Аяқ астында көп жатып, тапталып, сарғайған қар. * Еті қызған семіз аттың бүтіл денесі қырауытып, пыр-пыр пысқырады. Сары табан қарды сом тұяқтар күтір-күтір басып, бұның өзі біле бермесе де, бірақ бұны жақсы білетін әлдебіреудін қорасына кіріп, көшір жігіт хабарлас қылады … Ә.Нұрп. * Бетіндегі боз қырауды алақанымен бір сипап тастап, сары табан қарды сыкыр-сықыр басыгі келе жатқанын көргенде Ақбала ызадан жылап жібере жаздаған-ды. Ә.Нұрп.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САРЫҒЫ БАСЫЛДЫ
Құмары қанды, шері тарқады. ~ Бірақ, бәрібір тұтас көлді сарқыса да сарығы басылып, кенезесі кепкеннен, дүлей шөлден арылар түрі жоқ. Е.Зейіп. ~ Шаңырақтан үйдің ішіне күн сәулесі шашырай түсті. Қымыз ішушілердің сарығы басыла бергенде жұнттай ақ сары бас қойды жетелеп кірген Мұқатай табалдырықтан аттады да, көлденең тартып тұра қалды. Қ.Тол.
САРЫ ТАҚЫМ
Ат үстінен түспейтін, атқа әбден дағдыланған адам. ~ Сары тақым Сайын-Бөлек бұдан қулығын асырып, әдейі жалған лақап таратып, жеме-жемге келгенде Қоқан бағытына емес, терістікке қарай тіке тартуы мүмкін ғой… Қ. Жұм.
САРЫҚ БАСТЫ
Құмарынан шықты. ~ Сен өзің қалай, тартпайды екенсің осы! Шылым деген құр сарық басу ғана емес, сол сарық басудың шырайы мен шырқы ғой бір. Л.Тол. ~ Көк шалғын, көк орайлы, әсем гүлді, Бір теңіз шалқып жатқан көлге келген. Су жұтып, сарық басып отырғанда, Бір балық жақындапты шоршып көлден. БС "Кезбе шал".
САРЫ ТАҢ
Ерте ататын ұзақ таң. ~ Сарылып сары таңда осы әуремен Тентіреп күйші көнді көлбеңдеуде. І.Жанс. ~ Осы оймен сары таңды сарғайып күтіп алды да, елең-алаңда қалыңырақ киініп, сыртқа шыққан. Д.Әш. ~ …ақшасы мол осы тірлікпен жүріп, сарыала жапырақтар түскен сары таңда тапсырған оқуы текке кетпей, ауыл-шаруашылық мамандығы бойынша оқуға түсті. Н.Абд. ~ Ойын – тамаша көрем дейтін жаздың күні емес, мына сүркей, суық, ұзақ сары таңда жылқы соңынан салпақтап саған не бар? Ж.Сәм. ~ Иесіз қалғандай боп, ұзақ сары таңда уақ– уақ оянып, дөңбекшіп шығады. Қасында жататын мұрны кемтар кәрі әжесі соны сезіп: – Неғып сезіктеніп жатырсың? – деп мыңқылдай күңкілдейтінді шығарды. Т.Рыск.
САРЫП ҚЫЛДЫ
Барын сарқа пайдаланды, жұмсады. ~ Бұл – құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік. Хош, сүйтіп жүріп-ақ мал таптың, байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Абай. ~ Бұл бұйрықты Хабалов та, Белецкий де орындамайын демейді. Бар ақылын, бар күшін сарып қылады, бірақ әлдері келмейді. С.Мұқ. ~ Таңданады сол тойға халық тұрып (қызық думан көрген бе жалықтырып!), жарқылдасып жүреді ағаларым жиған-терген дүниені сарып қылып! Ф.Оңғ.
САРЫ МАЙДАЙ ТОЛЫҚСЫДЫ (ТОЛҚЫДЫ)
Кербездене керіліп-созылды. ~ Білгені: “ Ұзақ таңға ер жігіт қайтып шыдар, сары майдай толықсып қыз жатқанда" деген ән жолдарының үзік- үзік миында жаңғырғаны. "Сары майдай толықсыған қайда сол қыз? Неге келмейді? Неге сарылтады? С.См. ~ Бала қалпы кетпеген балғын жастың қопал жүріс- тұрысы, гүлге елігіп, жаны елжіреп, сары майдай толықсып тұрған сыпайы мінезі көңіліне жағып кетті. С.Ом. ~ Бәкірдің ән айтатыны бар-тұғын. Әшейінде қыстасаң бұлдана коятын батырың, сары майдай толқыған Сапашты көргенде шыдай алмай кетті білем. Б.Тоғ.
САРЫ ТАП БОЛДЫ
Ұзақ жатыстан (аурудан) шаршап-шалдықты, жүдеді, титықтады. ~ Содан бұл ауруханада құяңы, сарбуыны, сарыбы бар сары тап болып алты ай жатып, суық күзде бірақ шығады. Б.Қыд. ~ Әлгінде, бейтаныс жігітті алғаш көргенде, аяулы бейнесі сары тап боп сағынышқа айналған Әзиз-Сұлтанға ұқсатып еді. Т.Сәу. ~ Мен бөлек жатып жүрдім. Бір ай жамбасыма басып сақтаған қағаз ақша сары тап болып тозуға айналғанда, жоғалтып-ақ алғаным. О.Бөк.
САСЫҒАН ЕТКЕ БОРСЫҒАН МАЙ
Әр нәрсенің (әркімнің) өзіне лайығы бар д.м. ~ Мен сіздің сол указнай молдаңыз Сұрқожаңызбен сөйлестім. Керек болса сол өзі айтып отырған араб дін ғылымынан түк хабары жоқ. Қарасын да жете танып, дұрыс оқи алмайды. «Ағама жеңгем сай, сасыған етке борсыған май», ана Әбен сияқты надан болысқа, өзі сияқты қорқау надан серік керек. С.Бег.
САРЫ МАЙДАН ДӘМЕТТІ
Қол жетпеске қол созды; дәмесі зор. ~ Түйенің түбіті мен шудалары қымбат саналады: түбіттен иіріп тоқыған киім, ең жылы, ең төзімді болады; шудадан жіп, арқан еседі. "Шуда жіптен бау таққан жейдең құрсын, Сары майдан дәметкен кеудең құрсын, Қалыңдықпен ойнауға барғаныңда, Қарсы алмайтын алдыңнан жеңгең құрсын, — дейтін қалжың өлеңдегі шуда осы. С.Мұқ. ~ Мен бұл сырымды сенен басқа біреуге айтсам, ол маған: «Сары майдан дәметкен кеудең құрсын» дер еді. Неге? Әрине, баяғыдан бергі ата құрпымен қарағанда, мен Айғанымға тең емеспін. М.Дәул.
