Posted in

САРА ЖОЛ

Түзу, тура, дұрыс бағыт; адастырмайтын жол. * Тәңірімнің бір өзі жар болғанының арқасында, Сартаулы халқын сара жолға салып еліме оралдым. Ә.Кек. * Шартарапты шарпып, жалпақ жұртты ұйытқан, билік пен білім тізгінін тең ұстаған қайран сара жолым! Т.Жұрт. * Жұтынып алға өңмеңдеген жыланкөз, шұбар бетке иек қақты. – Сіздің сара жолыңыздан ауытқымай, тек өзіңіз сияқты басқаруға тырысамын! Т.Сәук. * Сізге жүрек сөзімді айтар болсам,мен коммунистік идеяны жақтаймын. Елдеріңіздің жүріп отырған сара жолынадаерекше қызығамын. Ж.Шәк. ~ Қара боп әппақ Ақ болды қара. Қарғалар қаптап, Айнала — нала. Кешегі сара жол Қайда? Қара! Дал болды сана, Бұған не шара! Т.Әбд-а.

Posted in

САП ТҮЗЕДІ

Қатар-қатар, белгілі бір тәртіппен тұра қалысты. * Зәулім үйлер, көше жиегіне сап түзеп тұрған әскердей бәйтеректер оны қатты таңдандырып, алыстағы жұпыны өз ауылын еске түсірген. М.Сүн. * Бұрынғыдай жорық кезінде сап түзеп, ондық, жүздіктерге ыңғайласып жүрмей, бетімен жайылған бақташысыз малдай кең далаға шашырап кеткен. Ә.Нұрп.

Posted in

САРАЙЫ АШЫЛДЫ

Кеудесін кере дем алды, таза ауамен тыныстады, рахаттанды.~ Тіл-аузы бар адам емес пе, үндемей жүруге қашанғы төзбек. Біреумен сөйлессе – сарайы ашылып, тынысы әжептеуір кеңіп қалады. Қ.Тол. ~ Жылыбұлақтың суы атына сай, ішкенде жалпы шөл суына тән кермек дәмі де білінеді ептеп. Бірақ сонысына қарамастан жұтқан сайын сарайың ашылып, іше түскің кеп, аңсарың ауа береді. С.Мұр. ~ Қарғаларым-ай, сендерді де ерте оятып жібердік-ау, –деп Елісханның екі ұлының торсықтай маңдайларынан кезек иіскеген Әліптің сарайы ашылып, сәтке болса да тынысы кеңи қалды. Ж.Шәк.

Posted in

САП ТЫЙЫЛДЫ (ТИЫЛДЫ)

Әлдебір әрекет, көрініс-қимылдың оқыстан доғарылуы хақында. ~ Жаңа ғана сыңарын жоғалтқандай жалғыз ішектегі жарымжан тыңқыл сап боп тыйылыпты да, оның есесіне енді қос ішек қосыла үн қосып еңіреп жатыр екен. Ә.Нұрп. ~ Әжібек көзін аларта: — Кәне, о кім күліп тұрған? Көк желкеңді қиып жіберейін осы! — деген түтіге жекіп. Күлкі сап тыйылды.- С.Мұр. ~ Кенет әзіл мен күлкі сап тыйылып, кербез топ кілт тоқтайды. Жүз біткен оң жаққа бұрыла, тесіле қарап қалған. С.Смат. * Бойжеткен сыңқ етіп күлді. Бетінің сүт шұқыры ойылды. Эхокардиограмма тетігін сырт өшірді. Бөлмені жайлаған лүпілдеген, дүрсілдеген дыбыс, енсіз тар арыққа симай ытырылған тау суындай қан ағысы сап тиылды. Д.Досж. * Көктемнің әлжуаз күні қарны шермиген қара жердің сауырын қыздыра қоймай түн салқын болғандықтан іңір түскенде заржақ шегірткеге дейін сап тиылған. С.Әбік. * Айтты айтпады, таптап кететіндей киіз үйге танау тіреп зорға тоқтаған аттың бақырған айқай бәйбіше тысқа шыға бергенде- ақ сап тиылды. Қ.Ысқ. * Қарт ертеңгі әкелінген қара қуырдаққа да көп қол созбай үнсіз отырды. Жігіттердің әзіл-қалжыңдары да, қысыр әңгімелері де сап тиылған. К.Сег. *Келіншек өкпелер, сап тыйылар деп еді, жоқ: – Етегіңе намаз оқыған сопы болсаң, Әбжалдың айтып жүргені не? – деп сыңғырлап отыр. Н.Дәу.

Posted in

САРАЙЫН АШТЫ

Кеудесін кере дем алды. ~ Ылғал атқан ауа Шөкенің сарайын ашып, өзін сергітіп жібергендей болғанымен аяғына байпақтап киіп алған киімі лайсаңда елжіреп, жүрісіне көлденең болған соң байпақты аяғынан сыпырып алып жалаң аяқ жүрген еді. Б.Жұм. ~ Сай аңғары түнге қарай күрт салқындап, қуалай соққан қоңыр самал сарайыңды ашқанмен, күндіз бық, қапырық. Т.Сәу. ~ Аз ұйықтағаннан ба, Жанар бұл күні жұмысқа тұла бойы сынып, денесі ауырлап келді. Бірақ жас егіннің исі бойын сергітіп, сарайын ашып жіберді. К.Қаз..

Posted in

САПАР АҚЫ

Жол ақысы. * Мені әлі күнге ұлығат шеруден қалдырмай ілестіріп келе жатқан осы сапарыма арқамнан қағып, аттандырып салған өзің едің… Сол сапар ақым, досқарызым өтелген жоқ, енді өтелмекші де емес… Ә.Кек. * Жоқ, сапар ақы төленгеннен кейін сіз ваучерлеріңізге қол жеткізе аласыз. Ваучерлерді алғаннан кейін Сізге интернетте жүруіңізге, отырғызу парақтарын басып шығаруға, рейстерге тіркелуге немесе мобильді интернатқа өтуге арналған барлық ақпаратты алуға болады. БАҚ.

Posted in

САРАҢ ТІЛ ҚАТТЫ (ТІЛДЕСТІ)

Қысқа сөйледі. ~ Көп ойлап, сараң тіл қатқан адамның сөзі – әрі нәр, әрі бал. Ж.Кей. ~ Бірақ Досжанды ешкім де түсінген жоқ. Майра шетінеген соң, үйге келсе үнсіз тоңырайып, Ақтотыға да сараң тіл қатып жүрді. Т.Рыс. ~ Тістеніп сараң тіл қатсам, қоштасуды тездетемін бе деп әмеленген Қабыш ол әрекетінен үміт үзгендей бір көңіл күймен: Жарайды, деді. Айта бер. Айтсам, алдыңғы әңгіменің шет-жағасын өзіңе жеткізгенмін. А.Мек. ~ Жігітек тобын бастап келген Базаралы байбалам салып, бақыра-шақыра келген жоқ. Ол тартынған салмақпен сөйледі. Зілі бар сараң тілмен тың қуатты көрсеткендей. М.Әу. ~ Жүрегінің мұзы ерісе де, жанында жібімес сыз тоңы қалған. Салқын сәлемдесіп, сараң тілдесіп, сырт орай жүретін. Бұның да қаттылығы әкесінен олқы емес. Ү.Жәл.

Posted in

САПАР ОҢҒАРЫЛСЫН!

Тілек, жолың болсын, сапар сәтті болсын д.м. — Шаруалар амандық па? — деп келте ғана амандасты. Ақсақал байдың күйі- жайын, ауыл-аймағын да қазып, амандық сұрағанда, бай: — Аман,— деп бір-ақ рет жауап берді. Аз тым-тырыстан кейін: — Сапар оңғарылсын!— деді. — Әлей болсын! — деп ақсақал қаутаңдады. Ж.Айм.

Posted in

САРАҢДЫҒЫ ЖАНДА ЖОҚ

Қолы тар, қытымыр, тым сараң. ~ Қабидың әйелі де мінезі нашар, ұрысқақ адам. Өзі дүниеде балажан. Екі жасар ұлын, екіленіп, айналып, ұстамасы бар адамдай бағжаңдап, жақсы көрген кезде, талып қала жаздайды. Сараңдығы жанда жоқ. Т.Әбд.

Posted in

САПАР ШЕКТІ

Алыс жолға шықты. ~ Ай жүріп сапар шекті құба түзде, Жортқан аң, ұшқан құс жоқ әлі көрген. "Нұрғазар". ~ Ә-ә, аспанда жарқыраған күн, жер қыдырып сен айт! Ә-ә, сапар шеккен бұлт, нөсерлете төгіп, әрбір тамшыңмен сен айт! Ш.Айт. ~ Өне бойлары мұздай көк қарумен құрсанып, күн демей, түн демей, ерлер етікпенен су кешіп, аттары ауыздықпен су ішіп, суыт жүріп, ұзақ сапар шекті. Ә.Нұрш.