Posted in

ТҰМСЫҒЫҢДЫ БҰЗАМЫН!

Айбаи шегу, қорқыту. ~ Қиқым бір-екі аусар жігітпен Сейітті қуып жетіп, "тоқта!" деп бұйрық етіп еді. Сейіт оған қанталаған ызалы көзін жалт бұрды да: "Тұмсығыңды бұзамын! Жоғал көзімнен!" — деп кете берді. М.Әу. ~ Қайнар көзден орта шелек суды ала көргенімде иен даланы жаңғырықтырған әзірейілдей дауыс естілді. — Е-е-ей! Академик, тұмсығыңды бұзам-м-м! Ш.Айт. ~ Шарылдап жылаған, ырсылдап төбелескен бала даусы естіледі. «Мама, мама Ганди ұлды, Ганди ұлды», «Бер допты өзіме!»- «Бермеймін, мама!»-«Тұмсығыңды бұзам, бер!» Бағила жүгіре шығады. Балалардың айқай-шуының арасынан оның да сампылдаған даусы естіліп жүреді. Т.Ахт.

Posted in

ТҰЛДЫР ҚАЛДЫ (ҚЫЛДЫ)

Әке-шешесінен айрылып жалғыз қалды. ~ Соғыстың түтеп тұрған кезі. Күйеуі майданға кеткен соң үш ай дегенде «қарақағаз» келген. Өзі он тоғыз күн отасып, тұлдыр қалды. Ү.Жәл. ~ Әзірше ешбір жанға мұң шағылмай, Құдайға жалбарынды шын шағынбай. «Құндақтап сәбиімді сүйгіздің-ау, Беймезгіл, тұлдыр қылмай, тұмса қылмай. А.Мұхам.

Posted in

ТҰМСЫҚ БАТПАС

Тірі жан аяқ баспайтын д.м. ~ Себепсіз шөгіп, батпандай байырқалайтын мұндай зіл салмақты еңсеру тым қиын секілді. Тұмсық батпас тұйықта отырып не істеп, не қылып үркітеріңді білмейді екенсің өлі тыныштықты. С.Үс.

Posted in

ТҰЗЫ ЖАРАСПАДЫ

1.Тіл табыса алмады; бір-бірін ұғыспады; бірі-бірін мойындамады. ~ Өмір дегенді ойлап отырсаң, қызық нәрсе. Бірімен бірінің қалай да тұзы жараспайтын кереғар жаралған адамдар болады. Б.Соқп. ~ Осында «қызыл өкіметшіл» Дәнеқұл Байсаловтың ығындағы бір әпербақан шолақ белсенді мен сол Байғабыл молда екеуінің бір-бірімен тұзы жараспапты. Ұ.Досп. * Екеуі өмірі түзу сөйлесіп көрген жоқ-ты. Тұзы жараспағандықтан емес, араларында үш-төрт жас айырмашылық бола тұрса да ағасының аңқаулығы мен есіксіз жерден тесіп кіретін туралығы. Қ. Ысқ. * Марқұмның өле-өлгенше өкіметпен тұзы жараспайақ кетті. Қ.Ысқ. 2. Ерлі-зайыптылардың ажырасып кетуі туралы. * Бірақ сол Әсем бұрын осы Айшаның туған інісі Рахманға тиген екен. Тұзы жараспаған. Кетіп қалған. Ш.Мұр.

Posted in

ТҰЗЫ ЖАРАСТЫ

Табысты, некелесіп, отау құрды. ~ Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу деп, Құдайқұл атамыз бен анамыз Кенжебике тұзы жарасып, артына осынша ұрпақ жайған екен,- деп Ақан өзөзінен толқып, жігіттерден именбей бауырына қысқан Ұрқияның жұқа қос қабағынан ұзақ сүйді, С.Жүн. Бір-бірін түсіністі. ~ Тілі ширақ жас бала шырақшыға салған жерден ұнаса керек, «е, жарайды, балам, кел, маған қолғанат бол, ондайды өзім де керексініп жүр едім» дейді. Қысқасы, екеуінің тез тұзы жараса кетеді. Жетім бала ұшып-қонып тұрған нағыз қағілез қолғанатқа айналады. Ұ.Досп.

Posted in

ТҰЛА (ӨНЕ) БОЙЫ ШЫМЫРЛАДЫ

Әлдебір тосын сезімнің айрықша әсерінен денесі тітіркенді. ~ Шынар! Елеусіздің тұла бойы шымырлады. Айтпақшы, Шынардың аулы Қаратаудың теріскейінде еді ғой. Соның дәл өзі болмасын! Т.Әл. ~ Денесі тітіреніп, сүйегінен өткен сыздан тұла бойы шымырлады. Қ.Ысқ. ~ Қыздың нәзік саусағынан бір түрлі қызу тепкендей ме, Қаматтың тұла-бойы шымырлады. Ыссылап, ауа жетпегендей мазасы қашты. Н.Сер. ~ Қарттың тұла бойы шымырлап кетті. Аққұйрықтың өлігін ол ауру баланы көтергендей, ептеп қана құшақтап шарбақ ортасына, әлі шық жылтырап тұрған шөп үстіне әкеліп қойды. М.Кәр. ~ Халел не дерін білмей бетіне қаны теуіп, көзіне жас кеп қалды. Сандық дегенде үйдегі сары жез белбеулі сандықша есіне түсіп, шалдар тап сол сандық туралы айтып отырғандай өне бойы шымырлап қоя берді. С.Жүн.

Posted in

ТҰЗЫ ЖЕҢІЛ

Мінезі жеңілтек, алаңғасарлау, жолы ауырлау, сөзге көп қалатын адам туралы. ~ Рас туысынан тұзы жеңілдеу, қарап жүре алмайды. О.Сәр. ~ Сосын тұзы жеңіл әлдебіреулердей бүгін келе сала ертеңіне кетем деп апалақ-құпалақ асықпас еді ғой. Ә.Нұрш. ~ …алаңғасар мінезі ырық бермей кететін қашанғы әдеті. Оны өзі жақсы біледі, біле тұра кезінде тежеу салмай, көбіне артынша ыза болатыны бар. Тұзы жеңіл. Бейпіл де, бәдік те атанды, өтірікші де болды. Қ.Ысқ. ~ Бірақ тұзы жеңіл ме, түбі Асекең жалғыз қалады да жұрттың бәрі қашанда Асекеңнен арамдау болып шығады. Қ.Ысқ. ~ Аюбайдың бүгінгі күні тұзы жеңіл тарта берді. Әбіржіп, қызарақтап, қиналып әрең отыр. Б.Мом. ~ Аузынан әзіл кетпейтін, қадір-құрметі жоқ тұзы жеңіл жігіт деп санап жүрген Әшіріміз ауырып, әнеугүні құрылысшылардың ауруханасында апта жатып х.і.и анда шындық басқа екеніне көзіміз жетті. М.Қаб.

Posted in

ТҰЛА БОЙ

Бүкіл дене; бастан аяққа шейін. * Етектен кірген жел тұла бойды кеуледі, ауызды ашып, айғайласақ, боран қақалтып, дауысты шығармайды. Ж.Айм. * Сая қолын тартпады. Күлкісі ішіне түсіп, тұла бойын аралап әредік дір-дір еткізеді. Кеудесі толқынданып көтеріле басылды. Д.Досж.

Posted in

ТҰЗЫ ТАТЫМАЙДЫ (ТАТЫМСЫЗ)

Жараспайды, үндеспейді, бір-біріне кереғар д.м.. * «Тату болайық» айтылмаған сөз қазақтың құлағына түзы татымай тұрған бәдік әңгімедей естіледі. Ә.Кек. ~ Балалар үйінде қалай тұрып, қалай оқып жатқандары да біраз «тақырыптың» өзегіне айналар. Арлы-берлі тұзы татымсыз сұрақтарға да жауап берілер. Қ.Жиен.