~ Экономикалық жағынан тәуелді етіп, Қазақстанға қайтадан қанды шеңгелін батыруды ойлаған олардың жоспарын іске асырмау үшін Нұрсұлтан шұғыл шара колданды. С.Дос. ~ Нүркен, ـــ деді Шөке өзін тежей, ـــ Мен сенен неге қашамын, мына тағдыр мені аямады. Қанды шеңгелін батырып, енді міне кем салиқа етіп тыныш тапты. Б.Жұм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ШЕККІ КӨРМЕДІ
Қарсы болмады. ~ Рақия! Қайғыңа мен де ортақпын. Егер шеккі қөрмесең, қасыңа еріп барайын,– деді. Қабыш тағы да ұмтылып барып, Рақияның қолын ұстай беріп еді, ол міз бақпай сілкіп жіберді. Марш.Әбд. ~ Әділ, сірә, арақты шеккі көрмейтін. Бүгін де бір шөлмекті ала шығып еді. Ш. Мұр. ~ Іші пысып жүрген Соппек Ембергенге ерді. Желеуінің түрі: – Құмнан қанжығамызға қоянды саудыратып қайтамыз! Бұлардың келгенін Ноғайқұл шеккі көрмеді. Бірақ Күржіктің келгеніне қынжылды. Т.Әл.
ШЕКСІЗ ЫҚЫЛАС
* Шыбын жаным шырқырап келісім бермей жүргенім қарадай жынына тиеді, саған деген шексіз ықыласымды іштей сезеді. Д.Дос.
ШЕКТЕН ШЫҚҚАН
~ Бибіжамал жеңгем, өзінің шектен шыққан ластығына қарамастан, Тұрдыбектен сондай жиренгіш. Б.Соқ. ~ Өте қаталдық жасауға да болмайды. Әйтеуір, көңіл білдіріп жатыр ғой. Тек шектен шыққан қанағатсыздарға ғана қатты тұяқ сілтенеді. Павел қысқа үзеңгіге аяғын салып, сары биенің үстінде отыр. М.Кәр.
ШЕКТЕН ШЫҚПА!
~ Дәулетов трибунада тұрған Сашаға жеңіл, шұғыл бұрылып: — Семенов, байқа! Шектен шықпа! — деді. Үнінде үлкендік бар, нықырта айтты. З.Қаб. ~ Кей сәттерде оны өзіне қарай тартып, бетінен шөп еткізіп сүйіп алмақ та болды. Бірақ, тәкапбар қыз қарсылық көрсетіп, мұның кеудесіне шынтағын тіреп: -Шектен шықпаңыз, — дейді ақырын ғана ескерту жасап. Н.Ораз.
ШЕКЕГЕ ТИДІ
* —Ет жоқ қой, шырағым. Сүт қатып, күріш ботқа жасап берейін, жейсің бе? — Палау, күріш көже, ботқа… Осы бір күріш-ақ. Әбден шекеме тиді ғой!—деп аузымды бұртиттым. Т.Берд.
ШЕКЕДЕН ҚАРАДЫ
* Ех, шіркін! Бұндайда үстіңдегі киімдерің инеден қазір ғана шыққан жаңа киімдер болса. Мына сумұрындарға «жоламаңдар, киімді былғайсыңдар» дегендей шекеңнен қарап тұрсаң. Б.Соқ. Менсінбеді. * Этностар шоғырлана орналасқан елдімекендерде бай ұлыстар кедейлеу тұрғылықты халыққа шекеден қарайтыны құпия емес. БАҚ.
ШЕКЕДЕН ШЕРТІП ЖҮРІП ТАҢДАДЫ
Асықпай таңдады. * «Қаланың қу аяғын қайтесің, өзім осы төңіректен уылжып тұрған бір қызды шекеден шертіп жүріп, таңдап беремін». М.Қабанб. * сырт панасына апасы мен жездесі де жарайды, өзі өлгенше киініп — ішінуіне, өзі тығып ұстайтын алтын — күмістері мен асыл тастарының артығы да жетеді… Ендеше, күйеуді шекеден шертіп жүріп таңдау керек… С.Мұқ.
ШЕКЕДЕН ШЕРТПЕДІ
* – Әй, келін. Орағыңа шақтап тоқы. Оның қолы балғадай, басқалардікіндей емес екенін өзің білесің ғой. Әй, бірақ білетін де мезгілің болған жоқ- ау. Орақ бірер рет өзіңді жұдырықтағанда білер едің. Алда айналайын- ай, шекеңнен шертпеуші еді ғой. Шақтап тоқы соған! — дейтін. Ш.Мұрт.
ШЕКЕДЕН ШЕРТТІ
* Апасы жағынан «Жоламанның үйіндегі келін» де алыс емес сияқты. Қысқасы, ол үйде бұны шекеден шертіп, шөміштің басы нан қағатын ешкім жоқ боп шықты. Д.Әш.
