Сол сәтте; бірден. ~ Екі көзі шоқтай жайнаған, маңдайында кекілі бар, ақ құба бала салған бойы келіп, атасының мойнына асылды да, құлағына бірдеңе деп сыбырлады. Қ.Жұм. ~ …біреу тықырсыз ішке кірді. Кірді де басқа ештеңеге айналған жоқ, салған бойы оттың басына келіп, шоқия отырды да, шалаларды қағыстыра бастады. М.Алм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САЛҒАН БЕТТЕН (БЕТТЕ)
Ә дегеннен, бірден, сол бойда. ~ Рақмет келгеніңе!— Салған беттен «сен»- ге көшті. М.Қаб. ~ Егер сен шын дос болсаң жасырмай шындықты айт! Сен Натальямен болдың ба? – деді Сәрсен салған беттен. Ә.Асқ. ~ Неге осынша қатты кеткені белгісіз, Агба, әйтеуір, оның өзін салған беттен жақтырмай қалғанын, төбесі көрінсе қабағы түйіліп кететінін ғана біледі. А.Смай. ~ Бiр-бiрiне су шашып, шыңғырып, күлiп өз базарлары өзiнде. Салған бетте ұлдар құлаштай сiлтеп оңашалана берген. Т.Сәу. ~ Осы ауылда оны алуға жарайтын бір ғана ұстара бар — ол Әубәкірдікі. Оның өзі де алғаш салған бетте тұтқырланып, жүрмей қалады. Б.Соқп. * Елтай өзіне де наразы. Салған беттен тіке шапшыды. Екеуінің жұлдызы қарсы. М.Қаб.
САЛАҚ ҚАРАДЫ
Немқұрайлы, ниетсіз, салқын қарау; көңіл бөлмеу туралы. ~ Өз қызметіне салақ қарағаны үшін деген Қылмыс кодексінің жүз он бірінші статьясы болатын, ол бойынша екі жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырады. Б.Қыд. ~ Жалғыз қалғасын тұсындағы айнаға көзі түсіп еді, түрінен шошып кетті. Жүдепті. Сақал-мұрт өскен. Бұрын да үстіне салақ қарайтын кісі қазір тіпті ебіл-себіл. Ә.Нұрп.
САЛА ҚҰЛАШ
Тым ұзын. (Құлаш созымдай ұзындықты білдіретін халық өлшемі). ~ Машинаның аты — машина. Шақаттан шыға, қасқырға ол тағы жетті. Итің болдыруға айналған, тілі аузынан сала құлаш шығып кеткен!.. С.Мұқ. ~ Шашылып кеткен сала құлаш бұрымы қар түйіршіктерімен бүркеліп, ақшылдана қалыпты. Ә.Сәр. ~ Серіліктің рәсімі дей ме, қашан көрсең де, мойнынан сала құлаш түкті орамал түспейтін. С.См. ~ Өз пәнін бес саусақтай біледі. Бұрынғы-соңғы ақын — жазушылардың шығармаларынан сала құлаш үзінділерді жатқа соғады. Б.Соқп.
САЛ БӨКСЕ АЯҢ
Мардымсыз, мимырт аяң. * Ақ көбік болып терлеген қос қарекер құтырына жұлқып тартқан әпігі басылып, бағанағыдай емес. Оспанның бишігінен де қорықпай сал бөксе аяңға басқан. О.Бөк.
САЛ БӨКСЕ
Бөксесі жуан. ~ Айлақтағы қайықтай жатыр мызғып, тынығып, Сал бөксесі самарқау толқынмененжуылып, Қомағай,ашкөз немістей телміреді бұғынып. М.Мақ. ~ Еспер түрлі ойға кетеді. Бөксесі үлкендеу, шынымен сал бөксе бай баласы болар. Атынан айырылып қалған ғой деп түйеді Еспер. Б.Қыд. ~ Бұқпанның сал бөксе жиенін қалдырып, Атымтайды айырбас қылып, приемға қаратып айдап жіберген дәл осы отырған Бейсембай қаясы болатын. М.Дәу. ~ Дүйсенбіде Шолпанның кабинетіне барып жұмыстан кететінімді айтып, құжатымды сұрадым. – Немене, Золушка басқа сарай тауып алдың ба? – деп тиісті сал бөксе. С.Досж.
- Сылбыр, шаршаңқы, жайбасар адам туралы. ~ Иен таудың арасында нейбетке жүрсе де нысанағашаншылғанын қарашы! Сары сақал, сал бөксе болған шағында енді қайда барып табан тірейді, қай келіннің қолына қарап кіріптар болмақ? Қу сүйегі саудырап қай қиырда қалар екен! Ә.Асқ.
САҚЫЛДАҒАН САРЫ АЯЗ
Бет қаритын үскірік аяз. * Неше күннен бері жел терісінен, терістіктен көтерілген шаңыт біресе өршіп, біресе шөгеді. Сақылдаған сары аяз. Қарадан қарап тұрып бірдеме шарт ете түседі. Ж.Айм. ~ Қысқы таң мұндай ұзақ болар ма. Сақылдаған сары аяз еттен өтіп, сүйекке жеткендей. К.Жүн.
САҚПАННЫҢ ТАСЫНДАЙ
Оқтай жылдам, ауыр. ~ Сенің немерең екі таяқпен зорға сүйретіліп келді, балаң таяққа сүйеніп келді, сен таяқсыз келдің, көзің шоқтай жайнап тұр, тісің түп-түгел, пышақтай өткір, сөзің ап–анық сақпанның тасындай, денең қунақ, кескінің жақсы, пішінің түзу, бұл неліктен мұнша екі түрлі болды? – деді. А.Байт. ~ Ту баста сақпанның тасындай зымырап барып, шапшып тік көтерілген қыранның иесін шақырғандай шаңқылдап, төбеде дөңгелек айналып ұшқанына да қарамай, мықынын таянып, бүгіліп отыра кетті. Ғ.Біл. ~ Сонда таң қалғаны есі шала болып қалса да, әйелдің де соншалық сүйсінгені, дәл бір мына қызықты алғаш көріп отырғандай, тәуіптің ірі сүйекті құрықтай денесін екі қара санының арасында сақпанның тасындай қағыстырып, зар қақтырды. Н.Дәу. ~ Мекен ғып адамға берді Алла, Қонақтың бір түстік асындай. Осындай сыналар жер бар
ма? Ұшуда сақпанның тасындай. Д.Бай. ~ Әмірбектің айтқаны тура келді. Доданы қақыратып, біреу көкпарды өрге қарай алып шыққанда, ол бүйірден қосылып, сақпанның тасындай сарт ете қалды. Т.Әл. ~ Бірақ, естілуінің өзі құлаққа сақпанның тасындай ауыр тиетін осы сөздің мәніне терең бойлап әуре болмағаныңыз анық. Ө.Ақж. ~ Әне, сұлу да ықшам «Ягуар» сырғып кеп тоқтап еді, әйнек үйден ұзын тұра секпіл бет, жирен бала сақпанның тасындай атып шықты. Машина иесі баламен іштен сөйлесті. М.Қаб. ~ Құрдасыңның мойнында зіл батпан налаң бар, білемін. Кешегі сақпанның тасындай сартылдаған қырғиынан бұл күнде отбасының бақырайған байғызына айналдық. Д.Дос.
САҚПАННАН АТҚАН САРЫ ЖАСЫНДАЙ
Оқтай атылды д.м. ~ Алды-артыма қараймын, дәнеме жоқ, аспанға қараймын, сізге — өтірік, маған — шын, әр қанаты түңліктей ақиық сақпаннан атқан сары жасындай сорғалаған күйі үңгірге барып шаншылды. Тура ертегідегі самұрықтай көрінді. К.Сег.
САҚАСЫ АЛШЫСЫНАН ТҮСТІ
Жолы болып, тасы өрге домалады. * Атқан оғы жерге түспей сақасы алшысынан түсіп тұрған сол заманда осы қоңыр таулардан алты сілеусінді бір жолда соққанын қариялар тамсана әңгімелеуші еді. Ж.Шәк. * Құсайын бастаған топтың сақасы алшысынан түсті. Қанымызды төге ме деп қалтырап келгенде Қасым өздігінен беріліп, олжалы қайтты. Ж.Шәк.
