Құр сүлдесі қалды, арып-азды. ~ Қазақ даласына тараған ең үлкен індет – сонау атам заманнан бері сілімтігін сүйретіп, осы күні өлексесі қалған домалақ арыз. Ә.Кек.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СИПАТ ТАНЫТТЫ
Бағытын байқатты; сырын паш етті. ~ Бір байқағаны — мұнымен сөйлескен кезде Президент жарқ-жұрқ етіп жоталанып, ерекше сипат танытып нұсқаланып отырды. Д.Дос. * Дегенмен, аталмыш заң тек діни бірлестіктердің қызметіне қатысты кейбір мәселелерді реттеуге ғана бағытталғандай сипат танытты. БАҚ. * Одан әрі ақындық хақында сөз қозғап, сырласқандай сипат танытты. Ә.Рах.
СИЫРҒА ЕР-ТОҚЫМ ЕРТТЕГЕНДЕЙ (САЛҒАНДАЙ)
Мүлде жараспайды д.м. * Бұл жерге келгенде өлеусіреген жүрекпен ақырын ғана иек қағудың орнына, Ғаббас хатты бір жолдасына лақтырын тастап, сақылдап күліп еді. Бұл сұлу жыр мына жерде сиырға ер-тоқым ерттегендей үйлеспейтін, жадағай күй болып сезіліп еді. М.Әу. ~ Батыстық іскерлік пен эмансипацияға негізделеген бұл үлгілер көбіне олардың бойына жараспай, сиырға ер-тоқым салғандай әбес көрініп жататыны да өтірік емес. О.Жәл.
СИДАҢ ҚАҚТЫ
Салпақтап жүріп алды, тыным таппады. ~ Сиыр бақтым — сидаң қақтым, Ешкі бақтым — еңіреп бақтым. Қой бақтым- қоңыраулаттым. Мақал-мәтел. ~ Нақ осы жерде Әзірбай сиырдың жеті ата, жеті пұстысы — Зеңгі бабадан бастап түк қалдырмай қайта сыбап өтті. — Талайды сидаң қақтырған пәлелерді қайыр бері, Тұрсын! Б.Қыд. ~ … сонан соң иленіп уқаланып қырылып жонылған қызыл күрең түлкі тымақты киген соң сол өңірлдің жігіт атаулысы Хауа Атаның қазіргі ұрқы көктемдегі күйлі бұқаша сидаң қағып ауыл-ауылды кезіп жүрді. Б.Жұм. ~ Стрешнев оны тершең сүрлеумен үлкен жолға шығарып салды. Арба соңынан еріп отырған. Мес торы қайта-қайта сабанға мойнын соза берген соң қамшымен бастан тартып-тартып жіберіп еді, ат кегжеңдеп, ішек-қарны қорқылдап сидаң қақты. Екеуі де үнсіз, ілби аяңдап келеді. И.Бун. ~ Сағағына серт байласып, сәулеге иек сүйесем кеп, сидаң қақты сумақай жел сол алқаның иесі ем деп. Г.Әб.
СИРАҒЫ СЫҚЫРЛАҒАН
Қара жұмысқа салынған д.м. ~ «Нартәуекел» деп жастар газетінің ең кішкентай қызметі — тілші портфелін салақтатып, өмір өлкесінің етекте жүрген можантомпай, өлермен, сирағы сықырлаған момындардың тобына қосылды да кетті. Д.Дос.
СИДАҢ СИРАҚ
Сыриған, сырықтай ұзын сирақ. ~ Жанай өткен жапырақты жеріктей жалап жатыр шап беріп. Көрмегенсіп көкке мойнын созады сидаң сирақ, теңбіл терек-сақ керік. Г.Әб.
СИРАҒЫ ШЫҚҚАН
Жарлы-жақыбай, кедей. ~ Әлеумет құрылысы – кедей мен бай екі тап, көптен екеуі таласуда, арбасуда, бейнетсіз дүниенің рахатында жүзіп жүрген ірі байлар да, күні–түні еңбек қылып, тамағын жарата алмай жүрген сирағы шыққан сида кедей де Еуропадан табылады. А.Байт. ~ “Шіркін, осындай орамал тартып, осындай көйлек кисем, ә”, – деп ойлаушы едім сонда. – Рас, Толғанай. Сен онда сирағы шыққан жатақтың қызы едің. Ш.Айт.
СИДАҢ ТАРТТЫ
Сиреді, селдір тартты. ~ Бауырында қой бүлдіргеннің жапырақтары, сарғайған қурай аралас бір түп қалың селеу сиреп, сидаң тартыпты. С.Жүн. ~ Жапырағынан айырылған ағаштар сидаң тартып, қысқы жел тоғандардағы су бетін бір түрлі шұбарландырып, бұрқақтардан атқылаған тамшылар күн сәулесінде күмістей жарқырайды. Э.Хэм. Дала қуаң, шөп қурап с и д а ң т а рт ы п т ы (Ә.Нұрпейісов, Қан мен тер). Өсімдіктер қыста с и д а ң т а р т ы п, табиғаттың қатаңдығын мойындапты (С.Қайдаров, Жүрек.). Бауырында қой бүлдіргеннің жапырақтары, сарғайған қурай аралас бір түп қалың селеу сиреп, с и д а ң т а р т ы п т ы (С.Жүнісов, Ақан сері)
СИЫР БЕЛІ ЖІБІДІ
Ақ молайды. ~ Көсемге еліктейтін мүштікті Үлкен бастық арқасынан қағып шығарып салды. Ақ шұнақ аязды‚ ақ сирақ боранды қыс та қыр асқан. Көрші қазақ кемпір “наурыз көжесін” дәмдеп‚ маңайға үлестірген. Көктем шуағы сиыр белін жібіткен. Қыстан шыққан арық қояндай ауыл балалары кебу күншуақта асық қаққан. А.Алт.
СИҚЫ (СЫЙҚЫ) БАР
~ «Өрістен әрі жүрісі суыт екі атты адам Қоспаға қарай бет алып жортып бара жатқан. Кешке дейін Бұлдыртыдан бір-ақ шығар сиқы бар. Х.Ес. ~ Пәруадигар, бүгін жаңбыр жауатын сиқы бар: Алматы — талай күннен бері шіліңгір ыстықтан таңдайы кеуіп талықсыған… Ж.Шағ. ~ Қарсы алдынан үскіре соғар суық лепті аңғарғандай бөрінің де ылдилана бүріскен сиқы бар. С.См. ~ Оның өткір көзі әке мен баланың біріне-бірі айна-қатесіз ұқсайтынын да тез шалды: әкесі шарғалау бойлы, баласынын, да денесі сондай болатын сыйқы бар… С.Мұқ.
