Home » Page 254
Posted in

ТАБАНЫҢДЫ ЖАЛТЫРАТ

Құры, жоғал. ~ Бойковқа ашулы көзін қадады. — Айтқанымыз айтқан, осы істің, арты насырға шаппай тұрғанда, табаныңды жалтырат, Бойков. С.Ом. ~ Енді көп мыжыма. Алды-артыңды абайлап сөйлемесең табаныңды жалтыратып, ертең осы уақта Ақкөл шекарасының рғы жағында тұрасың!.. Ш.Рах.

Posted in

ТАБАНЫНЫҢ ІЗІ ҚАЛДЫ

Өнегелі істері елдің есінде қалды. ~ Ұлы Жібек жолының бойындағы жеті кенттің бірі Алматы арғы тарихын айтпағанда, бертінде Кенесарының өзі келіп шатыр тіккен, Ахаңдардың, Жақаңдардың табанының ізі қалған, ұлттың байырғы интеллигенциясының Отаны, киелі, қасиетті жер. Демек, киемен ойнай беру ешкімге опа бермесе керек. Қ.Сәр. ~ Өзағаңның Торғай облысының мәдениетін қалай көтергені ел ішінде аңызға айналды. Торғай облысының Амангелді, Жангелді аудандарын жиі араладым. Өзағаның табанының ізі қалған, рухының табы лаулаған жерлерде көп жүрдім. Марат, Жанай атты бажаларым Өзекеңді ауыздарынан тастамайтын.О.Қау.

Posted in

ТАБАНЫНЫҢ БҮРІ ЖОҚ

Сөзі мен ісінде тұрақ жоқ, жылпос адам туралы. * Табанының бүрі жоқ берекесіз қызталақ, сөйтіп, азын-аулақ ьақ- дәулеттің басына су құйып бітірген. О.Сәрс. * «Табанының бүрі жоқ сужықпас еді, бірігіп асап, тағы біреудің обалына қалып жүрген шығар. Не болса о болсын, ол да адам ғой». Қ.Түм. * Иә, ауысып кетті. Орнына Георгий Федорович Марченко деген кісі келді. Онымен үш ай істес болдым. Табанының бүрі жоқ, тайғанақ, жалтақ кісі екен. Ә.Нұрш. ~ Арыстың жағасындағы шайқас әлі аяқталған жоқ, өмір бойына жалғасып келеді. Есейе келе олардың қатарына тоғышарлар мен тойымсыздар, табанының бүрі жоқ алаяқтар қосылды. А.Уай.

Posted in

ТАБАНЫНЫҢ БҮРІ БАР

Рухты, жігерлі, жүректі адам туралы. ~ Бұл мысалдан түйгеніміз «әмеңгерліктің жөні осы екен» -деп көрінгенге қоспау керек жесірді. Жесір мен жетімді жылатпай қамқор бола алатын, табанының бүрі бар ер-азаматқа аманаттау ләзім-дүр. Ж.Шал. ~ Үшқоңырға ту тіккен Бекболат Әшекеев жайлы не білеміз? Халық қиналғанда қаһарманын табады. Табанының бүрі, жүрегінің түгі бар рухы берік, ел намысын қорғай білген жан ғана ту ұстап, жанын шүберекке түйіп, қол бастайды. Н.Қап. * Ипекеңді бәріміз білеміз, пәленбай жыл қызметтеспіз. Табанының біраз бүрі барлау жігіт. Ғ.Қаб. * Бекарыстанның түйеге құм теңдеткені сондықтан. Табанының бүрі бар, жас түйелер болмаса, кәрі інгендерге қауіп, мұзда тайып жығылады. З.Шүк.

Posted in

ТАБАНЫНЫҢ АСТЫНА САЛДЫ

Құлдыққа түсірді. ~ Менің басы таз, балтыры қотыр ұлым бар, Қаракөз аруды сол балама қос. Ал мен дұшпаныңды байлап- матап, табаныңның астына салып берейін. А.Сей. ~ Қазақ ұлты тарихта тағдыр талайын аз көрмеген халық. Жер шарының жартысын табанының астына салған дүбірлі дәуірімен бірге халқының үштен екісін жоғалтып, өз жерінде жалпы халықтың 24 пайызын ғана құраған, зиялысымен бірге ер азаматтарынан мүлде айырылып қалудың аз алдында қалған, соған қарамастан ұлттық намысын, салт-дәстүрін, діні мен тілін, ұлттық болмысын ғана емес, мемлекеттігі мен жерінің тұтастығын сақтап қалған қайсар да жауынгер, кемел де кемеңгер халық. Б.Әділб. "Ел" ~ Ғұн мен сақ, үйсін мен қаңлы, түркі, керей бабаларының кермиық далалары мен кербез таулары бұл күнде көшпенділердің өзара талас қонысы бола тұра түптеп келгенде бәрібір басқыншы шүршіттердің табанының астында жатқанымен дүние-кезек, бұл отаршылдыққа да бір зауал келер деп ойлаған. К.Бек. ("Жас алаш")

Posted in

ТАБАНЫНДА ЖАТТЫ

Құлдыққа түсті. ~ Қап бәлем, қас екенін білмедім ғой, Сен қолды жан деп көзге ілмедім ғой. Тарпысам табанымда жатар едің, Арам без, адалымды күндедің ғой. М.Әу. ~ Елдің жартысы жаудың боданында, жердің жартысы жаудың табанында жатқанда ауыз біріктіріп, аруақ қоздырар тізгін ұстау неге керек болмасын! Ә.Кек. ~ Қойбағардың жөні бөлек қой. Ол тұста кісінің табанында жатқан ез жұрттың әңгімесіне кім құлақ ассын, ал қазір қазақтың ойраттың тепкісіне оңай көне салатын осал жұрт емесін орыстар да көріп, біліп жатқан шығар. Ә.Кек. ~ …мына жарлылардың алдында беделі мен құрметінен жұрдай болған; ол бидлдің биік тұғырынан түпсіз тұңғиыққа құлап, көкдолы әйелдің табанында жататын күйеуге айналды. Ч.Дик.

Posted in

ТАБАНЫНАН ТОЗДЫ

Босқа жүгіріп, сенделіп, әуре-сарсаң болды, шаршап-шалдықты. ~ Сөйлесе кетсе бір жерде, Ағыны қатты аңқылдап. Оязға кірсе, өзгеден Мерейі үстем жарқылдап. Елің бұзық болған соң, Ояз жатыр шартылдап. Табаныңнан тозасың, Құр жүгіріп тарпылдап. Абай. * Байбосын кешке дейін төрт ешкісін іздеп әуре-сарсаңға түсіп, табанынан тозды. С.Жүн. * Айтылған нұсқауды табанынан тозып жүріп, бір жақты қылған соң, өкпесін қолына алып, көршіге қайта келген. Н.Дәу.

Posted in

ТАБАНЫНАН ТІК ТҰРДЫ

Қошеметтеді, құрмет көрсетті. * «Полонез» аяқталғаннан кейін елдің бәрі эстрадаға қарай бұрылып, ду қол апалақтады. Оркестрдегілер табандарынан тік тұрып, олар да алақандары қызарғанша қол соқты. Ә.Нұрш. * Абай аруғын аспандатып, ойын- сауық салтанат құрса, радио, теледидар да Абай тойы үшін табанынан тік тұрған сияқты. Т.Рыск. * Рауль Кастроның бұл сөзінен кейін рюмкаларын көтеріп, табандарынан тік тұрады. Ә.Нұрш.

Posted in

ТАБАНЫНАН ТІК БАСТЫ

Зуылдады. ~ Шынында прокуратураның басқа қызметкерлерінің қуанғанының жөні бар еді, өйткені табанынан тік басқан жеңіл машинаның моторы қазіргі Қамыс ауданының Өскен совхозынан, ал кузовы Өркен совхозынан тегін алынған болатын. Б.Қыд.

Posted in

ТАБАНЫНАН ТАУСЫЛДЫ

Діңкесі құри шаршады, қажыды. * Түн бойы ұйықтамады бір де мызғып, Су сарылдап құйылды кемені ырғап. Отыз құлы таусылды табанынан, Су төгіп таң атқанша ол сарпылдап. Абай. * Көжебайдың айлығы да мәз болмады. Кейде бар, кейде жоқ. Киімі де жүдеуге айналды. Күнде мәжіліспен табанынан да таусылды. Ж.Айм. * Ол шошқа тағалап жүрді ме? Жоқ, одан да бетер жұмыста жүрді. Тұлшені қыстап шығуға лұқсат ала алмай, табанынан таусылып жүр еді. Ж.Айм. ~ Мосқал еркектер білектері сыбанып ап етін жіліктесе, сары кедір әйелдер ішек-қарнын аршиды. Жас әйелдер мен жігіттер өзеннен су тасып, табанынан таусылып жүр. Ә.Кек. ~ Есбике кемсеңдеп жылап қояды. Табанымнан таусылып.жүрсем де шыр бітерім жоқ. М.Әу. ~ Тіпті, «егер диплом керек болса, ол базарда толып тұр, таңда да ала бер» дегенді де естіпті. Мұны да анықтау керек. Рас болса, ел жастары табанынан таусылып, жылына 600 доллар төлеп, журналистика институтында неге оқып жүр? Сол базардан ала салмай ма? Т.Қож. ~ Тізгінге әлі жететін балалар ертең көш-жөнекей мінетін тайларын жуасытып табандарынан таусылып жүр. Ә.Кек. * — Қайтсін байғұс, базарда табанынан таусылып, мына қаптарды тауарға толтыру оңай дейсің бе?! Қ.Жұм. * – Айыртау менен басқа жұртты қабылдамай ма екен… Күздің сылбыраңында табанымнан таусылғаным да жетер, келісімімді бере алмаймын. О.Бөк. * Аптап ыстықта қара қалың костюмі мен қара галстукті бозбала бір кеңседен екінші кеңсеге жанкештілікпен барып, табанынан таусылады. Ж.Аязб. * Байбөрі мен Аналық сонда да алған беттерінен қайтпай, табандарынан таусылып ілгері жылжи берді. А.Сей.