Posted in

ШОҚТЫҒЫ АСТЫ (БИІКТЕДІ)

Абыройы асты, беделі өсті. ~ Биші жылқының ілтипатқа мойны иілгенде жалы күдірейіп, кекілі төгіліп, шоқтығын биіктете түсуші еді-ау! Т.Әл. ~ Майда-шүйдеге жұғыстырмай, осындағы түбегейлі, тамыры терең іске салу қажет… Ана кісінің абыройы асқан сайын оның да шоқтығы биіктеп барады. Б.Тоғ. ~ … жақын-жарандардың, әсіресе Тұяқбай шалдың шоқтығын асырып-ақ тастап еді… О.Сәрс.

Posted in

ШОБЫР АТТАЙ (ШАБАН)

* жамандық атаулы қашан да жылдам, жалт еткен жасындай ұшқыр, ал менің құрдастарым өмірден аңсай күтуге әдеттенген ізгілік, жақсылық пен қуаныш шобыр аттай тым шабан, қанша тырбанса да тасбақа іспетті аяғын санап басқан жүрісі өнбейді. Ж.Шағ.

Posted in

ШОҚТЫҒЫ БИІК

Елден ерек; басқадан гөрі еңселі. ~ Төре, — деді есік жақта отырған өзгелерден анағұрлым шоқтығы биік, еңгезердей Басықара батыр, — алдымен құдай, содан кейін өзің деп соңыңнан еріп едік, ақылын өзің тап. І.Ес. ~ Журналист мамандығы басқа мамандықтарға қарағанда шоқтығы биік тұрады. Қ.Жиен. ~ Сол Қалидың бүгін шоқтығы биік. Қасынан Тана шықпайды. Соған бетін сүйгізеді. Соның бетін сүйеді. Нақұрыс, "амеба", "бір клеткалы" екенін түсінбейді. Қодар соған күйінеді. Ә.Тар.

Posted in

ШОҒЫН БАСТЫ

* — Оның несін айта бересіз? Келдібайдың өзі де есесін жібермес. Үш күннен бері күнде келіп шоғын басып кетеді. Келдібай таласқа қызынып алған сияқты: — Қуып жетіп, басып озды деген осындай болады! Демесіні факелінен айрылған соң аңсады ғой, бұл кісі, — деді. Ғ.Слан.

Posted in

ШОДЫР МІНЕЗ

~ Жақсы мінез жақсылыққа, сабырлыққа, табысқа жетелейді. Шодыр мінез – күйгелектікке, өкінішке, азапқа алып барады. Ә.Ысқ. ~ Дегенмен, оған әңгіме айту қиын бола да бермейді. Оның, шодыр мінезіне сәйкес бір нәрсеге күйіп– пісіп қалуына да екі минут болмай жатып, басыла қалады. Онда кек жоқ. Адал жігіт. Б.Бұлқ.

Posted in

ШОЙЫНДАЙ (ШОЙЫН) ҚАРА

Қап-қара. * Молдабек күлді. Шойындай қара кісінің қожыр беті жайдары тартты. Ол: – Қазақ мөрсіз қағазды бұйым көрмейді. Шәукен өскенде керек болады. Т.Әлімқ. * Оның сопайған ат жақты беті шойындай қап-қара болып түтігіп, қылышын қиғаштай көзін шала жұмып, сілтеп қалды. Т.Рыскелд. * Шындығында Мәрзияның аталары дембелше, шойын қаралар тұқымынан болатын. Алма ағашынан алыс түссін бе, жынысы әйел демесе, бұл қыз да тұқымнан ұзамады. С.Досж. * Даладан келе төсегіне құлаған, сәлден кейін сол жас кезіндегі тән азаптары кенет сағыныш, арман сияқты түсініксіз, көмескі елес бере бастады, енді сол азаптарды бұл қауға сақал шойын қара байынан емес, сыптай тартылған нәзік солдаттан күткендей. Ә.Тараз.

Posted in

ШОЙЫНДАЙ АУЫР

Зілдей. * Шойындай ауыр етіктер аяз қатырған суырылмалы қарды күреп келеді. Кейбіреулері сүрініп кетіп қонышымен қарды қауып қалады. Т.Ахт. * Қолдары кішігірім күректің басындай. Шолпанның қолын алғанда, менің есіме тура сол келді. Әйел затына бітпейтұғын шойындай ауыр, кесек қол. Б.Соқп.

Posted in

ШОЙЫНДАЙ МЫҒЫМ

* Омартадан жаңа алынған балдай қою сары қымызды көтере сапырып, шойындай мығым денелі, екі иығына екі кісі мінгендей отағасы Сейіттің өзі отыр. Т.Рыскелд. * Шалбары сәл қысқалау екен, балағы тобығының үстіне шығып тұр. Оның есесіне шолақ жең шақпақ жейдесі шойындай мығым денесіне қолмен құйғандай жабыса қалды, Арада жарты сағаттай мезгіл өткенде Құлтай бақшадан жаңа жұлған қиярдай жылтырап, торы дөненнің үстіне қонжиды. С.Асылб.

Posted in

ШОҚ БАСҚАН ТАЙЛАҚТАЙ

* — Мен бұл мәшбітке қылап қыла алмаймын,— деді ол.— Қазір тұра тұр. Мен біліп келейін.— Ол Құрбан екеуі албарға кіріп зым-зия жоқ болды. Мен шоқ басқан тайлақтай шыдамсыздықпен күттім. Б.Қыд.

Posted in

ШОҚ БАСҚАНДАЙ (БАСЫП АЛҒАНДАЙ) (БОЛДЫ)

1. Зәресі ұша қорықты. * Ол жақтың да байлары шоқ басқандай болып жүр деп естимін. Енді туған жерді тастап, шекарадан өту ғана қалды. Б.Тоғ. * – Мен не айтайын, Мұха, – деп Байкенжин шоқ басқандай, бұйығы қалпынан əдеттен тыс тез оянып, шұғыл серпіліп, теңселіп кетті. З.Қабд. * Басын жерден көтеріп алып, өзін атқан генерал-губернаторға өрттей жанған жанарымен жалын шашақарағанда ол: "Өй, мынау қайтеді? Өткір көзі өңмеңнен өтті ғой" деп шоқ басқандай шошыпты. С.Досан. ~ Сөйтіп жатып көзі ілініп кеткен-ді. Әлдененің тыпыр-тыпыр еткенін, Естігенде шоқ басқандай есі шығып, Ата тұрып белден асып кеткен-ді. С.Бая. ~ Жайбарақат келе жатқан тор ат бір кезде оқыс осқырынып қап, шоқ басып алғандай шоршып, жалт бұрылып ала қашты. Ү.Жәл. ~ . Ұзақ отырысқа белі ұйи бастаған денесі ауыр Батыраш бір жамбастай қисая түскен. Ақан атын естігенде, біреу астына шоқ басып алғандай, басын оқыс жұлып алды. С.Жүн. 2. Қызарып кетті, ысып кетті. * Еламан тыныш жүрегі дүрсілдеп қатты-қатты соғып кеткенін байқады. Құлағының ұшы кенет шоқ басқандай дуылдап бара жатқанын байқағанда, ол: «әй, осы әдетім-ақ жаман…» -д еп қынжылды. Ә.Нұрп. * Күн тас төбеге өрмелеп желкені шоқ басқандай күйдіре түседі. Д.Досж.