Posted in

САНЫН ШАПАЛАҚТАДЫ (ШАПАҚТАДЫ, ШАПАТТАДЫ)

Қуанғаннан есі кетті. ~ Сонан бері Ермек, әкесі қуса жеткізбейтін қасқыр жоқтай көретін. Сондықтан ол Жалаудың «өзім қуамын» деген сөзін естігеннен кейін алақайға басып екі санын шапалақтай жөнелді. Ә.Әб. ~ Күлкіші Хасен ғой баяғы. «Әй, Саршұнақ, әй, жалаңтөс Бәһәдүр, бір керемет қызық айтайын ба?» деп әрқайсымызға қойған атауымен шақырып алып, қызығын айтпас бұрын санын шапалақтап алдымен өзі күліп алатын сол кісінің осыған неге ұнамайтынын миыма сіңіре алмадым. К.Сег. ~ Ырысбек мүлде ішегі түйіліп, көзінен жасы сорғалап, санын шапақтап өлді де қалды. Қысқасы не керек, ойын біткенше есін жиған жоқ. С.Мұр. ~ Адам болып жаратылудың өзі таудай бақыт. Соны сезу мұң екен – ешбір бақытсыздыққа бұл дүниеден орын қалмайтын сияқты. Соның бір дәлелі әне анау қосаяқтап, санын шапаттап келе жатқан Кенжегүл. Ш.Мұр.

Posted in

САНАТҚА ҚОСЫЛДЫ

Жұрт қатарлы болды, абыройы артты, белгілі бір топқа қосылды. ~ Ес — ақылдың алғашқы нышанасы. Есі кірген бала ақыл есігінен аттайды. Ақылы толысқан бозбала (бойжеткен) кәмелетке енеді. Кәмелетке ену — кәдеге жарау, санатқа қосылу. И.Сап. ~ Бет алдымыз — терістік. Одан соққан ызгырық-қызыл жалап барады. Бірақ қаптағы екі пұт тары оны бізге сездірер емес. Бәріміз санатқа қосылып қалғандаймыз. Б.Қыд. ~ Бұл кезде күшік адам атаулыны иелерім, — өзіне күнде тамақ құятын, үйдің бар шаруасын істейтін ұзынетек кісі де осы санатқа қосылатын, — және бөтен жандар деп екіге бөлетін. М.Мағ.

Posted in

САНАУҒА ОН САУСАҒЫ ЖЕТЕДІ

Көп емес. ~ Сендер кімсіңдер? Қаншасыңдар? Аттарыңды атап, сандарыңды санауға он саусағым еркін жетеді, бас-аяғың онға толмайтын оңбағандар жалған ұран шығарып, жай білмейтін жатқа жарамсақтанып, жақынға жала жауып, жақсы атқа ие болғансып отырсыңдар. С.Сей.

Posted in

САНЫНДА ҚИСАП ЖОҚ

Өте көп; саны мол. * Енді ойлап отырса, мұндай оқиғаларда, сынықшының шапағаты тиіп санатқа қосылған азаматтар санында қисап жоқ секілді. О.Сәрс. ~ Оғыз тайпалары Сыр бойына барып сонда оғыз мемлекетін құрды, ұйғұрлар Тұрпанда идіқұт мемлекетін, Гансуда ганжоу хандығын құрды. Демек көшкен халықтың санында хисап жоқ, жарты млн не млн-нан артық. Ж.Шәк

Posted in

САНАУЛЫ ДЕМІ БІТТІ

Ажалы келді; өмірлік жолы таусылды. ~ Санаулы демі біткен соң бар байлығын балаларына қалдырып саудагер әке бұл фәниден бақиға аттанады. М.б.Т. ~ Шын ажалың жетпесе, Санаулы демің бітпесе, Бір жәрдемі тиер-ау Бабай түкті бабаның. Қайыр, қош, деп Алпамыс, Ырзалық жауап айтады. Байланды арқан беліне, Кейқуатты тартады. "Алпамыс б."

Posted in

САҢЫЛАУ ТАПТЫ (ТАБЫЛДЫ)

Осал жерін, ұрымтал тұсын тапты, әлдебір мәселенің шешу жолын аңғарды. ~ Сәл ойланып қалған ояз тосыннан кезіккен қысылшаңнан құтылар саңылау тапқан сияқты. С.Жүн. ~ Сондай ойда тұрған Мәди бір саңылау тапқандай болып: — Сен қолыңды былғама, қарындасым, бұларды халықтың өзі де аямайды,— деп еді. Ә.Әб. ~ Олардың сөздерін қалжыңға балап, өз басыммен өзім қайғы, санамды жеген өкініш-зардың қапасынан шығар саңылау таппай налыдым. АҚ "Дара сезім". ~ Бұл кезеңде ол кемі он соққыны қайтарды-ау, бағанағыдан екі есе аз гол жіберді. Ал Ерлан бастаған біздің команда Ерханның қақпасынан сегіз саңылау тапты. Е.Жең. ~ Сөйтіп, ел тіршілігінің ұтыс-ұтылыстарында жұмыстары жоқ, бес болыс Керей-Уақтың болыс-билері жерге орналасу мәселесін сөз баққа салатын бір саңылау табылғанына мәз болып тарасты. Ғ.Мүс.

Posted in

САНАУЛЫ КҮН ҚАЛДЫ

Әлдебір оқиғаға аз ғана уақыт қалды. ~ Ауылдың әрі кіріп, әсемденіп қалды. Орақ мерзімі де жақындады, санаулы күндер қалды. Сапар күнде барып арпаның пісуін қадағалап жүрді… Ә.Әл. ~ Тойға санаулы күн қалғанда құрбан айт басталды. Жұрт елең-алаңнан тұрып, қорадағы малдан соярлық бір-бір жандықтарын ұстап байлады. С.Ел. ~ Ескерткіштің ашылатын уақытына санаулы күн-дер қалды. Дайындықты қай-та-қайта ширатамыз. Б.Тұр.

Posted in

САҢЫЛАУЫ БАР

Түсінігі мол, ақылдан кенде емес. ~ Мен қазақ– орыстың басын көп кестім… Тегіннен тигем жоқ, жазығы болды, оларға сол керек еді… бірақ одан не пайда шықты? Түк шыққан жоқ… Ол керек емес. Мәмет, сенің саңылауың бар, буының әлі қатқан жоқ… Сен орысқа бар, беліңді бүк, олармен бірік. Ж.Айм. ~ Бүкіл қалың бұқара болып көтеруге тиісті. Уақытша үкімет «бостандық заемы» деген заем таратудың қасында отыр. Әрбір сөзімді, саңылауы бар азамат төңкерісті сақтаймын десе, осы заемды сатып алсын! М.Дәу. ~ Ойбай, сен герой болған соғысты айтып тұр! — деп біреу зорға тоқтатқанда ғана, "е, бәсе! " деп керең шал қайта шоңқиды. — Әй, осының саңылауы бар! — Е, саңылауы болмаса сары кемпірді алпыс бір мүшелісінде буаз қыла ма?! Қ.Ысқ.

Posted in

САНАУЛЫ КҮНІ ҚАЛДЫ

Ажалы жақын д.м. ~ Ағасы айықпас дертке ұшыраған адам секілді. Оның санаулы-ақ күні қалғанын өзінен басқаның бәрі біледі. Т.Әбд. ~ Адамдар барға да, жоққа да сеніп жапа тармағай тіршілікке кірісіп кеткен. Санаулы демі, санаулы күні бола тұрса да, бірінің өлігін бірі жерлеп кеп отырса да, ғұмыры құдайдай мәңгі көрініп, түкке тұрғысыз ұсақ тірлігіне қайта кіріседі. Д.Ис. ~ — Олай деме, шырағым. Жетпісті қаусырып, кәрі саулықтың жасындай санаулы күнім қалды. Өмірім жетсе, Құрмаш екеуің аман-есен оралсаңдар, осы орнынан табасыңдар. К.Жүн.