Posted in

СҮТТЕЙ ҰЙЫДЫ

1. Жарасымды, тату-тәтті өмір сүрді. * Қойтеке неге жасын жерге шертеді? Сүттей ұйып отырған, шын сүйіскен асық жарлар Ақбілек пен Бекболат неге айырылады? Қайда шындық? Қайда әділдік? Қайда адамгершілік? Қайда құдай? Қайда қиямет? Ойланыңдар, бейуаздар! Ж.Айм. ~ — Неге өтірік болсын, кеше бәйбішелер де айтып отырды ғой, — деп Ұмсынай оған қарсы түсті. — Бетсіздігі де, сүттей ұйып отырған байын тастап… Шал деп, шалды құдай жаратпап па… Б.Майл. * Бұл Сарыөзекті басып алып, талай халықты қан жылатып, құлдыққа айдап қор қылған қатыгез жаулардың бірі еді. Найман-Ананың сүттей ұйып отырған ұясын да бұзған осылар. Ш.Айт. ~ Жұрттың сүттей ұйып отырған талай ұясын бұздың!!! Некелі жарына қол салдың!!! — Мен… ешкімнің ұясын бұзғаным жоқ! Ешкімнің әйелін зорлағаным жоқ… еркінен тыс! Желқуық ұрғашылардың өздері кінәлі! Шыбыш сүйкенбесе, теке артылмайды! С.Ел. ~ Соның ар жағында сүттей ұйып отырған колхоз еді, бүгін келсем адам шошырлық: малдарын сатып, сойып, соқа-сайманын бүлдіріп, бірсыпырасы қолхоздан шығамыз деп әлекке түсіп жатыр. Б.Майл. 2. Бар ықылысын аударды, зейін салды, әр сөзіне күмәнсіз сенді. ~ Міне, Жұмасейіт қажының діншілдігінің беті осы еді. Басқалар мұның діншілдігіне сүттей ұйып нанса да, Кәтимә бәйбіше нанған емес. Қара тоқал да солай. Бірақ бұлар да сырт көзінде қажының «діншілдігіне» зәреден кір жұқтырып көрген емес. Б.Майл.

Posted in

СҰЛУДЫ ЖАЙЛАП, ЖҮЙРІКТІ БАЙЛАДЫ

Өмірдің қызығына батты, серілікке салынды. ~ Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді. Ол мал көбейсе, малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ. Абай.

Posted in

СҮТ ҚАТҚАН

Сүт қосылған. ~ Мұнарбектің сүт қатқан қою шайынан соң тағы да маужырап ұйқы соғайын… Ә.Асқ. ~ Ертеңгісін қою сүт қатқан тары көже ішіп отырып, салмақпен апама былай дедім: — Сіз менен қам жемеңіз. Сауатым бар. Басым істейді. Ал, мына ұнды қазірден бастап пайдаланатын болыңыз. Т.Берд.

Posted in

СҮТТЕЙ ҰЙЫП, СУДАЙ ТҰНЫП

~ Мұны мен де әбден біліп болғамын. Оның үстіне ұзақ жылдан бері біріне –бірі сүттей ұйып, судай тұнып алған үлкендерді батасынан қайтару мүмкін емес екендігі де айқын. Ж.Сәм.

Posted in

СҮТ ПІСІРІМ (УАҚЫТ)

Халықтық өлшем, ширек сағат шамасы, шамамен 15-20 минут. ~ — Ауылға жақындадық қой! — деді. — Жақындадық балақайым, жақындадық! — деп, дуана Ақбілекті тағы бір лықытып жауырынына таман шығарды. Сүт пісірім болған жоқ, тезек исі жұпар иісіндей Ақбілектің мұрнын жарған кезде: — Келдік, дуана-еке! Енді өзім жүрейін,— деді. Ж.Айм. ~ Сүт пісірімдей отырып, орнымнан тұрдым. Жүрдім… жым-жылас. Таң білінбей-ді… Ж.Айм. ~ Еріне басып Жүсекең келді. Есік алдына отырып шешініп, үсті-басын қағынудың өзі сүт пісірім уақыт алды. Б.Майл. ~ Басында ештеңе түсінбегенімізбен, сүт пісірім уақыттан соң оқиғаға қаныға бастадық. С.Им.

Posted in

СҮТТЕН АҚ, СУДАН ТАЗА

Еш күнәсі жоқ, періштедей таза. * Ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға жиналған жылу малды есепсіз шашты, ағайындарына берді деген жаламен жауапқа тартылып Қызылордада көп алдына шыққан Жүсіпбек Аймауытов сүттен ақ, судан таза екенін оп-оңай дәлелдеп берген. Р.Нұрғ. * Ата-анасын да аямай, бетін тіліп, шындықты айтатын ақ жүрек қыз көрініп еді Рабиға. Әттең, серпіндеген сайын арзандап барады — ылғи да басқа кінәлі да, өз басы сүттен ақ, судан таза. М.Қаб.

Posted in

СҮЛДЕСІ ҚҰРЫДЫ

Әбден шаршап-шалдықты, азып-тозды, өлермен күйге түсті. * — Сені сұрады… Сосын ұйқытап кетті. Сүлдесі құрып, сүрнігіп жүрген бір сорлы да. Жатысын қарашы, — деді. О.Сәрс. * Ұйқылы-ояу есеңгіреп сұлық жатыр. Жатқан күйінде қаралай сүлдесі құрып, шаршаңқы тыныстады. Жан-жағын бажайлай көз қиығымен шолып өтті. А.Жаңб.

Posted in

СҮЛІКТЕЙ ҚАРА

Жылтыраған қап-қара. * Сен тіпті бағана орталықтағы еңселі сары үйдің алдына сүліктей қара машина тұла бойындағы жалтырақ темірлерін күн сәулесіне жарқ-жұрқ шағылыстырып тоқтағанда да тап қазір ісі бюрода қаралатын әлдебіреу емес, қайта бұның өзі істі болған әлдебіреулердің тағдырын шешетін үлкен бастықтың дәл өзіндей нығыз-тұғын. Ә.Нұрп. * Бөкен директордың атын жетелетіп жіберген соң, зоотехниктің атының да желігін басуды жөн көріп, сенің мінетінің осы-ау деп, сүліктей қара жорғаға шалмасын иіре лақтырды. Д.Әш.

Posted in

СҮРЕҢ ҚОСТЫ

Дауды, қақтығысты қыздыра түсті, атсалысты. ~ Сүрең қосып ғаламдық дүрбелеңге, Момындарды тоғыттың түрмелерге. Қаһары кеп Алланың, Алатауда Бес мың ағаш сұлады бір… С.Қал.