Posted in

САЛМАҚ ТҮСІРДІ

Қиынға соқты, ауыр тиді. ~ … от пен шоқтың арасында түтін мен газды көмейлей жұтып шойын ағызу қара жұмысқа көндікпеген кешегі кірпияз студентке кәдімгідей- ақ салмақ түсірді. С.См. ~ Дегенмен‚ осы науқан түкпірдегі ауылда үндемей жүрген біреудің жүрегіне зілбатпан салмақ түсірді. Қ.Түм.

Posted in

САЛЫМ САЛДЫ

Көкпар тартты. ~ Қыран ұстап, айдын көлді айнала шауып, саят құрсам. Арғымақпен. көкпар тартып, салым салсам. Жүйрік тазымен ақ қағып, алпыс екі айлалы аңдарды қанжығама байласам. С.Бақ. ~ Тұрардың арманы енді ана қарулы тәжіктен қайткенде де көкпарды тартып алып салым салу. К.Өтж. ~ Бірақ, осыдан кейін екі жақ та ұшқырларға аңдушы қойып, салым салғызбады. Шабандоздар көбінесе орта шенде ұйтқып, аттың беліне, тақымның қарымына күш салды. Т.Әл.

Posted in

САЛМАҚПЕН БАСТЫ

Маңғаздана жүрді. ~ Бойы ұзарып, ірілеп қалған, беті тотыққан бала жігіт сәлем беріп кіріп келді. Байсалды бір үлкен жолаушыдай боп, қалың киім киген. Салмақпен басады. М.Әу. ~ Аталған ретіне қарай «әуелгі шар Өскенбай ұлы Оспанға салынады» деп жарияланған. Отыз елубасы бірінен соң бірі тағы да кезекпен шақырылып, салмақпен басып, стол басына барысты. М.Әу. ~ Жұмбақтау жымиды да, қара тонын асықпай киіп, салмақпен басып шығып кетті. Директордың кабинетіндегі диірменнің тасындай дөңгелеген майда жүрісі өзгерген. М.Қаб.

Posted in

САЛЫМЫ БОЛДЫ

Жолы болды. ~ Жар мен баладан салымы болған Төленді әсіресе ұлы мен қызы ержетіп қолы босаған соң, тәйтектеп, көрінгенге соқтығып бостан-бос көшеде қыдырып жүретінді шығарды. Оның жеті еріншек жалқаулығын Дархан баяғыдан біледі. О.Бөк.

Posted in

САЛПАҢ ҚҰЛАҚ

1.Біреудің айтқанымен жүретін, ынжық, болбыр, бос адам. ~ Кеудеңді қасиетті сәуле кернеп, Жүрегің сол минутте жарылғандай. Не дерсің салпаң құлақ есектерге, Өгіздей өмір сүрген сүймей-жанбай! М.Жұм. ~ Айтқанды істеп, айдағанға жүретін көп салпаң құлақтың бірі сияқты ғой. Ә.Кек. ~ Саясатынды қайтсын олар… Бас көтеруді бес атасына дейін ұмытпай ма… Не айтсаң да "құлдық" деп тұратын салпаң құлақ құлдың дәл өзі болады ғой, бұ халық. С.Ел. Жансыз, аңдушы, тыңшы. ~ Жаратылысынан сөзге үйір, өсек– аян десе құлақтары елеңдеп тұратынмұндай елдің арасына жансыздар мен салпаң құлақтарды күпінің битіңдей өргізіп жіберу тіпті де қиын емес еді. Қ.Жұм. ~ Редакцияға мас болып келіп, шатақ шығармасаң болды, сенде ешкімнің шаруасы жоқ. Бүгінгідей иісіңнен тыжырынып, дереу бастыққа жеткізе қоятын салпаң құлақтар жоқ еді. Б.Тоғ. ~ Жаңағы жанымыздағы сілімтіктер біздің соңымыздан қарап қалды ғой. Ізімізге салып қойған салпаң құлақтар болмасын?– деп Әлқыдыр ұзай бере артына бұрыла көз жүгіртті. Т.Рыск. Құлағы салпиған үлкен адам не мал туралы. ~ Құлағы үлкен кісімен құлағы үлкен малды да «салпаң құлақ»дейді, ол да үлкендікті, кеңдікті көрсетеді. С.Мұқ. ~ Қолсыз бір жеңін салақтатқан күйі арқандаулы тұрған салпаң құлақ торысына аяңдады. К.Сег. ~ Осы мезетте оның көзі арғы бетте қара есекке мініп келе жатқан баласына түсті. Күржікке мінетін баласының астында есек. Және салпаң құлақ қара есек. Т.Әл.

Posted in

САЛЫМЫ ҚАЙТТЫ

Жолы болудан қалды. ~ Элмира да жұмыстан қалды. Оның үстіне бұрынғы сымбатынан айырылып, семіріп, жуандап, күмпиіп шыға келді. Сонан бері осы жалғыздық. Сүйеу болар, медеу тұтар, сырласар ешкімі жоқ. Әсіресе, еркектен салымы қайтқалы қай заман? Ж.Сәм.

Posted in

САЛПЫ АУЫЗ

Астыңғы еріні салбырыңқы адам; болбыр, бәтуасыз. * Жолтай деген бейпіл ауыз: — Осыларды әулие қылған қазақ та оңады дейсің бе?— деді. Оның сөзін салпы ауыз мешкей қағып әкетті. — Әулие қайда? Осы заманда әулие бар ма? Айтқаны өтірік, қылғаны ойнас, ұрлық. Ж.Айм. * Жәнәділ ынжық, қорқақ, бірдеңеге берілсе тез ат құйрығын кесе алмайтын босаң. Ал Шыңғыс шаш ал десе бас алатын қатал, әрі өжет, әрі батыл. Жәнәділ салпы ауыз қара. Шыңғыс нағашы жұртына тартқан ақсары, шегір көз. І.Ес. * Біз, балалар, сәл аңтарылып қалдық та, артынша біреу: − Қауын әлі піскен жоқ қой,- деді. − Кім айтады?! Ой, салпы ауыз. Сен нені білуші ең. Мұрныңды бет қып жіберейін бе осы! Әне, астық сарғайды ма? Ендеше қауын пісетін кез болды. Ал кім барады? С.Мұр. * – Олай деме. Мәкең оқыған екен, «әттең, ерік өзімде болса, халтурщиктердің бәрін ысырып тастап, жалғыз осынікін басар едім» деп тамсанып отыр. – Қойшы-ей, сол салпы ауыз, май қараны. Ең болмаса, «Алаш» сыйлығының лауреты емес, ол қырт не білуші еді!.. Т.Сәу.

Posted in

САЛПЫ АЯҚ

Жүрісі ауыр, тапал бойлы. ~ «Мынау өзі бір мәстек, салпы аяқ қой. Босқа қара тер ғып иесі мұны қоспаса қалай болар еді деп, Өскембай сыпылдата сөйлеп, атты мүлдем санаттан шығара бастады. С.Бег. ~ Зейнепті абысындық, күншілдік билеп, өзінен бұрын «салпы аяқ» Нұрғайыптың адамның анасы атанып, бала сүюін қызғанды. Е.Мұх.

Posted in

САЛЫҢҚЫ ҚАБАҚ

Ұнжырғасы түскен, көңілінің қошы жоқ. ~ Сағалап суды, жағалап құмды Күзекке ел-жұрт малын қоралап, Даланың желі сабалап қырды, Күз келіп қалды салыңқы қабақ. К.Мырз. ~ . Қарттың салыңқы қабағын, дірілдей, қыстыға айқайлағанын көргенде, әлденеге түсінгендей еді; кемпірінің жанында бордай егіліп күйзелмейін деп кеткен ғой деп ойлады ол. Д.Дос. ~ Әлгіндегі сүлесоқ түс, салыңқы қабақ, меңіреу бейне адам танымастай өзгерді. Көздерде кекшіл көкшіл от тұтанды. С.См.