Posted in

САЛТ БАСТЫ (БАС), САБАУ ҚАМШЫЛЫ (ҚАМШЫ)

Жалғыз басты, үйленбеген, бойдақ. ~ Әжем өзінің ұлдарына өңшең аққұбаша аруларды айттыруға ынтық болған. Соның кесірінен менің әкем Момыш отыз үш жасына дейін салт басты, сабау қамшылы жүріпті. Б.Мом. ~ Талап жолға шығар алдында Жомартқа хабар берсем бе, бермесем бе деп біраз ойланған. Салт басты, сабау қамшылы болса ешкімді мазаламай-ақ тарта берген жөн. С.Дос. ~ Салт бас, сабау қамшы жас әйел осы аласапыран, қаралы күндері қаужап ермек қылатын қуаныш тауып жүреді. О.Сәр.

Posted in

САМАЙЫН АҚ БАСТЫ (ШАЛДЫ)

Қартайды; шашына ақ кірді. ~ Сені аңсаймын, қайнаған ақ бастаулар, Ақ бас таулар — самайын ақ басқандар. Сені аңсаймын, қазіргі ақ бас шалдар, Бұрынғы өреден құрт ап қашқандар, Су кешіп, жалаң аяқ от басқандар! М.Мақ. ~ Міне, екеуі қатар келеді. Тау өңірінің биыл әсіресе, қақалып өскен кілем түгіндей тып-тығыз көгін қатар басып келе жатып көз қиығын Әзімге тастап еді. Жасаған-ау, бұның да самайын ақ шалған ба? Ә.Нұрп. ~ Серке басыммен, самайын ақ шалған аға жасыммен мен бұлай өле алмадым, алданып, опасыздың отына күйдім. Т.Сәу.

Posted in

САЛТ БОЙЖЕТКЕН

Айттырылмаған, басы бос бойжеткен қыз. * Бұдан соң тағы бір жыл өткенде 17-жылдың өзгерісі болды… Өзгерістен бір жыл бұрын сабағын бітірмесе де, Ғайша оқудан шығып, салт бойжеткен болып жүр еді. М.Әу.

Posted in

САМАЙЫН ҚЫЛАУ (ҚЫРАУ) ШАЛДЫ (ТҮСТІ)

Шашы ағара бастады. ~ Самайын қылау шалып, маңдайын ажым торлаған батырдың бұл күнде шаршысы шығып, алқымы да салақтап боғағы көлгілдеп семіріп алған екен. Б.Жұм. ~ Бірақ әлі өңін бермеген. Қоңырқай шашының самай тұстарын қырау шалса да, көруге аса көркем жан екен. Х.Ес. ~ Санжар қарсы беттегі айнадан шашы сиреп, самайын ақ қырау шалған, маңдай әжімі тереңдеген жасамыс еркекті шалды. Д.Дос. ~ Мырқы мырза қартаймайтын, самайына қылау түспейтін, жігітшілігі жыл санап үдеген, жүз жасаған адам ба, әлде екі ғасыр бойына қақшаңдаған сайтан ба деп таңқаласыз әрине. Д.Дос.

Posted in

САЛТ МІНДІ

Атқа жеке дара отырды. ~ Жылқының тұқымы толып жатыр. Олардың біреулері салт мінуге жақсы, біреулері жүк тасуға жақсы, біреулері жарысқа жақсы. А.Байт. Ѧ Ертеңіне Балуан Шолақтың аяқ — қолына кісен салынды да, пар атқа жеккен күймелі арбамен, салт мінген, елу солдаттың қоршауында, Көкшетауға айдалды. С.Мұқ. ~ Қара жолмен ілби жүріп келеді. Екі аттың біреуіне салт мініп, біреуін жетектеп Жаманбай пәуескеге ілесіп келеді. С.Ом. ~ — Сонау алыстан келдің. Жақын жердегі ауылыңа жету сөз болып па. Менің жирен қасқа атымды салт мініп, ауылыңа барып қайт. А.Жақ.

Posted in

САМАЙЫНА АҚ КІРДІ

Шашы ағарып, қартая бастады. ~ Айналайын-ай, келдің бе?! Өз көзіме өзім сенейін бе, сенбейін бе?! Осы сен шын Райханбысың? Өзің мүлдем өзгеріп кетіпсің ғой. Самайыңа ақ кіріпті. Өңің сынық. С.Жүн. ~ Артынша тағы да қақпа ашылды. Самайына ақ кірген, орта жастағы бір кісі шықты. Қ.Ысқ.

Posted in

САЛТАНАТ ҚҰРДЫ

Құдырет-күшін, сәнін таныта дәурен кешті, паш етті. ~ Бұлар керек адамды қырмақ үшін, Өзі билеп, салтанат құрмақ үшін. Шәк. ~ Аулынан аттанып, қызықты дәуренімен қоштасар алдындағы қыздың ең соңғы рет емін- еркін салтанат құруы сияқты екен бұл. Б.Мом. ~ Қыдыр дарыған Қамбар төренің өзін жырға қосты. Сөйтіп өзгеше, бұл өңірде бұрын- соңды болмаған бір салтанат құрдырып еді. К.Сег.

Posted in

САМАЛАДАЙ БОЛДЫ

Жап-жарық боп көрінді. ~ Осымен ел жататын мезгіл әбден болғанда, Қалбағай жылқының күншығыс жағына шығып жер шалып, енді жылқыға қайта келгелі тақап қалғанда, күнбатыс жақтағы ай сәулесі түсіп тұрған боз төбеден самаладай болып жаудың көң шоғыры шыға келді. М.Әу. ~ Бір сәт Сабалақ Сарбастың шыр ете түскен даусы естілді: — Бидас аға, ана қара, жерде самаладай болып шам жанып жатыр! Шам! М.Қан. ~ Жеті жұлдыз орындарына барып іліне-іліне қалған соң бұрынғысынан да бетер жайнап, самаладай болып мың құбылып жар-қырай түсті. М.Қан.

Posted in

САЛТАҢ (СЫБАЙ-САЛТАҢ) ЖҮРДІ

Түк бітірмей, бос жүрді. ~ Сол салтаң жүргенімізден бе, бәрі балалардың әкесін, танитындары әжелерін еске алып, менің өмірімді қаласам да, қаламасам да Ерікпен байланыстырып жатады. С.Досж. ~ Тұңғыш ұлдан соң Қамқа күні бүгінге дейін бала көтермей, сыбай– салтаң жүріп алған. О.Бөк.

Posted in

САМАЛАДАЙ ЖАРҚЫРАДЫ

Жарық түсіп, сәулеленді; түсі ашылды; жарқырап қоя берді. ~ Тұңғиық қараңғы түндері қаланың оты самаладай жарқырап көрініп тұрады. Н.Сер. ~ Қою қара сиядай жылжи аққан өзен үстінде шамы самаладай жарқырап «Мұхтар Әуезов» кемесі өтіп бара жатыр. Үш мәрте соза боздап, үйдің тұсынан өте берді. М.Сүн. ~ Механик лентаны жалғаймын дегенше жарық жағылып, қап-қараңғы зал іші қапелімде самаладай жарқырап қоя береді. С.Ас.