Posted in

ШОРТ ҮЗІЛДІ

~ Ұнайды өмір ынтымақ, күресімен, Құр қалмайды ешкім де үлесінен. Өліп-талып жеткенде бақытына, Шорт үзіліп, кей тағдыр түгесілген. М.Мақ. ~ Күн – сыңар көзілдірік сары әйнекті, Санаса, тек сол мертті санайды епті. Ішектей шорт үзіліп ән-күйлері, Қалпақтай суға толы сарай кетті. Ж.Молд. ~ "Мұндайды атақты қанішер қатарына қосуға болмас…" Менің бейбіт ойым шорт үзілді, қыдырып келген мырза қызу екен, қыңыратқи жөнелді Нұрасылға. Қ.Шабд.

Posted in

ШОРТЫНАН ҚАЙЫРДЫ

Қысқа қайырды; бетін қайтарып тастады. * – Ерке бала, түнде дауыстап ұят қылғаның не? – деп келе жатыр еді, Күнікей түсін бұзып: – Жеңеше, менімен тату болам десең, о жағына аузыңды ашпа! – деп шортынан кайырды. Ж.Айм.

Posted in

ШОТ ҚАҚТЫ (ТАҚЫЛДАТТЫ)

Есеп-қисаппен айналысты; есепшілік (бухгалтерлік) қызмет атқарды. * Ал өмір бойы шотты тықылдатып, ауыр еңбекпен күн кешкен Қауғабай ұрпағының бір бүйірі шығып, дүниені оңды-солды еркін жұмсаған күні болды ма? О.Сәрс.

Posted in

ШОҚЫРАҒЫНАН ЖАЗБАДЫ

* Сонда – менің лекциям машинкаға басқанда отыз екі бет шығыпты да, Белгілінікі – дəлме-дəл төрт бет болыпты. Əлі сол шоқырағыңнан жазбапсың-ау, жарықтығым. З.Қаб.

Posted in

ШОҢҚИТЫП (ОТЫРҒЫЗЫП) КЕТТІ

Алдап кетті, жер соқтырды. ~ Олардың ашуының басы – алысып жүріп Халелдің қолы батып кетсе, ойнап отырып Ақбөпенің сөзі батып кетеді. Ақ жарқын, ақылды жеңге тілге де ұста, айтыса қалғанда бір сөзбен шоңқитып отырғызып кететін. С.Жүн. ~ Шоң қазақтың мына сөзі шовинестерді шоңқитып кетеді, – деді манадан бері қайта–қайта басын шұлғып үнсіз отырған Ақаев, қоп–қою қап–қара қасын керіп. С.Дос. ~ Рабфакқа Жамал кеп түсті. Бір қалада оқыған бұл үшеуінің оқиғасы зор даңғазаға айналды. Ақыры Жамал мен Сейіт қосылды да, Кенжеғұлды шоңқитып кетті. Р.Рай.

Posted in

ШОПАҚ ҚҰРЛЫ (ҚҰРЛЫМ) КӨРМЕДІ

Елеген де жоқ; оп-оңай жеңді. ~ Шомбал қара бұдан әрі қымсынған жоқ. Қонағын шопақ құрлы көрместен жалшысына әмір еті: — Бар, қатындардың бірін шақыр. Мына балаға ас ауыз тигізсін, — деді де босағада кереге басында тұрған бөтелкемен айналысты. Ғ.Мұст. * Өз құлағына өзі сенбей көзін ашып еді, албасты қабаққа қарап басады, қызды шопақ құрлы көрмей қолтығына қысқан желаяқ дәу зымырай ұшып, тау асты. М.Қаб. * Әрбірден соң еті қызған құр айғыр өрістегі жылқының иісін сезіп жапан түзге салсын. Үстіндегі сегіз жасар баланы шопақ құрлы көрген жоқ. Қ.Ысқ. * Бұлқынған Шоқанды ол шопақ құрлы көрмей, тебінуіне, бетіне түкіруіне қарамай, есікке қарай жөнеле берді. С.Мұқан. * Бұларға күш керек, бірақ күш жұмсасаң бұлар төрт жолаушыны шопақ құрлы көрмей төртеуін де өлтіріп, аттарын да олжаланып меңіреу жаққа ақбөкендей ауып кетеді. Т.Әлімқ. * Байкенжинді тыңдамаған Бегей Ғалиевті тыңдар деп отырсыңдар ма? Дүйсенге бой бермейтін Белгілі Шойды шопақ құрлым көрер дейсіңдер ме? З.Қаб. * Ахан өкіметке де, қоғамға да қаламның құдіретімен үнсіз қарсылық жасамақ болып еді, бірақ жалпақ қазақтың өзін жатқызып қойып үтіктеп жатқан империялық өктемдік оны шопақ құрлы көрсін бе! .. Қ.Ысқ.

Posted in

ШОЛАҚ БЕЛСЕНДІ

Шаш ал десе бас алатын, әпербақан атқамінер. ~ Иә Өз қолыңды өзің кесе алмайсың. Әйтпесе ғой, әйтпесе!.. Мынау өңшең шолақ белсенділер- ақ титығыма тиіп болды, — деп ашуланады Серкебай. Б.Мом. ~ Ақыры Теңізбайып ара түсіп, бір бәледен аман қалдым. Айналайын Кеңес үкіметі кәзірондай шаш ал десе бас алатын шолақ белсенділерге тиым салды ғой. Б.Алд. ~ … Кешегі дегенде, нақтылай айтсақ, кеңес заманын орнатқан — шолақ белсенділер. Ж.Аяз. ~ «Қарағандыда» Сойдақтістің қабырғада ілулі тұрған Сталин портретіне қарай жұдырығын түйіп, тісін қайрағанын жазсам, жау жағына шықтың, «жауға мінбе бердің» деп жазғырды шолақ белсенділер. З.Қабд.

Posted in

ШОЛАҚ ЕТЕК

1. Етегі қысқа киім. ~ Артықшылығым шашымды келте кескенім бе, биік өкше туфли кигенім бе, шолақ етек юбка кигенім бе? Ә.Тар. ~ Өзі әулетті жігіттей жинақы да жеңіл киінген. Үстінде сидам жеңді шолақ етек жұқа қоңыр бешпент, тар балақ шалбар. С.Ом. ~ Беліндегі көш құлаш жалаңаш қара наганын, шолақ етек ақ тонын шешіп, оларды да жаңағы құлақшын жатқан жерге қойды. С.Ом. 2. ? ~ Құмар да жасында жылқы баққан ғой. Бірақ кейін шолақ етек боп ұмытып қалмаса… К.Қаз. ~ Сталиннің шолақ етек коммунистері: "Құдай жоқ" деп, дінге сенетіндерді түрмеге жабады дейді, — деді де, көзінен жансыз да, үрейлі ұшқын шашып, Жолдыбай жаққа төңкеріле қарап қойды. Т.Рыск.

Posted in

ШОЛАҚ ЖІПТІҢ ҮЗІГІНДЕЙ

Тым қысқа. * Бәлкім, өткен уақыт мен үшін ғана шолақ жіптің үзігіндей тым қысқа, қара үзген жүйріктей ұшқыр шығар, ал жас әйел — сылаң қаққан сұлу келіншектерге ұзақ ғұмырдың тұтас, таусылмайтын бөлігіндей сезілер. Ж.Шағ.