Posted in

САРАҢДЫҒЫ ҰСТАДЫ

Тарылып қалды, жоқ жерден сараң бола қалды. ~ Ем-дом жасамақшы болып келген бақсы-балгерді: «Жәрмеңкеге барып, сатып алған жаным жоқ, мырзасып берген құдай сараңдығы ұстаса қайтып-ақ алсын» деп қасарысып, маңына жуытпайды. Ә.Кек. ~ Алла тағала махпузда әр адамға ақылды жеке– жеке бөліп бергенде, Әлиге келгенде сараңдығы ұстап кеткен ғой деймін. Жексұрынның бетінде иненің жасуындай ұят болсайшы. С.Ом. ~ Ал енді домбал денеге қондырылған домбал баста да дұрыстап мүсінделген ештеңе жоқ. Ат шаптырым ай жазық маңдайды қиған жомарт табиғат мұрынға келгенде сараңдығы ұстапты. Келте мұрынға тап анадай кең танаудың керегі қанша еді?! Таңырайып қапты. Ә.Кек.

Posted in

САПАРЫН ОҢДАДЫ

Жолы болды, сәтін салды. ~ О, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, Шуыртпалы Ағыбай, Әлтекеде Жидебай, Қарашорда Сеңкебай — барлық батыр бабалар, бәріңнен де соны тіледім. Мәдиімді қолдай гөр, бар сапарын оңдай гөр. Ә.Әб.

Posted in

САРАҢДЫҚ ЖАСАДЫ (ҚЫЛДЫ, ІСТЕДІ)

Тарлық қылды, сараң мінез танытты, аузын құр шөппен сүртті. ~ Сонда Қыдыр: «Сен қалай Атымтай бола аласың? Ол күніне неше барсаң да бетіңді қақпайды, ал, сен екі келгенге сараңдық жасадың!» — депті-міс. С.Мұқ. ~ … «алла тағала маған келгенде мұнша неге сараңдық істеді екен? Жазығым не? М.Сүн. ~ Небәрі кішкене құнт-ықылас болса жетіп жатыр. Бірақ кейде соның өзін де, бір-екі ауыз жылы сөзді де қимай, сұмдық сараңдық жасап жібереміз-ау. Көбіне құнттамаймыз ғой. Н.Кел. ~ Дұрыс, Шолпанның жаны Әзімбайдан айырыла алмағанға бала іздегеннен аз азап шеккен жоқ. Ежелден көз жасына сараңдық қылып үйренбеген Шолпан бұл туралы да талай түндерде жылады. М.Жұм. ~ Биылғы жаз жаңбырға сараңдық жасады. О.Бөк. ~ Тек анау жазық екі иықтың ортасына, табиғат мойын жағына сәл-пәл сараңдық істеп, төбесі жалпақ, қалың, ақ бурыл дудыраған шаш пен шықшытты қарбыз басты қондыра қойғанына ғана қынжылар едің. М.Сүн.

Posted in

САПҚА ҰРҒАНДАЙ

Өңі сұрланып, жүдеу тартты. ~ Қыз таңертең сапқа ұрғандай сылынып жүдеп тұрды. Екі бетінің қаны қашып, қағаздай аппақ еді. З.Шүк. ~ Ауылға таң ата жетті. Жанқожаның түсі сапқа ұрғандай, атқа шаққа отырып келді. Нәр татқан жоқ. Ешкіммен сөйлеспейді. З.Шүк.

Posted in

САРАПҚА САЛДЫ

Сынады, тексерді, бағалады. ~ Алтынын алып берді қолындағы: — Сарапқа сал бар даға шәрыңдағы Алтын емес деп біреу айтса, балам, Алдамшы, амалым жоқ, болдым дағы. Абай. ~ Төрт жағы түгел қыспақ елдің бұдан былай қайтып күн көре алары сарапқа салыныпты. Ә.Кек. ~ Осындайда адамның бар өмірі сарапқа салынып өтетіні бар ғой, Айкүміс өзінің өткеніне де көз салды. Ғ.Сл. ~ Біздің тағдырымызды сарапқа салар одан да басқа тарихтың құбылыстары барын ұмытпау керек. Ш.Айт.

Posted in

САПТАСА САТТЫ

Қабаттасты. * Жантас. Бәрекелде. Жақсы айттыңыз, ендеше, бір нәрсе сұрайын. Мұғалім. Сұрама деген кісі бар ма? (Күліп.) Сен немене саптаса сатып? М.Әу.

Posted in

САРАПҚА ТҮСТІ

Сынға алынды, салыстырылды. ~ Басыбар. Не дейсің, кім таласыпты Арыстанмен. Ол Жетіру қашан санатқа кіріп еді Шекті жүрген орында? (Арыстанға.) Қайсысы еді алмағың бұнысының? Жалғыз дара шықпай, сен бе едің сарапқа түсіп сөзі екі болатын. М.Әу. ~ Тек алман– салықты әрқайсысы әр патшаға төлейтіні бар– ды. Әйтпесе осындай ас пен тойды бірге өткізіп, жер дауы мен жесір дауы сарапқа түскенде, екі жақ бір төбе бидің аузына қарап отырмайтын ба еді… Қ.Жұм.

Posted in

САПТАЯҚҚА АС ҚҰЙЫП, САБЫНАН ҚАРАУЫЛ ҚАРАДЫ

Не болса содан күдіктенді, секем алды. Өте сақ, әккі адам туралы. ~ Ал арамзаларға бірдеме деу қиын. Олар арақ ішкен күннің өзінде саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарағандай аса сақтық танытып мас болмауға тырысады. Ж.Шәк. ~ Ұлы жүз ханы неге қатыспайды мына диуанға? Саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған ұябасарлық әбден түпке жетпеп пе еді. С.См. ~ Ал қазір екінің бірі «әне, қашқын!», «міне, қашқын!» деп саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарап отыр. Шекара күзетінің сақтығы да күшті. Ж.Шәк. ~ Арамызда сөз таситындар да жеткілікті. Көбіне сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарай бастадық. Өйтпеуге болмады, екі көзіңнің бірі, егізіңнің сыңары сенің жаныңдағы бақылаушың. Б.Қыд. ~ «Рақметті» жаудыра-жаудыра жолға түстім. «Рақметті» жаудырмай қайтем, сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған ол заманда кімге кім қарасқандай еді, «балапан басына, тұрымтай тұсына» болып кеткен-ді. Б.Қыд. * Сапты аяққа ас құйса — сабына қарауыл қойып отыратын сақтығы, көбінесе, малының түгелдігі жағында жүретін кісі еді. Ғ.Біл. ~ Бұл, сол заманға деген өкпе мен назаны жеткізудің бір көрінісі болса керек. Аңғалдық деп бағалар едім. Қанша астарлап баққанмен, саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қойған кезең үшін анау-мынау емес көркем шығармаға эмоцияңды қосу «өле алмай жүр едім» деп жар салумен тең. А.Нүс.

Posted in

САРҒАЯ КҮТТІ

Ұзақ, шыдамы тоза тосты. ~ Ести қоймаса байқау керек деген қорытындыға келді. Болмаса осыншама қуанышты сарғая күткен жүрек көтере алмай қалуы да ықтимал… С.Ғаб. ~ Мұстафа: Тізе қоса отырып күрессек, халқымыз сарғая күткен азаттыққа қол жеткізе аламыз. Қ.Бег. ~ Ғалия қонаққа жалт қарады. Жүрегі аузына тығылып: -Әкемді біледі екенсіз ғой. Жолына қарап сарғая күткенімізге не заман. О.Көшб. ~ Қарғаның манадан бері иегі қышып, сарғая күтіп отырған шағы осы еді. О.Әуб.

Posted in

САПЫ ҰРДЫ

Пышақ салғандай доғарды. * Сыйладым шуақ жанарларыңа, Санасыз ойға сапы ұрдық. Сұлулық та жоқ ғаламда мына, Жоқ болса егер ақындық. Е.Рау.