Posted in

СӘЛЕМ АЙТ

Сәлемімді, сөзімді жеткіз д.м. ~ Ханыша тұрды сөйлеп би мен бекке: «Баласы Ұлы жүздің, разымын, Түспедің бірің ара бұл тентекке! Сәлем айт Әлімқұлдай датқа-бекке! Болмаған арашашы мұндай итке. І.Жанс. ~ Ертеңгі елге біздің отбасымыздың кешірмесі тамаша бір тәлім болар, — деп бір тынды да, — Бикенге сәлем айт, — деп Бөкеден бетін бұрып кетті. Б.Жұм. ~ Ежелгі тәртібімді бұзбайын да, Өлең жаздым, Алматы, Сіз жайында. Сәлем айт терек-ұлға, қыз-қайыңға! Әр көшеңіз — әуен ғой әлеуметтік, Сіз Бас шумақ болғанда, біз — Қайырма. Е.Аш.

Posted in

СӘЛЕМ АЙТТЫ

Біреулер арқылы базынасын білдірді, бұйымтайын айтты, тілегін жеткізді. ~ Дәрменнен сәлем айтып,Сәмен, Сейіт сияқты Затонның Абайды жақын дос көретін бір топ кедейлері де, грузчик жұмыскері де келіп кетті. М.Әу. ~ Қалай, қабырғаңмен кеңестің бе? Құда тағы сәлем айтыпты. Жақ ашпадым. Ұртына жамау түскен бәтеңкемнің ұшымен жер сызғаладым. Н.Сер. ~ Бұл әңгімені естіген мен «онда маған басқа жерден үй соғып берсін» деп біреулерден сәлем айтып едім, құлақ аспады. Қ.Түм. Амандығын жеткізді. ~ Не жазыпты?— деді Әділбек, басын жоғары көтерместен өз ісімен болып. —Амандық… Бәріңе сәлем айтыпты,— дей салды ағасы босаң үнмен. Х.Ес.

Posted in

СӘЛЕМ БЕРУГЕ ЖАРАМАЙДЫ (ЖАРАМАДЫ)

Татымайды, теңі емес д.м. ~ Тау жақтағы бұрын саяжай болған үй екен. Екі қабатты демесең, көзге қораш, ортақол бизнесменнің коттеджіне сәлем беруге жарамайтындай. Т.Сәу. ~ Кісі басқан ізін білдірмей солай да жүреді екен-ау! Жазған хаттарыңда жолығуға тым асыққан адам сияқты көрінетінсің. Қасыма келіп тұрып сәлем беруге жарамағаныңа таңмын! Р.Рай.

Posted in

СӘЛЕМ ЖОҚ, САУҚАТ ЖОҚ

Әй-шәй жоқ, амандық-саулықты сұраспай д.м. * Таңғы шайын ішіп бола бергені еді. Аспаннан түскені де белгісіз, жерден шыққаны да белгісіз Сұржекей кіріп келді. Түсі өрт сөндіргендей. "Ауданға жүресің!" деді, сәлем жоқ, сауқат жоқ. С.Елу. * — Қайнаға, бұл да біреудің түтін түтетіп отырған үйі. Сәлем жоқ, сауқат жоқ, әкіреңдеп кімді басынасың. Ә.Нұрп. * ~ Тани кетті. Бет-аузын сақал-мұрт көмген режиссер. Өзі сияқты аула сыпырушы пақырларға мойын бұрмастан, сәлем жоқ, сауқат жоқ, кимелеп өте шығатын көкірегі аяққаптай неме. Н.Сам.

Posted in

СӘЖДЕГЕ БАС ИДІ

Дінге берілді. ~ Бір кезде басына сәлде орағанды көрсе тұла бойы тік тұрып, анадайдан ат-тонын ала қашатындар қып-қызыл белсенділер, енді келіп, пенсияға шыққан соң райларынан қайтқансып, сәждеге бастарын ие қалыпты-ау. О.Сәрс.

Posted in

СӘЛЕМ ЖОЛДАДЫ

Алыстан сәлемін айтып, хабарын берді. ~ Түстік жақта асқақ Алатау алыстан сәлем жолдап, бәрін көріп, біліп басу айтып тұрғандай. Б.Қыд. ~ Сонымен дәл кешегі кеште бұл ауылға Күредегі Әлиден бір жасырын, суыт хабар жеткен. Қарымсаққа екі ауыз сәлем жолдап: «Қыз қайтарылып, жігіт ұсталып берілетін болды… Османның көзін құртатын түрлері бар. Екеуін бір жаққа жөнелт» — деген. Ж.Ахм. ~ Қамысты аралдың иінінде қалқыған аққу шоғыры кесек-кесек қар секілді елестейді. Андасанда айдынның етегін үтіктеп, ақырын маңған ауыр баржа жағаға сәлем жолдап боздап өтеді. Т.Сәук.

Posted in

СӘЖДЕГЕ БАС ҚОЙДЫ

Құдайшылық жолына түсіп, намаз оқи бастады. ~ Көз сәждеде, жүрек аллада. Тізе басқаны тілсіз күшке, жауыз тағдырға бас игендей болды, сәждеге бас қойғаны жер құшқандай, көр құшқандай болды. Ж.Айм. ~ Науфалдың жатқан үйі алтын шатыр, Сәждеге басын қойып Мәжнүн жатыр. Бір дүбір естіген соң Науфал шықса, Алдына келді қашып өңкей батыр. Шәк. ~ Сөйтіп, Лабақ ахунның және оны төңіректеп сәждеге бас қойған жұртшылықтың намазы аяқталғанша бүкіл елді иіріп күттіріп қояды. Тәртіп сақтатады. С.Ел. ~ Өн бойында да бірнеше рет азан айтылады, жамағат сәждеге бас қоятын тұстар баршылық. Ж.Шәк. ~ Әкейдің сәждеге әлі бас қоймаған кезі, сүрініп-жығылып соңымнан ол да жеткен. Т.Сәу.

Posted in

СӘЛЕМ МЕЗІРЕТІН (МЕЗІРЕТ) ЖАСАДЫ

Ишарат жасап, сәлемдескен болды. ~ Төралқа үстеліне жеңіл көтеріліп қол қусырып, басын изеп сәлем мезіретін жасады. Д.Дос. ~ Машинаға дұрыстап көз салмай орнынан сұлқ көтерілді. Сүйретіле басып сыртқа шықты. Есік алдында ернін жыбырлатып сәлем мезіретін жасады. Ә.Кек. ~ Басын изеп, қос қолын алдына сілке лақтырып сәлем мезіретін жасады мейман. Д.Дос. ~ Тевкелев әшейін сәлем мезірет жасап салқын амандасты. Ә.Кек.

Posted in

СӘЖДЕГЕ БАСЫН ҰРДЫ

Намаз оқуға кірісті. ~ Заман азды, намыс біткенге ит сарыды деп кәрі жынын қоздатып ақырып тұрса, сәждеге басын енді ұрып жүрген мына ақсақал күніне, ата күйіне жасаған зорлықтай болар. С.См. ~ Бүкіл шығыстан барған керуенші мұсылмандар да сол ғажайып ғимаратқа барып маңдайларымен тас еденіне жығылып, сәждеге бас ұрады екен. С.Жүн.