Posted in

САНАУҒА ОН САУСАҒЫ ЖЕТЕДІ

Көп емес. ~ Сендер кімсіңдер? Қаншасыңдар? Аттарыңды атап, сандарыңды санауға он саусағым еркін жетеді, бас-аяғың онға толмайтын оңбағандар жалған ұран шығарып, жай білмейтін жатқа жарамсақтанып, жақынға жала жауып, жақсы атқа ие болғансып отырсыңдар. С.Сей.

Posted in

САНЫНДА ҚИСАП ЖОҚ

Өте көп; саны мол. * Енді ойлап отырса, мұндай оқиғаларда, сынықшының шапағаты тиіп санатқа қосылған азаматтар санында қисап жоқ секілді. О.Сәрс. ~ Оғыз тайпалары Сыр бойына барып сонда оғыз мемлекетін құрды, ұйғұрлар Тұрпанда идіқұт мемлекетін, Гансуда ганжоу хандығын құрды. Демек көшкен халықтың санында хисап жоқ, жарты млн не млн-нан артық. Ж.Шәк

Posted in

САНАУЛЫ ДЕМІ БІТТІ

Ажалы келді; өмірлік жолы таусылды. ~ Санаулы демі біткен соң бар байлығын балаларына қалдырып саудагер әке бұл фәниден бақиға аттанады. М.б.Т. ~ Шын ажалың жетпесе, Санаулы демің бітпесе, Бір жәрдемі тиер-ау Бабай түкті бабаның. Қайыр, қош, деп Алпамыс, Ырзалық жауап айтады. Байланды арқан беліне, Кейқуатты тартады. "Алпамыс б."

Posted in

САҢЫЛАУ ТАПТЫ (ТАБЫЛДЫ)

Осал жерін, ұрымтал тұсын тапты, әлдебір мәселенің шешу жолын аңғарды. ~ Сәл ойланып қалған ояз тосыннан кезіккен қысылшаңнан құтылар саңылау тапқан сияқты. С.Жүн. ~ Сондай ойда тұрған Мәди бір саңылау тапқандай болып: — Сен қолыңды былғама, қарындасым, бұларды халықтың өзі де аямайды,— деп еді. Ә.Әб. ~ Олардың сөздерін қалжыңға балап, өз басыммен өзім қайғы, санамды жеген өкініш-зардың қапасынан шығар саңылау таппай налыдым. АҚ "Дара сезім". ~ Бұл кезеңде ол кемі он соққыны қайтарды-ау, бағанағыдан екі есе аз гол жіберді. Ал Ерлан бастаған біздің команда Ерханның қақпасынан сегіз саңылау тапты. Е.Жең. ~ Сөйтіп, ел тіршілігінің ұтыс-ұтылыстарында жұмыстары жоқ, бес болыс Керей-Уақтың болыс-билері жерге орналасу мәселесін сөз баққа салатын бір саңылау табылғанына мәз болып тарасты. Ғ.Мүс.

Posted in

САН АЛУАН

Неше түрлі. ~ Несін сұрайсың?-Дәмелі сан алуан жаңалыққа кәнігі болған ыңғай танытты. С.Ом. ~ Жүсіп-Иосиф Гербурт қазақ арасындағы сан алуан ертегі, ұлағатты сөздің көп екенін бұрыннан білетін. І.Ес.

Posted in

САН ЖЕТКІСІЗ

~ Үлкен дөңгелек қана емес, жалт-жұлт еткен ұсақ нүктелер де көрінеді. Сан жеткісіз самсаған жұлдыз тәрізді. Үкідегі су толқынына билегендей дір-дір етіп теңселе түседі. Төбемдегі аспан теңіз түбіне қапан түсіп үлгірген?! Ә.Сәр.

Posted in

САНАСЫН ОЯТТЫ

Ақыл-ойының дамуына түрткі бодды, дүние танымын кеңейтті. ~ Ендеше, тарихын танытам, еңсесін көтеріп, елдік санасын оятам деп жүрген сенікі бос әурешілік қана емес, есалаң ақымақтық. М.Мағ. 6 — Сендер халықтың санасын ояту үшін еңбек етіп жүрсіңдер. Сендер айтқан келелі әңгімеден кейін, санасы оянған ағаларыңның бірі мен деп білерсіңдер, қарақтарым. Сол еді айтайын дегенім. Т.Әбд. ~ — Біздің Мешпет сауық- сайраннан ат-тонын ала қашушы еді. Әсетжан, әнің шын-ақ құдіретін танытты. Жүрегін жібітіп, санасын ояттың-ау бір… Қ.Тол.

Posted in

САН ЖЕТПЕС (ЖЕТПЕЙДІ)

~ Ақтөс бірде қарсы беткейдегі қаптай жайылып жүрген сан жетпес қар сияқты ақ түстес хайуандарды көріп таңғалған. К.Сег. ~ Өзінің Мұртазасы да кебенек киіп кеткен. Бірақ келгені қайда? Қалды ғой шексіз Сібірдің бір түкпірінде. Сүйегін қайдан іздерсің?! Сан жетпес қарағайдың қайсысының түбінде қалды? Ш.Мұр. ~ Ал, ол өріс болса бәріне әсер ете алады. Бәрінің тағдыры соның қолында. Соның жасампаздығынан сан жетпес физикалық формалар өмірге келген. Бұл өрісті Планк Сана деп отыр. С.Ел. ~ Балуан күресіне де, айтысқан ақындарға да, жамбы ататын мергендерге де тіккен жүлделеріне сан жетпейді, шама жетсе бақ сынап көріңдер… Б.Тоғ.

Posted in

САНАСЫН САРСАҢҒА САЛДЫ

Неше түрлі ойға беріліп, басы қатты. ~ Қайта санасын сарсаңға салып, қиялын сандалтқан ой ағыны тентек толқындай ереуілдеп өршелене түседі. Шіркіннің сабасына түсіп саябырситын кезі болсашы! Ө.Кәр.