~ Сонда бұлар жәшіктердің үстіне отырып, мұздай араққа ыстық ықылас қойған. Ә.Тар. ~ Қазір онымен биік мәртебелі ұлықтар ықылас қойып танысып жатырған көрінеді. Жан–жақты сарапқа салып өз пікірлерін айтатын болса керек. Ә.Кек.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ЫЗАСЫ КЕЛДІ
~ Кирилов көзін қайтадан бақырайтып ашып алады. Әлгі ойына ызасы келеді. Неге бара алмайды? Барша жансыздың әуелі сенімге кіріп алуға тырысатын әдеті емес пе? Ә.Кек.~ Беті сазарған, айтқанынан қайтпайтын, кісімен мәмілелі сөйлесе білмейтін дөрекі адам екенін білді. Оның үстіне арыз ұйымдастырушының бірі осы екені есіне түсті. Нұрмолданың зығырданы қайнады, ызасы келді. С.Бақ.
ЫЗАСЫ ӨТТІ
* Барған жері орынды кісілер ғой. Мына қатындардың ызасы өтіп кетті. Ә.Шәр.
ЫЗБАР ТӨКТІ (ШАШТЫ)
~ Бұ күнде ондағы ызбарын төгіп отыратын Мәжекең де, бет-аузы ақпандағы алабас бураша сорағытып, ақ сабауға қош айтысып, қыжырайып, төсегінде жатыр. Ж.Айм. ~ Тергеуші Сапардың өңі демде қарасұрланып, ысқырынған әбжыландай ызбар шашты. Ә.Ыб.
ЫЗҒАР ШАШТЫ
Қаһар төкті, жер тепкілей ашуланды. Сонда да ашуы еркін тарқай қоймай, қара алтын жүзі мен етті ерні көкаязданып ызғар шашып тұратын.Қ.Шабд. ― Сендер білесіңдер, бірақ айтпай тұрсыңдар… – деп Шодыр ызғар шашты. Б.Тоғ. СИН: ЫЗБАР ТӨКТІ
ЫЗА КЕРНЕДІ
Ашуға булықты. * Бас-аяғы онға толмайтын жігіттің қалың елдің ортасынан тал түсте қыз алып қашқанын қайдан көріп ең? Біздің қолымыздан ғана келді ол. Өзімізді де ыза кернеп барып еді. (Күлімдеп.) Б.Майл. * Ойға алған жұмысты орындап шықпай тыным көрмеймін. Ойға алғаным орындалмаса, ыза кернеп жарылып кеткендей болам. Б.Майл. * Бірақ моп-момақан боп мөлтең-мөлтең ағып жатқан суды көреді де, бойын кернеп келген ызаның орнын әлдеқандай бір мұң жайлап, хауыздың қасындағы үстіне қалы кілем жапқан мәрмәр сәкіге отыра кетеді… Ә.Кек,
ЫЗА ҚЫЛҒАНДА
“Е, шалдар, шалдар, сендерді ақымақ қылған ғой, сол ақымақ қалпыңда өлесіңдер ғой!..” – деп қояды-ау ызақылғанда. Ш.Айт. Мені ана боқмұрындарға жығып бергені жаныма батады- ау. Ыза қылғанда Майсараға анау мықтысымен негетаныстыр демеймін осы. С.Смат.
ЫЗАҒА (ЫЗАДАН) БУЛЫҚТЫ
Ашу қысты. * “Ол кісі бірдеңе білетін шығар, расында ондай лауазымға лайықты емес болармын” деп ойлаған жоқ. Қайта менің алдыма түсер кім бар деп ызаға булықты. Т.Сәук. ~ Бұл – басыбайлы халқының тағдырына ашынған, ызадан булыққан, шарасыздықтан құмыққан, дәрменсіздің көз жасы еді. Т.Жұрт.
ЫЗАДАН БУЛЫҚТЫ
~ Аяғы-аяғына тимей зуылдап келе жатқан кішкентай Ұлжан ашулы. Жайшылықта жайдары, көңілді жүретін оның мұнысы қалай? Ызадан булыққан қызды, әгәрәки біреу-міреу тоқтатып, «Не болды балақай?» десе, жылап жіберерліктей халде болатын. Т.Әбдір.
ЫҒЫНА ЕСТІ
~ «Жатқан жыланның құйрығын басып, қарадай шошытып не жыным бар», — деп іштей қапалық жеді. «Өзім білемін» деп бетпақ бәлеқор кісілермен өжеңдесіп өшіктіре бергенше лауазымды адамды жағалап, соның ығына есіп, неге пана тұтып жүрмеймін? Д.Дос. ~ Өзге қатарларына ұқсап — мәртебелі лауазым биігінде отырған жерлестері мен елдестерін паналап, солардың ығына есіп, біреуінің өзін, келесінің сөзін өтірік мақтап жүріп, баспалдақ етіп, биіктеп кетуді білмеді; таяқ жұтқан кісі секілденіп тікшиген қалпы жүремін деп «бірмойын, өзімшіл» деген жаман ат жамады. Д.Дос.
