Тер моншақтап ақты. * Бірақ соңғы бюрода… сорпасы шығып терлегені есінде, енді бұдан былай тағы да тезге түсіп жүрсе, оңбай қалатынын іші сезеді. О.Сәр.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СӨДЕГЕЙ ЖҮРІС
Жөн-жосықсыз, бейсауат жүріс. ~ — Сол тұспен шекараға қашатындар бар. Жақында сондай сөдегей жүрістен екі қашқын ұсталды. Ұтыдағы әскерлерден сол жақтағы шеткері төбелерге, Ұланбұлаққа қарауыл қойылатын болыпты. Қ.Шабд. ~ Сол Өтеген қоңыр күзде, таңға жуық таң асырған атын көше бойындағы алсын көгалға отқа қойып жүріп, Жұмабектің қызы мен Жолдыбайдың алма бақшасының арасынан бірге шыққанын көзі шалып қалады. Ішінде иіріліп жылан жатқандай, уыттанып жүрген Өтеген, қарсыласының сөдегей жүрісін құрақ көрпедей күлдібадам түр шығарып, жалпақ елге жайып жібереген. Т.Рыск. ~ Таңғы шайымды ішіп бола бере үйге ентігіп кірген баланың сөдегей жүрісі үйдегілерді елең еткізді. Мен қылп ете қалдым. Е.Мәт. ~ Ақыры сол құйындай ұйытқыған зымыран зардаптардың бірі әдепкі раундтың соңғы сәттерінде сөде-гей жүріс, сөлекет қимылдан аса ал-маған Доминикті жазық жерде жалп еткізіп, баудай домалатып түсірді. С.Пір. ~ Ішінде иіріліп жылан жатқандай, уыттанып жүрген Өтеген, қарсыласының сөдегей жүрісін құрақ көрпедей күлдібадам түр шығарып, жалпақ елге жайып жібереген. Т.Рыс.
СОРТАҢНАН КЕЛГЕН СИЫРДАЙ ОПТЫҚТЫ
Жанын салып қармады. ~ Қартқожа орнынан бір-екі рет ұмтылып еді, қолына еш нәрсе түсіре алмады. Ұрымтал жердегі озбырлар жұлып әкетті. Әйтеуір Имақанның қолындағы сүбеден қармаулырақ төрт-бес алып жіберді. Күні бойы қымыз ішіп, алысып-жұлысып, шабыттанып отырған жігіттер сортаңнан келген сиырдай оптығып, қырып барады. Ж.Айм.
СӨДЕГЕЙ ЖҮРІСТІ (АДАМ)
Бейсауат, күдік тудыратын суыт жүрісті адам. ~ — Құдай сақтайды ғой… — Сөдегей жүрісті, бөгде біреуді көрмесін де. Көзі түссе, саққұлақ машкерлер- ақ ұстап береді оны. Т.Рыс. ~ Сөдегей жүрісті адам, әрине, күндіз жүрмейді, апақ– сапақ кешкі ымыртты бетке алады. Ақшам үйіріліп, көз байланар шақта тосқауылда жатқандар талдың арасынан шығып, енді жарқабақтың астындағы көпірдің дәл аузына келіп тұрды. Қ.Жұм.
СОР КЕШТІ
~ Арыға шыдамай еңіреп тұрып жылап, Нұрмираны бас салды. — Жетімдігімізді пайдаланып, басынды. Ағамыз, ең құрымағанда ініміз болғанда мұндай сор кешіп, көрінгеннің таптауына түспес пе ек? Ә.Ыб.
СОР ҚАТТЫ
~ Шүйде шашты қолыммен тінткілеп, төнгем кеп, Бір топ шашын шыңғыртып жұлып алдым шеңгелдеп, Итше ұлыды сор қатқан төмен қарап, өңмеңдеп. М.Мақ.
СОР ҚҰМАР
Жолы ауыр, бейшара, сормаңдай адам туралы. ~ «Тұнығым ылай болды. Уа, тұнығым ылай болды. Қуғыншым құмай болды. Құтылар қайран жоқ, Сор құмар сыңай болды…» М.Әу. ~ Жақсылықтан үркесің, Жамандықтан безбейсің, Тауаның жүрсе шағыла. Қымыз құмар, сөз құмар, Сор құмар өңшең сорлылар! Дулат Баб.
СОР МАҢДАЙ
Бақытсыз, қайғыдан көз ашпаған байғұс, сорлы жан. ~ Құдайым келтірген соң істі қырын, Кез келді сор маңдайға ақсақ Нұрым. Ашылмас тұман, айнымас бұлт жапты, Ал енді, кімге ұрынсаң, соған ұрын. С.Тор. * Үш әйел, үш баланың өлі-тірісі белгісіз. Оның ішінде Ақылжанымен қоса өз әпкесі Дәмелі бар. Малыбай жездесі басын тоқпақтап, жылап отыр. «Сор маңдай, сор маңдай» деп өзін-өзі ұрғылай береді… К.Қаз. * Мені бақсыз, сор маңдай жан санаған, Ес жия алмай жатса да ауыр жарадан, Өзін мәңгі бақыттыға балаған, Бұл не деген өр адам? М.Шах. * – Қор болдыңдар- ау! Тірі жетім, тірі жесір сор маңдай бейбақ болдыңдар- ау! Ей дүние, енді көрсетпегенің осы ма еді. С.См.
СОҢЫНА ТҮСТІ
Мақсат тұтты, талпынды. * Қызық жай: он миллион табыс кіргізетін колхозда бала бақшасын, бала яслиінашу деген де сөз болып па! Тек соңына түсуші табылмағаны ғой. С.Шайм. ~ — Мен… — күмілжіп қалды, — сенімен ақылдаспай бір шаруаның соңына түсіп едім. — Ұрлық жасағандай жүзін төмен салды. Ә.Ыб. Аңдыды, ізін бақты, басқан ізін аңдыды, қудалады. * Сұлтанбек дейтін бір жігітіміз бар еді, сол "байдыңқызын алды" деп менің соңыма түсіп… Ауылда жүрген соң қазақшылыққа да араласып кетеміз-ау. Осының қыз күнінде сол Сұлтанбек те "алам" деп қылжақтап жүретін. Баяғы соңыма түскенін "өштікпен істегені" деп білдім мен. Б.Майл. ~ Нысан мылтық ала шықпағанына өкініп дағдарып тұр- ды-тұрды да ілгері озды. Белеңге іліккенде Ақберенді шошындырған құбыжықты көрді де, қасқырдың соңына түсіп берді. Ө.Кәр.~ Соқталанып жатқан іздер арасынан тәжірибелі көз олардың соңына түскен түз тағыларының суыт жүрісін де айырып алды. Олар да аз емес, бір үйірдей. К.Ор. Әлдебір әдетке салынды. ~ Мыңдаған жылдар бойы кәйіптің небір түрін ойлап тауып, соңына түсіп, сондада мейірі бір қанбай жүретін пенделер дәл мұндай ғанибеттің болатынын өңі түгіл түсінде де сезіне алмайды. Е.Әл. ~ Оның үстіне өлең- жырдың соңына түсіп ақындыққа бой ұру атағы алты алашқа аян дүмбі тұқым үшін ерсі саналатын ұғым табиғи дарынын ұштаумен түбегейлі шұғылдануына тұсау болады. С.Ақт.
СОР ТҮРТТІ
Әлдебір жамандыққа аяқ басты, өзін-өзі итермеледі. ~ Нұрқан. Жол біліп, жөн сілтері жоқ, бір сор түртіп жүр, не қыласыз. Жүзтайлақ. Ажалды киік адырға деп, қаза түртіп жүрген де. М.Әу. ~ Түйе балуан мен Балуан Шолақ ұстасарда «анау жіңішкені, анау жуан езіп тастайды — ау! — дескен еді Ғалияның қасында тұрған жұрт, — жіңішкені сор түртуін қарай гөр!» Ғалия да осы ойда болды, бірақ оның тілегі, танымаса да жіңішке жігітке ауды. С.Мұқ. ~ Білгенімді бір қара көз бауырыма үйретсем, сол да пайда деп бармай қойды ғой! Өз дегені болмаса көнбейтін қыңыр адам. Бәлкім осы сор түртті ме екен. Т.Сәу. ~ Аудан секратары қарқылдап күліп кетті: — Иә, иә, менің құлағымның орнына сенің құлағың кететін шилі өзек деген ғой. Ха — ха — ха …Өзің де тыныш отырмадың емес пе? Сор түртті ғой. Әйтпесе саған сол күні тұк те жоқ еді. Ж.Сәм.
