Posted in

СОНАДАЙ ЖЕР

Әжептәуір қашық жер. ~ Өз қызығы өзімен болып, ой теңізінде еркін жүзіп жүр. Бірақ, осы кезде Сейіттің соңынан бір адам қара үзбей, сонадай жерден ол қайда бұрылса, солай жүріп, ізін бақты. Жаңа бір әзірде ғана бұл адамның санасында еш нәрсе жоқ еді. Р.Рай. ~ Көз ұшындағы ирек сағымға, сағымға ұқсас жөңкілген бұлтқа, арлы–берлі дамылсыз сабылған поезға күн сала қарар. Сонадай жерде ұшқасып–тіресіп өтіп бара жатқан жолшылар саусағын шошайтар. Д.Дос.

Posted in

СОҢҒЫ ТҰЯҚ СЕРПІС (СЕРПУ)

Өлер алдындағы ақтық қаракет, жан-дәрмен қарсылық. ~ Жә, Қайсардікі суға кеткен тал қармайдының кебі дейік. Қажыған, қалжыраған кәрі кеуденің соңғы тұяқ серпісі — жігіттіктің тәтті дәмін татып қалу арманының қаракеті. М.Сүн. ~ — Енді не істейді? Аяз мүйізді қысса, мүйіз тұқылды қысады. Өкімет шетелге төлеп жатқан айып ақшаның есесін қарауындағы халықтан қайырмағанда кімнен алады? Мұны жан тапсыру алдындағы соңғы тұяқ серпу, ышқыну деп ұғынуымыз керек. Қ.Жұм. ~ Көшпенділердің ен соңғы тұяқ серпуі Алтын Орда мен Жоңғар мемлекеті болды да, сонымен тынды… Қ.Жұм.

Posted in

СОНАР ҚАР

Алғаш түскен қалың ұлпа қар. * Аңшыға жаңа із арқылы қолайлы жағдай тудырып тұрған сонар қар мен аңның алынуы, екеуінің бірлескен ұғымынан келіп, «қансонар» деген аңшылыққа тән атау пайда болған деуге толық негіз бар. Ж.Баб.

Posted in

СОҢЫНА (АРТЫНА) СӨЗ ІЛЕСТІРДІ (ЕРДІ)

Елдің өсегіне қалған адам туралы. ~ Былайғы халық сол күні оның қайда кеткенін де білмеді. Можантопайлар «е, тағы да қиял соңына еріп, кеткен шығар қаңғырып» деп, мысқылдай, мазақтай, соңына сөз ілестірді. Ж.Жұм. ~ — Әй, осы сен шын айтып тұрмысың? — деп апам бетіме үңіле қарады да, ізінше шошына ыршып түсті. — Тантыма!.. Не деп сандалып тұрсың. Қыз жетпей күнің осыған қалса да аулақ жүр! Жеңіл мінезділігінен артына сөз ерген, күйеуден шыққанды алдырмаймын! Естимісің, алдырмаймын!.. — Апамның даусы ащы шықты. М.Сүн.

Posted in

СОНДА ДЕЙМІН-АУ

Солай болған жағдайда, солай болса. ~ Ақылы бар, ойы бар, тілі бар, дыбыс пен бояудың сырық түсіне білетін қасиеті бар Адам формасында келдік. Қысқа ғана мерзімге. Асығыспыз, уақыт жоқ. Белгісіз кеңістіктегі белгісіз бөлшекке тез қайта айналуымыз керек. Сонда деймін-ау, сонда не үшін келдік, не үшін келдім. Д.Ис. ~ Сонда, сонда деймін-ау, бұл ауылдың аққараны ажыратуға қауқары жететін ақсақал-қарасақалдары қайда қараған?! Әлде оларға да бәрібір ме. Қ.Жиен. ~ – Әлденеге асығады, әкри, басын қатырып әлденені іздеп келіп жүргені… Сонда деймін- ау, қайда асығамыз, қайда бара жатырмыз? Неменені тіміскілеп итше іздейміз? О.Бөк. ~ Сонда деймін- ау, біз орыстарды адам, олардың жатқан жерлерін бейіт ретінде көрмегенбіз бе?.. Ештеңе сезінбей, беймарал аттап түсіп- шығып жүре беруші ек. Г.Нар. ~ Сонда деймін- ау, қара жұмысты кім істемек? Ауылды кім көтереді? Малды кім бағады? Сүтті кім сауады? Ә.Асқ.

Posted in

СОҢЫНА (ІЗІНЕ, АРТЫНА) ШЫРАҚ АЛЫП ТҮСТІ

Қыр соңынан қалмай қудалады, басқан ізін аңдыды, қара тырнағына шейін тергеді. ~ Үстінде аю терісінен жасалған кеудешесі бар. Тани кетті. Мынау, апырау, өзі ғой. Баяғыда соңына шырақ алып түскен дұшпандарынан жасырынып, тау ішінде Касар мергенге еріп қашып-пысып жүргенде тап осындай еді ғой. О.Бөк. ~ Бір жағынан Әбілқайыр тұқымы, бір жағынан орыс әкімшілігі, — соңына шырақ алып түскен батыр Хиуаға сырғиды екен. Есіл ер жат жерде қайғылы қазаға ұшырайды. Соны есіткенде, Жанқожа бармағын тістеді… З.Шүк.. ~ Жақыбай үнсіз құптап, бас изеді. − Жат, ұйықта құлыным! Мен де ұйықтайын. Ертеңнен бастап Нұртайдың ізіне шырақ алып түсермін… С.Ом. ~ Жәніке-Сарыға қараған туыстарын Сегіз де жақтырмайды. Тоқалдан тарағандарды құл орнына жұмсайтынымен тұрмай, соңғы жылдары Сегіздің ізіне шырақ алып түскен. Мақпалға да таңбаған атақтары жоқ. "Ат көті күң" атап қойыпты. З.Шүк. ~ Аяғанда мұқым еңбегім зая кетіп, қудаландым. Қорғатқанды қойып, қолжазбаңды өрте деп, артыма шырақ алып түсті. О.Бөк.

Posted in

СОНЫ СЕРПІЛІС

Жаңа қарқын, жаңа күшпен әлдебір жұмысқа, іске кірісу туралы. ~ Ең алдымен, соны серпіліске кеселі тиюге мүмкін сұмпайылардың көзі жойылуға тиіс. М.Мағ. ~ Қазақтың рухын сақтап, Еуропаның ғылымын бойына сіңірген жұрт қана ел намысын қорғай алатын болады. Осыдан ғана соны серпіліс, заманға қарай елдің түлеуін көргендеймін. К.Жүн.

Posted in

СОҢЫНА ӨСЕК ЕРТТІ

Елдің жел сөзіне қалды, өсек әңгімесіне таңылды. ~ Бұның бәрін Бөкен елден естіген. Бұның бәрін ел сөз етпеуі де мүмкін еді, өткен жылы ол қып- қызыл «Запорожец» машинасын алып, соңынан қып- қызыл өсек ерткен. Д.Әш.~ Оның шыдамдылығы, сабырлылығы, күйеуінен мүлдем айырыла тұрып (ал Ержан Жәмиланың өзін сүйетінін жақсы білетін), қайғысына шыдай білуі, жеңілдік істеп, «сен сөйтсең, мен бүйтемін» деп, балаларына өгей әке іздемеуі, күйеуге шықпай қоюы, тіпті, жалпы, махаббат мәселесінде соңынан өсек ертпеуі, ұстамдылығы, рухани тазалығы, осындай қасиеттерінің бәрі келіп, Ержанға өзінің бұрынғы әйелін тағы есіне түсірген. І.Ес. ~ Әйтеуір, былайғы жұрттың көзіне түспей, соңына өсек ертпей, жасарын жасар болса – Айтқалидың онда шатағы қанша! Ә.Асқ.

Posted in

СОНЫ СОҚПАҚ

Жаңа жол, ерекше бағыт. ~ Оқылуда күңгірт болғанмен астарына соны соқпақтар – әдемі дүниелер жасырынған жұмбақтық қасиеті болу. Ж.Шәк. ~ Сен біздің ауылда бұрын-соңды ешкім ата кәсіп ете қоймаған жаңа өнерге бірінші боп бет бұрғандардың бірі едің — құландар жортқан құба түзге талай-талай соны соқпақты өзің салдың. Ә.Кек. ~ Сол дәуірдегі әдебиет сардарлары мен сарбаздары, Аманжолов айтқандай, көне іздерді тастап, соны соқпаққа түскен «тар жол, тайғақ кешуде» (Сәкен) адасса, жаппай адасты; қателессе, жаппай қателесті. З.Қаб.

Posted in

СОҢЫНА СӨЗ ЕРТПЕДІ (ЕРГІЗБЕДІ)

Қысқасы, жеті жыл бойы Гүлзина жалғыз. Жеті жыл бойы бір еркектің бетіне тіктеп қарамаған, соңынасөз ертпеген аппақ қардай адал жан. Ә.Асқ. Соғыс ардагері, екі бірдей арысын жауға берді, бөтеннің ала жібін аттамай, соңына сөз ергізбей адалынанеңбек етті. Ә.Асқ. ~ Отыздың зұлым жылдарынан аман қалып, бірде-бір пенденің соңынан сөз ертпей арын таза алып шыққанының өзі қаншалық. Қ.Ысқ. ~ Соғыс ардагері, екі бірдей арысын жауға берді, бөтеннің ала жібін аттамай, соңына сөз ергізбей адалынан еңбек етті. Ә.Асқ.