* Еру кезде ел жақсы, шеру кезде көлік жақсы. Көлікті көш, көрікті көш. Малсыз ел шолпы тартып қалып еді. Өйткені бұрын қазақ көшінде жаяу-жалпылы адамды кездестірмейтінсің. Б.Қыд. * Бақытын еңбегінен күтетін, шолпы тартқан көңілдерін бар қадарынша сергек, жоғары ұстағысы келетін тебіз жігіт. Б.Қыд. * Жын шақырған шайқы-пұрқыдай бақырып-шақырып қалың топтың алды екшеліп келіп-ақ қалыпты. Шолпы тартқан көңіл қанша бойды сақыт ұстамақ болса да қараңға бастай беріпті. Б.Қыд.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ШОҚТЫҒЫНА ҚОЛ ЖУЫТПАДЫ
Мойындамады, жақындатпады. ~ Сонда Жауқашты тұрып: «Жарайды, үлкен ел үлкендігін істеп, шоқтығына қол жуытпай отыр. Бірақ соңғы тілегім бар. Жылқымның құлын кезінде таңдайында бармақтай қалы бар еді. Сол болса, сәйгүлік менікі, әйтпесе ат-тон айыбын өзім тартайын», — дейді. Т.Әбд.
ШОҢАЙНА БОЛЫП ЖАБЫСТЫ
* Жатқан жерінде жайратып тастасам ба екен?… Онда нағыз қылмыскер боламын…Ана жылғы Айбаршаның өлімі қанша уақыт шоңайна болып жабысты? Б.Тоғ.
ШОҚША САҚАЛ
~ Шоқша сақал шомбал қара қолындағы қамшысын тастай беріп: — Жоғары шығыңыз, — дегенде, күпісін айналдыра киген жалақ шұбар ыржия күліп жіберді. Іштеме болмағандай екеуі бірден жайраң қағады. Бірінікі шын, бірінікі күлгір жайраң екенін қонақ сезіп отыр. Олар қонақты көп уәкілдің бірі ғой деп отыр. Ғ.Мұст.~ … буылтықтанған шадыр саусақтарымен сауысқан құйрығындай ұзын, бурылдап қылау шалған шоқша сақалын салалады. Ғ.Біләл. * Төлес Әлмақан дуадақтайтеңкиіп, көпшікті шынтақтап жатыр. Қасында малдасын құрып отырған шоқшасақалды, тұйғындай Қуаңға ұзыннан ұзақ бір әңгімені сабақтап, айтады. Б.Алд. * Шоқша сақалын саусақтарымен тарамдап тұрған Әбіл шал сақманшыға қарады. А.Сатаев.
ШОҢАЙНАША ЖАБЫСТЫ
* Е, бәсе, менің осындайым болушы еді. Болмашыны сылтау қып, қыз-келіншекке шоңайнаша жабыса кететінім болушы еді. Сонымды қайта тапқан тәріздімін. Б.Соқп.
ШОЙЫНДАЙ МЫҒЫМ
* Омартадан жаңа алынған балдай қою сары қымызды көтере сапырып, шойындай мығым денелі, екі иығына екі кісі мінгендей отағасы Сейіттің өзі отыр. Т.Рыскелд. * Шалбары сәл қысқалау екен, балағы тобығының үстіне шығып тұр. Оның есесіне шолақ жең шақпақ жейдесі шойындай мығым денесіне қолмен құйғандай жабыса қалды, Арада жарты сағаттай мезгіл өткенде Құлтай бақшадан жаңа жұлған қиярдай жылтырап, торы дөненнің үстіне қонжиды. С.Асылб.
ШОҚ БАСҚАН ТАЙЛАҚТАЙ
* — Мен бұл мәшбітке қылап қыла алмаймын,— деді ол.— Қазір тұра тұр. Мен біліп келейін.— Ол Құрбан екеуі албарға кіріп зым-зия жоқ болды. Мен шоқ басқан тайлақтай шыдамсыздықпен күттім. Б.Қыд.
ШОҚ БАСҚАНДАЙ (БАСЫП АЛҒАНДАЙ) (БОЛДЫ)
1. Зәресі ұша қорықты. * Ол жақтың да байлары шоқ басқандай болып жүр деп естимін. Енді туған жерді тастап, шекарадан өту ғана қалды. Б.Тоғ. * – Мен не айтайын, Мұха, – деп Байкенжин шоқ басқандай, бұйығы қалпынан əдеттен тыс тез оянып, шұғыл серпіліп, теңселіп кетті. З.Қабд. * Басын жерден көтеріп алып, өзін атқан генерал-губернаторға өрттей жанған жанарымен жалын шашақарағанда ол: "Өй, мынау қайтеді? Өткір көзі өңмеңнен өтті ғой" деп шоқ басқандай шошыпты. С.Досан. ~ Сөйтіп жатып көзі ілініп кеткен-ді. Әлдененің тыпыр-тыпыр еткенін, Естігенде шоқ басқандай есі шығып, Ата тұрып белден асып кеткен-ді. С.Бая. ~ Жайбарақат келе жатқан тор ат бір кезде оқыс осқырынып қап, шоқ басып алғандай шоршып, жалт бұрылып ала қашты. Ү.Жәл. ~ . Ұзақ отырысқа белі ұйи бастаған денесі ауыр Батыраш бір жамбастай қисая түскен. Ақан атын естігенде, біреу астына шоқ басып алғандай, басын оқыс жұлып алды. С.Жүн. 2. Қызарып кетті, ысып кетті. * Еламан тыныш жүрегі дүрсілдеп қатты-қатты соғып кеткенін байқады. Құлағының ұшы кенет шоқ басқандай дуылдап бара жатқанын байқағанда, ол: «әй, осы әдетім-ақ жаман…» -д еп қынжылды. Ә.Нұрп. * Күн тас төбеге өрмелеп желкені шоқ басқандай күйдіре түседі. Д.Досж.
ШОҚ БАСҚАНДАЙ ШАР ЕТТІ
Қорқып кетті, жүрегі дір етіп, дауыстап жіберді. * Тұманға малтыққан бұлыңғыр санасын кенет жарық сәуле осып өткенде, шоқ басқандай шар етіп шыңғырып жіберген. Т.Сәу. * Не істегені санасына енді жетсе керек, Орлов: – Қалай? – деді шоқ басқандай шар етіп. Старшина одан сайын үрейдің отын үрлеп қоздыра түсті … Т.Сәу. * – Кәне, сал! – деді тарғыл сары алақанын тосып. «Салықтың» мөлшерін айтқанда, бұл шоқ басқандай шар ете түсті: – Бар-жоғы міне, осы! – Қос буда қызыл құлақты ұсына берген. Т.Сәу. * – Ойбай, енді сен де тергеуге келдің бе? – деді әйел шоқ басқандай шар етіп. – Анасы кеп – бір, мынасы кеп – екі сұрап, әбден басыма пәле болды ғой. Т.Сәу.
ШОҚ БАСҚАНДАЙ ЫРШЫП (ШОРШЫП) ТҮСТІ
Үрейден атып тұрды. * Әңірейген кең залдың оң бұрышындағы құжат қабылдап отырған келіншекке кезегі жетеді. Қобыраған қағазын ұсынған. Келіншек шоқ басқандай ыршып түседі. Д.Досж. * Аузымды жия бергенімде, Экли шоқ басқандай ыршып тұрды. Дж.Сэл. * Мал баспаған көкорайлы томар суына құныға бас қоя бере оң жағына көз тастаған бейғам торы үркіп шоқ басқандай екінші жаққа шоршып түсті. С.Жүн. * -Тек!-деп шоқ басқандай шоршып түсті Жайбасар.-Зат емес, мал емес, оны айтасың, тіпіт адам да емес жылдар бойы жарқырап жатқан үп-үлкен өзен жоғалушы ма еді? Не айтып тұрсыңдар? С.Досан. * – То-о! – Қосымхан шоқ басқандай ыршып тұрды. Ызаланғаны ма, абдырағаны ма – белгісіз, жүзі қуарып шыға келді. Т.Сәу. * Ерасылдың тұла бойы шымырлап, өн бойы балқи бастаған Әтіркүл оның кқйлегінің түймелерін ағыта бастады. Ерасыл оқыс есін жиып, шоқ басқандай ыршып түсті. С.Досан. * Енді, міне, талай заман өтсе де, сол бір сапарды Айнұр аза бойы қаза болып, шоқ басқандай шоршып түсіп еске алды. Ш.Мұрт. * – Келші бері, басыңа олар не істеді екен, көрейін,– деп Найман- Ана қолын соза беріп еді, мәңгүрт шоқ басқандай, ыршып түсті. Ш.Айт.
