Posted in

ҰЙҚЫСЫ ШАЙДАЙ АШЫЛДЫ

Бірден оянып, есін жиып алды, ұйқысы тарап кетті. ~ Өзім ондайда сергек ұйықтаушы едім, көзімді ашып алғанда ұйқым шайдай ашылып кетті. М.Әу. ~ — Жете қалсаң тік ұрма, шоқпарыңа тіреліп жығыласың. Қатарласа беріп, қара тұмсықтан қаға ұр… — деп әдіс те үйретіп үлгірді. Сарыбала жайдақ, ұйқысы шайдай ашылған, қасқырға көзіге ағызып келеді. Ғ.Мұст. ~ Қария мінген мезеттен ұйқысы шайдай ашылады. Әңгімелерін тамсана тыңдап, Кентауға жетеді. С.Қасымб.

Posted in

ҰЙҚЫСЫН АШТЫ

Есі кірді, көзі ашылды. ~ Біресе бұл жарлық әншейін қазақты шошытуға, тәубесін есіне түсіруге, ұйқысын ашуға жіберген «құдайдың сыны» шығар, ел боз қасқасын айтса, құрмалдығын берсе, мойнына бұршақ салып еңіреп жыласа, «Өзінен» тілесе, көздің жасын иетіндей, жарылқайтындай көрінді. Ж.Айм.

Posted in

ҰЙҚЫСЫНАН ОЯНҒАНДАЙ

Оқыс болған жағдайға елең етті. * Қамбардың саңқылдаған үні қайта шыққанда Дархан ұйқысынан оянғандай селк етіп барып жанына жалт қарап еді, Дүрия сіңлісінің құлағына әлденені сыбырлап, күміс табаққа түскен теңгедей сыңғырлай күліп тұр екен. О.Бөк.

Posted in

ҰЙЛЫҚҚАН ҚОЙДАЙ БОЛДЫ

Малдай жайылып кетті д.м. ~ Ортасында ұйлығып, Кетпейін десе, жері тар, Кетейін десе, алды-артын Қоршап бір алған кәуір бар. Ұйлыққан қойдай қамалып, Бүйірінен шаншу қадалып, Сорлы бір қазақ қалды, ойла! Бұқар жырау. ~ Жұрт жайылып, ұйлыққан қойдай болып, Иесіз (ессіз) жүрсе, күні айт пен тойдай болып. Ел билеуші қасқырдай күнде талап, Жүрген жері у мен шу, ойбай болып. М.Ж.Көп.

Posted in

ҰЙҚЫ ҚҰШАҒЫНДА

Тәттә ұйқыға берілу туралы. ~ Бірақ мұны Шарапаттың естімегені айдан-анық. Ол өлі ұйқы құшағында еді. Т.Әлж. ~ Ботабек азаннан тұрып, тәтті ұйқы құшағындағы Мұңлықты оятпай, есікті жаймен ғана жауып, жұмысына тартқан. Н.Сер.~ Тәтті бір құмарлық алпыс екі тамырға жайылып, алды-артына қаратпай дуылдатып ала жөнелсін. Томпиып ұйқы құшағында жатқан Мәдеміге қарай аударылып түсіп, жұп-жұмыр қос анарға тұмсық тақап еді, сүт иісі бұрқырап қоя берді. Н.Сам.

Posted in

ҰЙҚЫ ҚЫСТЫ

Ұйықтағысы келді, көзіне ұйқы тығылды. ~ Ауыз бөлмеде Бауыржанның атқосшысы. Николай Синченко үстел жасап, бес кісіге дәм әзірлеп отыр екен. Ұйқы қысып келе жатқан мен еденге жантая кетіп едім, Синченко иығымнан жұлқылады. Ә.Нұрш. * Ауылға жеткіміз келіп, түнімен қонбай жүрдік. Таң алдында бәрімізді ұйқы қысты. Сонда ұйқы ашар болсын деп ән салғанмын. А.Өтег. ~ Күн шыға шөпке жабысқан боз қырау еріп жылт-жылт етіп ат шашасын жуа бастады. Сәскеге таман бірырғақ жүрістен Хансұлуды ұйқы қыса бастады. С,Ел.

Posted in

ҰЙҚЫ МЕҢДЕДІ

Қатты ұйқысы келді. ~ Ғұмыры ел құсап салған төсекке жатқанды білмейді. Түннін бір уағына дейін ұршық созып отырады да, әбден ұйқы меңдеген соң құлай кетеді. Ә.Кек.~ Тылсым тыныштық орнады. Бәрі шаршаған, бәрін ұйқы меңдеген сияқты. Н.Дәу. ~ Іргесінде албырап, таң алындағы тәтті ұйқы меңдеп, түшіркеніп- ақ жатқан әйеліне осы ғажайыпты айтпақ боп бұрылайын деп еді, шегелеп тастағандай аунай алмады. О.Бөк.

Posted in

ҰЙҚЫҒА БАС ҚОЙДЫ

Көзі ілініп кетті. ~ — Әбден қартайған. Көпірден бері өтуге де ерінеді. Киіз үйдің іргесіне жете бере тағы да ұйқыға бас қойған шығар,- деп күбірледі. Ә.Әл. * Бала кезде атасының ертегін тыңдап жатып, ұйқыға бас қоюшы еді. Атасы ертек айтпаса ұйықтай алмайтын. Е.Бақ. ~ Ай әлі тумаған. Сары күздің май тоңғысыз түні. Қоянсүйек бұталары арасына кіріп іркілген ауыл жұрты бұ кезде ұйқыға бас қойган. С,Ел.

Posted in

ҰЙҚЫҒА ШОМДЫ

Қалың ұйқыға кетті. ~ Ыстық өткен, жол соққан жүргіншілер — бір жағынан аштықтан бұралып қызыл іңірден ұйқыға шомды. Біреулері ұйқысырап: «апырым-ай, апырым-ай!.. Өлтірер ме екен?» деп, үрейленген күйі басын көтеріп алады. Б.Майл. ~ . Екеуі бұйығып, біріне бірі тығыла түсіп, бірін-бірі құшақтап, бірінің демі екіншісін жылытып, жұбатып, тербетіп, ұйқыға шомдырды. Б.Майл. ~ Тамақ ішілуі-ақ мұң екен, таң атқалы тізе бүгіп дамыл алмаған жалшылар, тоңдарына орала түсіп, ұйқыға шомды.Б.Майл.