың белін сындырып, анамның ақ сүтін көкке сауғызып, кетпес кекті батасын қалай жүктеп қалам? Құлынын тепкен құландай жүректеріне мұз құйып, қалай қаңғытып жібере алам? Т.Жар. ~ — Ақ сүтін көкке сауып тілеген анаңның, сақалынан сорасы ағып еңіреп, намазға жығылып, құлшылық еткен әкеңнің тілеуін Хақ тағала шын берген екен. Тура сол Жәнібек шабарманнан айнымайсың. Бар мінез, бар қылығың сойып қаптағандай! С.Жүн.

Posted in

СҰҒЫН ҚАДАДЫ

Ашкөзденіп, телміре қарады; сұқтанды. ~ Ол қостай қоймаған соң, әйеліне бұрылды. Гүлайым, бетіне қызылы теуіп бас изеді де, күйеуінің иығына басын сүйеп қойып Саттарға сұғын қадады. С.Ел. * Чернов деген Колчак генералының жер қайысқан көп әскері Орскіні алып, ендігі сұғын Ақтөбеге қадап, қазақ жеріне қалыңдап кіріп келе жатқаны рас», – деді. Ә.Нұрп. ~ Ол кептердің сүйкімді балапандарына сұғын қадап, «Үшеуінің сүйегі жас шеміршек қой, бұлардың еті қандай дәмді екен!» деп ойлап жүріпті. ҚЕ. * Қонаққа барғанда көз демекші, есіме ауылдағы бір досымның жеңгесі түсті. Сол жеңгейдің сүйегіне сіңген бір әдеті болды. Қай үйге барсын, танысын-танымасын ұры итше үй-ішін сыпыра тінтіп, дүние-мүккамалын түгелдеп, сұғын қадамай шықпаушы еді. Ж.Аязб. ~ Бірақ, бұ жолы іштей таңырқағаны бала күннен бірге өскен Ждақайдың, Хансұлуға еркексіп қарау миына да кіріп — шықпаған неменің енді кеп табан астынан сұғын қадай қалғаны еді… С.Ел. ~ Ашқан балы қате кетіп көрмеген, қырық бір құмалақтың тілін білетін, діні де жат хотын малшының әйелі Еркезаяның аузынан шыққан сөзге бұлар қашан да имандай сеніп, айтқанына көнетін, көнбесе киесі, қасиеті атар, қарғысы тиіп, сұғы қадалар деп қорқатын. Ш.Рах.