Жұрт қатарлы, қарапайым. * Құдайдың құтты күні қара сөз, қағазына шейін қарайып кеткен заман мынау. Мен не, өз баламның сүйек пен еттен жаралғанын ұмытам ба екен? Ж.Нәж. ~ … «тән азығы» бір жағынан бет қаратпай аяздай айбаттанып қыспаққаалғанда, екінші жағынан ақыл-ойды, сана-сезімді, бүкіл болмысты отымен шарпып дертке айналғанда, ал «жан азығы» барған сайын көзден бұлбұл ұшып, алыстан сағымданып, мұнар тартқанда кісілігімізден гөрі сүйек пен еттен жаралған пенделігіміз басым түсіп жатқаны өтірік емес. Д.Сүл. ~ Ерегестірсең кіміңмен болса да тайталасам. Ергенек құрма есігіңе, бәрібір айқара ашам. Сен жаралған сүйек пен еттен мені де Алла жаратқан, Пұшайман боларыңды біл байқамасаң. Т.Әбдір.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СҮЙЕКТЕН ӨТТІ
Ауыр тиді, жанын жаралады. ~ Таяқ еттен ғана өтсе, сөз сүйектен өтетінін жақсы біледі иттің баласы. Қ.Жұм. ~ Ұлтымызда сөз киесі айрықша. Бір ауыз сөзбен тағдыр шешілген, бір ауыз сөзбен соғыс тоқтаған. "Сөз сүйектен өтеді". Ж.Аяз.
СҮЙЕК СЫНДЫРДЫ
Әбестік жасады, ұятқа қалдырды. * Бұл Қоянкөз ауылының ата-бабасынан қалған, осындай құл-құтанмен шатасып сүйек сындырған бұзықтарға істейтін ежелгі жазасы еді. І.Жанс. * Шүкір, Жібегің сүтіңді ақтады, жаман атын жайып, сүйек сындырған жоқ, бесігінің табын жоймай есігіне жетті, қайта қуану керек. Ж.Нәжім. * Бәрінен бұрын бөтеннің көзінше жаман қатындарша шаптығысып сүйек сындырғандарын айтсаңшы. Т.Сәу.
СҮЙЕКТЕС БОЛДЫ
Қыз алысып, қыз берісті, жекжат, іліктес қарым-қатынасқа көшті. * – Естіген боларсың, – менің Байділда деген інімнің қатыны қайтыс болғанын. Сол ініме сенің қызың Тотыға құда түсуге келдім. Сүйектес болайық, – деп Саурық күлміңдеп, сынағандай сынат білдірді. Ә.Шәр. ~ Есектің — егізі, Сиырдың — сыңары. Сендеймен мен, сірә, Сүйектес болмаспын. Көрші емес, қоңсы да Қонбаспын — Мен қаштым! Св.Нұр.
СҮЙЕК ТАМЫР
Достығы, жақындығы ежелден келе жатқан адам. ~ Қадірлейтін ауылдарының жақсыларын бөліп алып шыққанда, Таңсыққожада есеп бар еді. Сүйек тамыр сүйенісіп күн көреді… З.Шүк. ~ Бұрын бір тілекте, бір жолда болмақ жігіттер енді ата-ананың ұлына, руға бөлінісіп, ілік тауып шиеленісе берді. Құданда, сүйек тамыр-таныс бірін-бірі тартып, азғыру, пым-пыш ұлғая берді. Ж.Айм. СҮЙЕК ШАТЫС
СҮЙЕКТІ СҮЙЕККЕ ҚОСУ
Мүрдені аманаттап жасырып кетіп, кез келген қолайлы уақытта алып, қалаған орынға жеткізіп жерлеу. ~ Талай асыл адамдар төмпешікке айналып құлпытассыз әр жерде шашырап қала берген емес пе осында жерлесек қайтер еді дей келіп, біздің қазақта «сүйекті сүйекке қосу» дейтін де ғұрып, мүрдені аманаттап жасырып кетіп, кез келген қолайлы уақытта алып, қалаған орынға жеткізіп жерлейтін салт та бар деп ақылдаса келіп ақыры аманаттап қоюға келісті. Ш.Рах.
СҮЙЕК ШАТЫС
1. Қыз алып, қыз беріскен құда, жекжат. ~ Өлеңті өзенінен асқанда, жолдан қосылғандар мен барлығы он шақты арбалы керуен болды. Іштерінде оқу іздеп бара жатқан шәкірт те, сүйек шатыс қуған еркек те, төркін іздеген қатын да, жұмыс, кәсіп іздеген пайдашы да, арзан пұл алып қайтып, елге сатып, мал таппақ болған саудагер де бар. Бәрін айдап бара жатқан — күн көріс қамы. Ж.Айм. ~ "Әйтеуір өзің біле берсеңші, Жұматай, десіп жатыр байғұстар", — деп барлық аудан басшылығын әлі қарым-қатысы үзілмеген құдандалы ескі көз, сүйек шатысындай түсіндіреді. Қасында мүше, хатшы, жәй жігіт болып жүрген тобы бар. Бәрі де бұл жөнде әбден тіс қаққан ептілер. Жұматай әдейі іріктеп алған. М.Әу. ~ Жалғыз өзіміздің үш үй ғана емес, сүйек-шатыс ағайындардың көбі осы кісінің қолына қарайды. Қолдарындағы жүн-жұрқа, тері-терсегін беріп жолын күтеді. С.Бег. 2. Жақын болмаса да, туысқандығы бар; құда-жекжат. ~ Мысалы, Жігітек ішіне, Қарашаның аулына жібергені кәрі кемпір. Сол ауылдағы бір жалғыз үй кірмемен сүйек шатысы бар кемпір екен. М.Әу. ~ Өзі бір Құдай берген бала. Қазақшылық жөнімен ата қуса, сүйек шатыс жиендігі бар. Нағашылап жалбырақтап тұрғаны. Т.Сәу. ~ Баяғыда Текенің базарында танысыпты. Сүйек шатыс болайық деп мені өзіне өкіл бала еткен. Ә.Кек. ~ Бұған тонның ішкі бауындай жақын деген, құдажекжат, сүйек шатыстығы бар екі министр, бір облыс хатшысы тұтқындалды. Т.Сәу.
СҮЙЕКТІ СЫНДЫРДЫ
Қорлады, намысқа тиді. ~ Өткен жолы өзіңді дұрыс ұстағанда, бүйтіп тізеге салмас еді. Өзі солқылдап тұрған ағашты сүйкеніп құлаттың. «Жігітің анау ма, өз басын жөндеп алып жүре алмайтын дәлдүш. Өйтіп сүйекті сындырма!» деді. Т.Сәу.
СҮЙЕК ШАТЫС БОЛУ (ШАТЫСУ)
Қазақтың жақындасу мақсатындағы қыз алып, қыз беру арқылы салт-дәстүрі. ~ — Бұл ауылда менен жақын ешкімің жоқ. Әкең марқұм теңіз асып келген кірме еді. Менің әкеммен көжетамырлығы бар-тын. Баяғыда Текенің базарында танысыпты. Сүйек шатыс болайық деп мені өзіне өкіл бала еткен. Ә.Кек. * Арадағы достықты бекітуге дәнекер іздегенде ақ сүйек төрелер қыз алып, қыз беріседі. Әбілқайыр да «сүйек шатысудың» жоралғысын жасады. З.Шүк.
СҮЙЕЛ БАЙЛАНДЫ
Сүйел шықты. * Оның оң жағындағы шүңірек көз қара:– Атқа шауып көрмеген ноқайдың тізесіне сүйел байланған ғой, – деп кеңкілдеп алды. Т.Әл.
