Posted in

ҰЗАҚ ЖАСАДЫ

Өмірі ғұмырлы болды. ~ Соншама күнәға батып қалай өмір сүреді? – Жай ғана сүрмейді, ұзақ жасайды. Құрметті де көретін солар. Н.Дәу. ~ Өзара жамағайын, туыс, жекжат, әйтеуір, бір қарғатамырлы жұрат. Біз де. «Қарғатамырлы қазақпыз» дейміз. Сірә, қарғаның ұзақ жасайтынына қарап, тегіміз алыстан туысатынын меңзеп айтармыз… С.Сағ.

Posted in

ҰЗАҚ КҮНДІ КЕШ ҚЫЛА АЛМАДЫ

Уақыт өтпей қойды д.м. ~ Бұрын сыз құдықтың ішінде жер шұқып отырғанда күнді ұзақ көруші еді, енді жердің бетінде, жарық дүниеде, салқын ірге, салулы төсекте ұзақ күнді кеш қыла алмай, тағаты таусылады. Ә.Кек.

Posted in

ҰЗАҚ САРЫН

Таусылмайтын, бір қалыппен созыла беретін жыр, әуен. ~ Әлдекімге қаптап, зіркілдеп сөйлеп отырған әке сөзі кейде бұған бір жортуыл, шабуыл үстіндегі шұбырынды, ұзақ сарын сияқтанады. М.Әу. ~ Қара түн – қара шаштай, қоп– қою, жайылып кеткен. Ұзақ жауыны ұзақ сарынынан жазбайды. С.См. ~ Басы аттың басындай, төсі апандай, қолдары күректей, сандары бураның санындай нән қара кісінің өзіне қарай төніп келе жатқанын көріп көздері шатынай берген қарасирақ қорыққанынан жылап жіберіп, анасының артына тығылғанда ұзақ сарын кілт үзіліп еді. Ә.Тар.

Posted in

ҰЗАҚ СОНАР

Ұзаққа созылған, бітіп қоймайтын, мезі қылған (әңгіме, сөз, уақиға).~ Аузына барғанда жол-жөнекей сақалын да сипап өтеді. Сақалының дамылсыз шошаңдауына қарап: "Ұзақ сонар әңгімені бастап отыр-ау" дейсің. Б.Майл. ~ Шәкібайдың қабағы қатпарлана түсті. Бұл үйдің жұртта қалу тарихы ұзақ сонар оқиғаға байланысты. Жас әйелдің аты Әмине. Сөзге де шебер, ажарға да тәуір. Б.Майл. * Содан әңгімесінің тағы жібі босап: — белім кеше қасқыр аттап бастырмай шойырылып қалып еді… Соған қарамастан шапқаным… Тақ екі қасқыр базға түсе ғапты, түге, — деп сөзін тағы ұзақ сонарға сала берді. М.Әу. * Бәрін есіңе түсіре берсем ұзақ сонар тарих боп кетер. Р.Рай. ~ Енді ұзақ сонарға салатын уақыт емес. Жіптің түйіні шешілетін жерге жеттік. Жә болады, жә болмайды, бір жағына шығуың керек. Т.Жар. ~ Ұзақ сонарға жіберген ат бәйгесіне қалаулы жүйрігін қосып, енді жүрегі лүпілдеп, асығыс та, шыдамсыз да соның ақыр соңын күткен әке жүрегінің ырғағыңдай ырғақ менің кеудемде де бар. С.Бақб.~ Өліараның сол бұршақты түні Қойшы сенімін іздеп, ұзақ сонарға аттанды. О.Бөк..

Posted in

ҰЗАҚҚА БАРМАДЫ

Көп созылмады; тиылып қалды. * Әбіштің қауіпі ұзаққа бармады; бандылар айғай-ұйғай болып, арбасын дүрілдетіп, абыр-сабыр поселкеден жөнеле бастады. Ж.Айм. * Бірақ Қасымның бұған жақындаған қалжыңы мен әңгімесі ұзаққа бармайтын сияқтанды. Ең алдымен оның алмақ болып жүрген қалыңдығы бар болып шықты. М.Әуез.

Posted in

ҰЗАҚҚА ШЫҚТЫ

Үйінен алыстап кетті. * Темір жол вокзалына пойыз келіп тоқтады. Ауылдан бірінші рет ұзаққа шығып тұрған Қарлығаш жан- жағына қарап аң- таң болып тұрып қалды. А.Әлт.

Posted in

ЫСТЫҚ ОТТАЙ ШАРПЫДЫ

Тұла бойын ерекше әсерлі сезім билеп алды. * Түнде көзім ілінгенше Тайпақтағы уақиғалар тізбектеліп қайта¬ланып жатқаны. Гүлзина, шын мәнінде, менің өмірімдегі ең жарқын оқиға болды. Жарқырап шыққан күн секілді көз шағылдырды, ыстық оттай бар денем¬ді шарпып өтті. Ә.Асқар.

Posted in

ЫСТЫҚ СЕЗІМ

~ Қалайда көңілге алаң кіріп, ұмытылуға қараған баяғыдағы бір ыстық сезім бір төңкеріліп аунап түскен-ді. Ә.Нұрп. ~ Әке-шешемізден ертегілерге елітіп, Абайды таныған соң ғана ұлт әдебиетіне деген ыстық сезім ояна бастады. Ж.Шәк. ~ Бір-біріне ұмтылған қос жалындай шарпысып суық дүниені ыстық сезімдерімен күйдіріп, жандырып, буы бұрқырап жатты екеуінің… С.Ел.

Posted in

ЫСҚЫНЫ ЖАМАН

Түрі қорқынышты. * Апырмау, мынау кім болды екен? — Итім біліп пе? —Шіркіннің ысқыны қандай жаман. Ышпана шығар? Б.Алд.