Home » Page 252
Posted in

ТАҒАТ ТАППАДЫ

Мазасызданды, жаны жай таппады. ~ Дудар шаш қыз осылай асығып-үсігіп жүреді. Бір орнында тағат тауып отыра алмайды. О.Сәрс. ~ Сауығып келем,жинап та келем есімді. Сағынып қалдым,саламат өмір кешуді. Тағат таппастан,тартамын алға көшімді, Жанып бітпестен жазбаған маған өшуді. М.Мақ. ~ Тағат таппай елігіп тым, Жетегінде сері үміттің Уәделі жерге тағы бұрын барып, Күттім ұзақ, жан сәулем, сені күттім. А.Ман. ~ Шайхыесләм үйінде Байбосын тағат тауып отыра алмай бір кіріп, бір шығып тықыршып жүр екен. С.Жүн.

Posted in

ТАҒАТ ҚЫЛМАДЫ

Шыдамы таусылды, байыз таппады. ~ Оған да тағат қылмай, шашын сипадым. Біраздан соң ол өксігін басып, қайтадан сөйледі. Ә.Нұрш. ~ «Атты кісіге үш күншілік жол» дейді… Соны естідім де, тағат қылмай жолға шығып кеттім. Қ.Жұм. ~ Басқа Ит мұндай тұрмысқа Білдіріп шын ырзалық, Қылмас еді ұрлықты. Ал, ол болса бастап жаман сұмдықты, Етті көрсе, ешбір тағат қылмады, Табанда ұрлады. А.Асылб. ~ Аттанып еді, Бапталып еді арманы, Шаттанып еді, көңілде тағат қалмады. Үкілі үміт берді ел сөйле деп сөзін даланың, Батасын берді өңірдің өзек шалдары. Ә.Балқ. ~ Бежең тағат қыла алмай оң жақтағы шымылдықты ашып қараса, екі бала қатар жатқан. ол шыдап тұра алмай екі баласын құшақтап бауырына басып, «қос жанарым, екеуім», «екеуім, екеуім» деп егіле еңірейді. үй толы адам бірге жылап, бүкіл үй күңіренеді. ҚЕ. "Екеуім-екеуім".

Posted in

ТАҒАТ ҚАШТЫ

Төзімі қалмады. ~ Сөкпеңізші, өтінем, Ағат бассам, Мына тұста ой қажып, Тағат қашқан. Бір күн дауыл көңілім, Бір күн жалын, Өзімді де ұға алмай жүрмін, жаным!.. Қ.Әлімқ.

Posted in

ТАҒАТ ҚАЛМАДЫ

Сабырсызданды, дегбірі қашты. ~ Ол кейінгі қатарда еді. Орын ауыстырдық. Сондай құмартыппын, ол қараса менде тағат қалмайды. ондай құмартып отырған көңілді антыракты кезінде үш-төрт шәкірт бұзды. Ж.Айм. ~ Жеп-жеңіл ұшушы едім, тағат қалмай, Асығып, тынбаушы едім тағы аттанбай. Жайылып кетуші едім кең ауаға. Ғ.Қайырб.

Posted in

ТАҒАТ КЕТТІ

Байыз таппады, тынышсызданып, мазаң болды. ~ Сонда да сақтықта қорлық жоқ. Күткен жауы кешіккен сайын Толыбайдан тағат кетті. Бір жағынан Бекарыстан, Жанқожаны қайта-қайта сұрайды. З.Шүк. ~ Қоштасар сәт таяған сайын Сәбирадан тағат кетті. Аяныш пен қимастық көңілін қатар билеп, екі балаға жаутаң-жаутаң қарағыштай береді. Т.Сәу. ~ Олардың ішінен бізді ешбір жау ала алмайды», – деген көңілінде құранның сөзіндей болып жатталып қалды. Осы байламға келгелі Дәуітбайдан тағат кетті. Т.Әбд.

Posted in

ТАҒАТ ЖОҚ (БАР МА)

Шыдамсыздану, дегбірі кету туралы. ~ Оның үшін ғұламалар иман екеу емес, біреу, бірақ ізгі тағатпенен нұрланады, тағат жоқ болса, күңгірттенеді, бәлки, сөну хаупі де бар деген. Абай. ~ Тұз десе түйеде тағат жоқ, Төркін десе қызда тағат жоқ. Мәтел. ~ Екі аптадан артық бөгелмеуге тырысып бағармын. Менде де тағат жоқ. Бірақ, ақсақалдың алдынан өтіп, ақ батасын алып қайтуым керек. Мақпалға айтарсың… З.Шүк. ~ Бірақ мұның бәрін бала көзіне аса іле қоймады. Оның есіл-дерті тезірек аралдарға жету еді. Нағыз аң аулау сәті соққанша балада тағат жоқ. Ш.Айт. ~ Жапанда жалғыз жортқан қашқында тағат бар ма, ол да құр бір түндік ес қана, қоналқылық суыт жүрісі үй ішіне әбігер, әкеге күйзелістен басқа дәнеме әкелген емес міндетсіп келіп, тонап аттанатын. Қ.Ысқ.

Posted in

ТАҒАТ ЕТТІ

Сабыр сақтады, байыз тапты. ~ Бекболат бір кіреді, бір шығады, тағат ете алмайды. Жылтырға әлденеше жолықты — хабар жоқ. Бірер қабат сұрады. Сұрай беруге де ұялады. Ж.Айм. ~ Осында "богу" деген сөзді қазақ көп қолданатын "құдай", "тәңір", "жасаған" немесе "алла" деген ұғымдармен айтса да болатындай. Бірақ Лермонтов "Пустыня внемлет богу" деген сөйлемінде сахараны мінәжат, тағат етіп тұрған күйде алған. Абай сол сезімді "мүлгіп" деген қазақ сөзімен тамаша тауып аударған. М.Әу.~ Жыл бойы қолы қышып, зорға тағат етіп келген қалың әскер бұдан арғыға шыдай алмай, қамалға лап қойды. Ә.Кек. ~ Өзге біреу алдына түсіп кетсе одан озғанша тағат етпейді. Т.Ахт. ~ Тағат етіп тұруға дәрмен қайда, Аттың, басын сол жаққа бұрды баба. М.Мақ.

Posted in

ТАҒАЛЫ ТАЙ ТАСТАМАДЫ (ҚАЛДЫРМАДЫ)

Түк қалдырмай тонап кетті. ~ «…Тәукеге сәлем де, Тобықтының бір жүректі баласы еді. Керейдің қорлығы өтті. Жақында Сарытоғалақтың тағалы тайын тастамай шауып кетті. Тобықтыдан тудым десе Тәуке осы кекті бір қайырып берсін!»—депті. І.Жанс. ~ Аулына тастамаспын тағалы тай, Жылқы алсам найза қағып көңілім жай. Жіберсе Ақмолаға жер аударып, Өз оғы Тобықтының өзіне май. І.Жанс. ~ Әбділдә (Төлешке). Не қылдыңдар, қарағым, жылқы ала алдыңдар ма? Төлеш. Алмақ түгіл, тағалы тайын қалдырғанымыз жоқ. Желісін қиып, құлындарына шейін алып келдік. М.Әу.

Posted in

ТАҒАЛЫ АТ ТАЙҒАНДАЙ (ТАЙЫП ЖЫҒЫЛҒАНДАЙ)

Жап-жалтыр, тұқыл жоқ, тұлдыр жоқ. ~ Зиялы қайраткерлерімізді бір-біріне қар-сы қойып, қаралағаннан онсыз да қы-рық пышақ болып, қырық руға бөлуге даяр тұрған бейдауа көңілдің абыройы артпайды. Шетінен тағалы ат тайғандай, бір жерде білгір, бір жерде міңгір тарихшысымақтарға «асыра айтсаңдар да, асыға айтпаңдар» дер едім. А.Құс. ~ Иегінен тағалы ат тайып жығылғандай дегеннен сақал- мұртынан жұрдай, көсе дегенді ұғынамыз. Мұнда да мағына тұтастығының бірлігін айқын байқаймыз. Қ.Сәр. ~ … қылтанақ шығып көрмеген қасқа иегінен тағалы ат тайып жығылғандай. Ғ.Мүс.

Posted in

ТАБЫТТАЙ ТЫНЫШТЫҚ

Жым-жырт үнсіздік, өлі тыныштық. * Басында оқыс бір ой оралды да, Өмірбек сескеніп қалды: табыттай тыныштық пен қараңғылық басып тұрған мына үлкен үй кімге құтты мекен болған? С.Шайм. ~ Бір сәт табыттай ауыр тыныш-тық орнады. Әзірейілдің алып көлеңкесі көз жетер жерді басып қалғандай болған осы тығырық-тан Ерүміт алып шықты. А.Әк.