Posted in

СОПИҒАН (СОПАЙҒАН) СОҚА БАСЫ

Жападан-жалғыз; қара басы; қасына ерген ешкімі жоқ. * Міне, елуге аяқ басты. Әлі күнге дейін сопиған соқа басы. Бауыры жылып бала сүйген жоқ. Т.Сәу. ~ Үйге келгенше лепірген көңіл басылады, жоғары көтерілгенше өзіңді толық табасың, ал табалдырықтан… сопайған соқа басың ғана аттайды. С.Нұғ. ~ Мал ұстап жарыта алмаған, соқа басы сопайған қазақ жігіттері орыс ақшасына қызығып, осында топ-тобымен келіп жатты. Ұ.Досп. ~ Қызы Торша Батыс Қазақстан жаққа тұрмысқа шығып, қара орманда кемпірдің жалғыз соқа басы сопиып қалған еді. Ә.Ыб.

Posted in

СОРПАЛЫҒЫ БАР

Қоңды, жілігі татитын мал туралы. ~ Көкөзек шақта сорпалығы бар қой бүкіл ауданды сауын айтып сандалып іздесең де табылмайды. О.Бөк. ~ Демежан басқа лаж таппай, ондайларға мынадай кеңес берді. – Жілігі татитын, сорпалығы бар малдарыңды сойып алыңдар. Жұрт көже– қатықсыз аштыққа ұшырап жүрмесін. Қолда бар ағайын жоқтарына қарайлассын. Бас аман қалса, мал табылар… Қ.Жұм. ~ Сол аптобозға мінгендей асып–сасып үстіңнен секіріп жатқанда, бір көзіңді қысып алып шытырлатып құлата бер. Бірақ бәрін шетінен қыра бермей, жілігі татитын сорпалығы бар бітеу бүйендерін ат, – деп кетіп қалды. О.Әуб.

Posted in

СОПЫДАЙ СҮМИДІ

Өтірік момынсыды. ~ Мырылдады азандай, Сәлде салды қазандай, Тасбиқ алды қолына. Тап сопыдай сүмиді, Тап молдадай мүлиді, Кірді тәубе жолына. Кіргені оның қалайша? Кіргені оның былайша: Қазан сәлде қаңқиды. Таңырай мұрты таңқиды, Қос құлағы салпиды, Бір момын боп маңқиды. М.Жұм.

Posted in

СОРПАСЫ АРАЛАСПАҒАН

Еш жақындығы жоқ, қаны бөлек. ~ Ұлпан Адам-атаның ар жағында болмаса, оның бер жағында хан тұқымына да, би тұқымына да сорпасы араласпаған батыр Артықбайдың қызы. Ұлпанда мырзалық та жоқ, сараңдық та жоқ, атақ құмарлық та жоқ, ерекше бір жинақтылық бар. Ғ.Мүс.

Posted in

СОР АЙДАДЫ

Жамандыққа бастады, қырсық шалды. ~ Сор айдаған екен мені. Екі күн болды етегінен ұстадым деген азаматым «Жолды шолып қайтамын» деп кетіп еді, құс болып аспанға ұшып кетті ме, әлде құрт болып жерге сіңіп кетті ме, мені бір жартастың түбіндегі үңгірге жасырып кетіп еді, содан бері жым-жылас жоғалды. К.Сег. ~ Семсер қанат уыздай тыныштықты тілгілеп, Аңшы тартқан шырғаны қас қағымда ілді кеп. Сырты торлы шырғаға қадалды өткір жез тырнақ Сор айдаса кімдіде, іс осылай тез тынбақ, Д.Әбілқ. ~ Ақтөстің сол бойда кете беруіне де болушы еді, бірақ не сор айдағанын кім білсін, жауы кіріп кеткен үңгірдің аузына қарап кідірді. К.Сег.

Posted in

СОРПАСЫ ҚОСЫЛМАЙДЫ

Еш қатысы жоқ, мүлде бөлек, ұқсамайды. ~ Қарап отырса мына балалардың бір-біріне тартқаны жоқ, әкесіне ұқсайды-ау дегені шешесіне жоламапты, шешесіне тартқан-ау дегені Жаманеркекке сорпасы қосылар емес. Д.Дос. ~ Олар үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Бен Ладен оқиғасы мен Шығыс Түркістан мәселесін бір ұйымның ісі ретінде қарап, халықаралық ұйымдарға арт-артынан өтініштер енгізді. Ж.Шәк. ~ Онысы оның үстіндегінің, ол тағы өзінің үстіндегінің табанын жалап…Ең соңында тіпті үш қайнаса сорпасы қосылмайтын басқа біреудің де … Әй, қойшы, қалай-қалай бұзылған адамдар-ә!…» деп басын шайқады. Ж.Сәм. ~ — Папам мен мамамның саған жасаған жақсылығын ұмытқан екенсің. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сені, туған балалары бізден кем көрмей бірдей ішіндіріп, бірдей киіндіріп еді. Құдайдан жетсін, құдай тапсын. Ә.Ыб.

Posted in

СОР БОЛДЫ

Пәле болды, кесірі тиді. ~ Оның басқа жұртқа назар салып, сиқырлық жасағанын көрген емеспін, бірақ жаратылыстан нәзіктігінен бе, әлде әйел жанының бусанып тұрған бір лебі ме, әйтеуір еркекті өзіне еріксіз тартып алады. Сонысы сор болып ана неміс те тап бола кеткенін қарасайшы. Т.Ахт. ~ Бота кезінде бақсының өзі кесіп тастаған құлағы аздай‚ үстіңгі еріннің бір жағын қоса кеңсірікті құйқасымен жалаңаштай сыпырып кеткені сор болды. А.Алт.

Posted in

СОР БОЛЫП ЖАБЫСТЫ

Бәлеге ұрындырды, сорлатты. ~ Сәуленің шыдамы мұнан әріге жеткен жоқ. — Ертең өзіңе сор болып жабысып, ор болып қазылатын өтірікті не үшін айтып отырсың? — деп бірден сарт етті. Ә.Әб. «Қарғам, қаптаған делқұлылардың ортасында қайтіп қана жатыр екен? Соншама осындай санасына сызат түсетіндей не теперіш көрді? Ұлан басына пана емес, сор болып жабысқан-ау. Ә.Ыб. ~ Тегісекең айтқанында тұрды. Сайлаушылар дауысын ат ауыстырып мініп ауданға дер кезінде, уәделі уағында жеткізіп мерейі тасыса, ат зорықтырғыш алақұйын белсенді аталып жұрт алдында жаман пұшайман болған. Сол ат бұған сор болып жабысты. Қ.Жұм.

Posted in

СОР КЕШТІ

~ Арыға шыдамай еңіреп тұрып жылап, Нұрмираны бас салды. — Жетімдігімізді пайдаланып, басынды. Ағамыз, ең құрымағанда ініміз болғанда мұндай сор кешіп, көрінгеннің таптауына түспес пе ек? Ә.Ыб.

Posted in

СОР ҚАТТЫ

~ Шүйде шашты қолыммен тінткілеп, төнгем кеп, Бір топ шашын шыңғыртып жұлып алдым шеңгелдеп, Итше ұлыды сор қатқан төмен қарап, өңмеңдеп. М.Мақ.