Posted in

САЛҚЫН ШЫРАЙ БІЛДІРДІ (ТАНЫТТЫ)

Бөтенсіген, ықтиярсыз пейіл байқатты. ~ Су жаңа киініп, апамды қуантайын деп келіп ем, бірақ ол салқын шырай білдірді. Таңданған пішінмен қасына барып отырдым. Әлдене боп қалды? Майданнан суық хабар келді ме?.. Жүрегім аттай тулайды. Т.Берд. ~ Бұл сөз шынында да жиналған көпшілікке бұрын адам естімеген кереметтей әсер етіп еді. Біреулер: «Қойыңдар, кешегі Алпамыс ердің көзі емес пе еді», — деп, бірден салқын шырай танытты. А.Сей.

Posted in

ҮШ ҰЙЫҚТАСА ТҮСІНЕ КІРМЕДІ (ЕНБЕДІ)

Мүлде ойламаған, күтпеген жағдай туралы. Қартқожаға жақсылық қылам деген ой үш ұйықтаса Неколайдың түсіне кірмегенін қайдан білсін… Ж.Айм.* Тентіреп жүрген мазасыз қонақты үй иелері сұқ көзімен атса да, біз оған дайын едік, бірақ дәл мынадай үйге түсеміз деген үш ұйықтасақ түсімізге кірген жоқ-ты. Т.Ахт. Дарханның үш ұйықтаса түсіне кірмеген, тәуекелді іске бел будырған осы – Кеңгір батырдың төбесі көк,аяғы жер тіреген заңғар мазар-тын. О.Бөк. Енді аяқ астынан мынандай әңгіме болары үш ұйықтаса, түсіне кірген емес. Т.Әбд. Базарда Нұрәлі кезігіп қалар деген ой үш ұйықтасам түсіме енген бе. Б.Соқп.

Posted in

САЛҚЫНЫ ТИДІ

Кесірі жұқты. ~ — Мына шал қайтеді-ай! — апам кейіп жатыр. — Бірдеңенің салқыны тиген бе өзіне? Н.Ор. * Елтай оларға ала көзімен қарады. Іштей жүндей түтілді. — Бір ғұмыр жетпейді… Бізден бастап, немере, шөберемізге дейін салқыны тиеді. Неменемізге кетеді. М.Қаб. * – Жетті енді, осы масыл болғаным да аз емес… Сәлімімді сағындым… ол да мені сағынды… келіп ертіп кетеді… балаларға өзің ие бол… Алыстап жүрсін… салқыны тиіп жүрер… малыңды шығынсынбасаң саған бір өтініш айтайын деп ем… Қ.Мүб.

Posted in

ҮШБУ СӘЛЕМ АЙТТЫ

Алыстан сағынышты сәлемін жолдады. ~ Екі жылдан соң, шүкір, кәмелетке толады. Казбекті біз қыз емес, қалың мал тауып кел деп жібергеміз. Бата бұзса, басы кесіледі баланың»,— деп, үшбу сәлем айтыпты. М.Қаб. ~ Екі ай бұрын Сібірдегі кіші ұлына: "Темір сабақ көзілдірік бұл жақта қат, жібер бері бір-екеуін" деп, үшбу сәлем айтып еді, әзірге жауапсыз жатыр. М.Қаб. ~ Батыры кеңк–кеңк күлді: – Ойнағаным ғой. Батыр өстіп ойнайды. Шалтай қарағым, туған–тумаға сәлем деп тантисың. Одан да туған жерге үшбу сәлем айт десең, аузың қисайып қала ма?! Жә, әзіл. Қане, жақында бермен, Аққұмнан абтыбс айдаған бала! М.Қаб.

Posted in

САЛҚЫНЫ ҰРДЫ (ШАЛДЫ)

Зауалы жұқты, шалығы тиді. * Ол сыртқы баспалдақтан көтеріле беріп, артына қайырылды. «Кешікпе, кешікпей келші» деп дауыстады. Сонда ғой күліп тұрды. Ойламаған жерден ненің салқыны ұрды? Ж.Нәж. ~ «Сайтан көпірден» өту үшін қорықпау керек»,- деуші еді әкесі. аманды мұндай мүшкіл халге ұшыратқан өзінің қорқынышы; сескенбей, аялдамай, ештеңе ойламай салыпұрып өте шыққанда, ендігі алатайды асып, жылқышыларға есенсау жетер еді әлдеқашан. алғашында сайтанның салқыны шалды ма, деп ойлаған аманның әуелгі әрекеті «бисмилладан» басталды. О.Бөк.

Posted in

ҮШБУ ХАТ

~ Біздің қолымызға қалам алып сіздергеүшбу хатты жазуымызға себеп болған нәрсе-соңғы кездері респуплика өмірінде бел ала бастаған бірнеше сорақы ұсыныстар болып отыр. Д.Мәс. ~ Шай қайнатымдай уақыт Ольга екеуміз сең соққандай сұлқ отырдық. Бірімізге біріміз не дерімізді білмедік. Адамның іші-бауырына кіріп тұрған үшбу хатты жазған адамның Советтің келіншегінен мүлдем бөлек адам екені ойымда тұрды. Б.Қыд.

Posted in

САЛҚЫНЫН ТИГІЗДІ

Зиянды әсерін келтірді. * Шығарма – дүниетаным жемісі. Сондықтан бұл қате көзқарас оның шығармашылығына да біраз салқынын тигізді. Қ.Ергөб.

Posted in

ҮШКІРІП ЖУСАТЫП, ЫСҚЫРЫП ӨРГІЗДІ

Айтқанын екі етпей істетті; билігі мол. * Жаңа «Шабындық бөлудегі оның кінәсі не?» дедің. Мынау жалпақ елді үшкіріп жусатып, ысқырып өргізіп отырған Нарбота баласы Қожамберген де қой терісін жамылған көк бөрінің өзі. К.Сег.

Posted in

САЛМАҒЫ АУЫР (ТҮСЕДІ)

Зауалы, зияны, кесірі көп. ~ Бәрінің төркіні, бәрінің ымы–жымы бір, достарым. Соғыстың салмағы ауыр, зілдей басып тұр. Ғ.Сл. ~ Ойпыр-ай, Зоя мені таныды ма екем? Көз қарасынан байқаймын, ауруханадағы қабылдаудай емес. Бұл жолғы кездесудің салмағы ауыр тәрізді. Т.Бер. ~ Бидің өзі келсе, салмағы ауыр түсетініне түсінген біздің елдің билері лайықты жөн–жоба таба алмай, қиналып отырғанда. Б.Мом.

Posted in

САЛҚЫН КӨЗ

Ойлы, байыпты қарас. ~ Мәкішке тағы бір рет көз тастап, ойлана түсті де Құнанбай үн қатты: – Ей, менің балаларым, дос- жарым, іні-туғаным! – деп, ойлы, салқын көзбен айнала жұртты шолып өтті. М.Әу. ~ Ағасы болса да Жұман төрге кеп отырғанша, қадалған салқын көзін одан алмастан, жағалай қарап өтті. М.Әу. ~ Ағылшын генералы жауап бермес бұрын әуелі Черновқа жүзін жайлап бұрып, жанары салқын көзінің астынан сүзіле бір қарады. Ә.Нұрп.