Кеудесін кере дем алды. ~ Ылғал атқан ауа Шөкенің сарайын ашып, өзін сергітіп жібергендей болғанымен аяғына байпақтап киіп алған киімі лайсаңда елжіреп, жүрісіне көлденең болған соң байпақты аяғынан сыпырып алып жалаң аяқ жүрген еді. Б.Жұм. ~ Сай аңғары түнге қарай күрт салқындап, қуалай соққан қоңыр самал сарайыңды ашқанмен, күндіз бық, қапырық. Т.Сәу. ~ Аз ұйықтағаннан ба, Жанар бұл күні жұмысқа тұла бойы сынып, денесі ауырлап келді. Бірақ жас егіннің исі бойын сергітіп, сарайын ашып жіберді. К.Қаз..
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САНАТҚА ҚОСТЫ
Жұрт қатарына қосты, адам қылды, өсіріп-жетілдірді. ~ Кезінде өзін біреу мәпелеп асырап өсіріп, санатқа қосып, адам етсе, ол қамқорлық қақысы айнала беріп өз басына да келді. С.Жүн. ~ Әкеңе қарызым көп еді, — деді отағасы күрсініп. — Жетелеп жүріп жеткізіп, сүйрелеп жүріп санатқа қосты. Сені көрген сайын аруақ алдындағы қарызым есіме түседі де өзімнен өзім қысыламын. Қ.Ысқ. ~ «Жаудың аты — жау. Ол ешқашан дос болмайды, доспын дегенмен, осал кезіңді күтіп, үнемі аңдыйды да жүреді. Сондықтан оны «бар» деп санатқа қосқанша, «жоқ» деп ана жаққа жібере салған жақсы», — деп еді. Б.Нұрж. ~ Әрине, халық үшін төккен тер, еткен еңбек ешқашан ескерілмей қалмақ емес. Жетпіс жыл бойы темір құрсауда іштен тынып, булығып жүрген ел енді міне, өзінің абзал ұлдарына іздеу салып, санатқа қосып, қайта тірілтіп жатыр. С.Ақт.
САНЫН ШАПАЛАҚТАДЫ (ШАПАҚТАДЫ, ШАПАТТАДЫ)
Қуанғаннан есі кетті. ~ Сонан бері Ермек, әкесі қуса жеткізбейтін қасқыр жоқтай көретін. Сондықтан ол Жалаудың «өзім қуамын» деген сөзін естігеннен кейін алақайға басып екі санын шапалақтай жөнелді. Ә.Әб. ~ Күлкіші Хасен ғой баяғы. «Әй, Саршұнақ, әй, жалаңтөс Бәһәдүр, бір керемет қызық айтайын ба?» деп әрқайсымызға қойған атауымен шақырып алып, қызығын айтпас бұрын санын шапалақтап алдымен өзі күліп алатын сол кісінің осыған неге ұнамайтынын миыма сіңіре алмадым. К.Сег. ~ Ырысбек мүлде ішегі түйіліп, көзінен жасы сорғалап, санын шапақтап өлді де қалды. Қысқасы не керек, ойын біткенше есін жиған жоқ. С.Мұр. ~ Адам болып жаратылудың өзі таудай бақыт. Соны сезу мұң екен – ешбір бақытсыздыққа бұл дүниеден орын қалмайтын сияқты. Соның бір дәлелі әне анау қосаяқтап, санын шапаттап келе жатқан Кенжегүл. Ш.Мұр.
САНАТҚА ҚОСЫЛДЫ
Жұрт қатарлы болды, абыройы артты, белгілі бір топқа қосылды. ~ Ес — ақылдың алғашқы нышанасы. Есі кірген бала ақыл есігінен аттайды. Ақылы толысқан бозбала (бойжеткен) кәмелетке енеді. Кәмелетке ену — кәдеге жарау, санатқа қосылу. И.Сап. ~ Бет алдымыз — терістік. Одан соққан ызгырық-қызыл жалап барады. Бірақ қаптағы екі пұт тары оны бізге сездірер емес. Бәріміз санатқа қосылып қалғандаймыз. Б.Қыд. ~ Бұл кезде күшік адам атаулыны иелерім, — өзіне күнде тамақ құятын, үйдің бар шаруасын істейтін ұзынетек кісі де осы санатқа қосылатын, — және бөтен жандар деп екіге бөлетін. М.Мағ.
САНЫНА БІЗ СҰҚҚАНДАЙ МӨҢКІДІ
Күтпеген жерден жыны қозып, байбалам салды. * «Жаным, күнім, Сонечка» деп тұратын кең мінезді сабырлы-ақ кісі еді, аяқ астынан санына біз сұққандай неге мөңкігені белгісіз. Т.С.
САНАУҒА ОН САУСАҒЫ ЖЕТЕДІ
Көп емес. ~ Сендер кімсіңдер? Қаншасыңдар? Аттарыңды атап, сандарыңды санауға он саусағым еркін жетеді, бас-аяғың онға толмайтын оңбағандар жалған ұран шығарып, жай білмейтін жатқа жарамсақтанып, жақынға жала жауып, жақсы атқа ие болғансып отырсыңдар. С.Сей.
САНЫНДА ҚИСАП ЖОҚ
Өте көп; саны мол. * Енді ойлап отырса, мұндай оқиғаларда, сынықшының шапағаты тиіп санатқа қосылған азаматтар санында қисап жоқ секілді. О.Сәрс. ~ Оғыз тайпалары Сыр бойына барып сонда оғыз мемлекетін құрды, ұйғұрлар Тұрпанда идіқұт мемлекетін, Гансуда ганжоу хандығын құрды. Демек көшкен халықтың санында хисап жоқ, жарты млн не млн-нан артық. Ж.Шәк
САНАУЛЫ ДЕМІ БІТТІ
Ажалы келді; өмірлік жолы таусылды. ~ Санаулы демі біткен соң бар байлығын балаларына қалдырып саудагер әке бұл фәниден бақиға аттанады. М.б.Т. ~ Шын ажалың жетпесе, Санаулы демің бітпесе, Бір жәрдемі тиер-ау Бабай түкті бабаның. Қайыр, қош, деп Алпамыс, Ырзалық жауап айтады. Байланды арқан беліне, Кейқуатты тартады. "Алпамыс б."
САҢЫЛАУ ТАПТЫ (ТАБЫЛДЫ)
Осал жерін, ұрымтал тұсын тапты, әлдебір мәселенің шешу жолын аңғарды. ~ Сәл ойланып қалған ояз тосыннан кезіккен қысылшаңнан құтылар саңылау тапқан сияқты. С.Жүн. ~ Сондай ойда тұрған Мәди бір саңылау тапқандай болып: — Сен қолыңды былғама, қарындасым, бұларды халықтың өзі де аямайды,— деп еді. Ә.Әб. ~ Олардың сөздерін қалжыңға балап, өз басыммен өзім қайғы, санамды жеген өкініш-зардың қапасынан шығар саңылау таппай налыдым. АҚ "Дара сезім". ~ Бұл кезеңде ол кемі он соққыны қайтарды-ау, бағанағыдан екі есе аз гол жіберді. Ал Ерлан бастаған біздің команда Ерханның қақпасынан сегіз саңылау тапты. Е.Жең. ~ Сөйтіп, ел тіршілігінің ұтыс-ұтылыстарында жұмыстары жоқ, бес болыс Керей-Уақтың болыс-билері жерге орналасу мәселесін сөз баққа салатын бір саңылау табылғанына мәз болып тарасты. Ғ.Мүс.
САНАУЛЫ КҮН ҚАЛДЫ
Әлдебір оқиғаға аз ғана уақыт қалды. ~ Ауылдың әрі кіріп, әсемденіп қалды. Орақ мерзімі де жақындады, санаулы күндер қалды. Сапар күнде барып арпаның пісуін қадағалап жүрді… Ә.Әл. ~ Тойға санаулы күн қалғанда құрбан айт басталды. Жұрт елең-алаңнан тұрып, қорадағы малдан соярлық бір-бір жандықтарын ұстап байлады. С.Ел. ~ Ескерткіштің ашылатын уақытына санаулы күн-дер қалды. Дайындықты қай-та-қайта ширатамыз. Б.Тұр.
