Home » Page 255
Posted in

ТАБАНЫНАН ТАЙРЫЛДЫ

Табаны тозып жүруден қалды. * Көз кірпігің қыраулы, Түн ұйқыңды бөлдің бе? Атыңыз қату жараулы, Шаба-шауып желдің бе? Қырандардан бата алып, Қабатына ердің бе? Райдан қайтқан кісідей, Мойныңды Хаққа бердің бе? Табанынан тайрылған, Қанатынан қайрылған, Жалғызынан айрылған, Әкекем менің көрдің бе? Тәжірибе қылып анамның Рас болса айтқаны, Ия боларсыз, болмассыз, Болсаң аман келдің бе? Аузыңа қарасам ,Сұлуды таңдап сүйгендей. Келбетіңе қарасам, Қымқапты таңдап кигендей. Мендей сорлы жетімнің Қадірін жақсы білгендей. «Алпамыс батыр» * Ал бір салдақының кесір-кесепатынан салы суға кетіп, ыңыршағы айналып, ұнжырғасы түсіп, табанынан тайрылған ер-азамат қанша! Б.Қыд. * Елімізге шұрқан салды. Зығырданы қайнаған ерге зәнжір кигізді, таландыны табанынан тайрылтты. Бұл бір қазақтың емес, бар қазақтың басына түскен нәубет, ауырмалық еді. Б.Қыд. ~

Posted in

ТАБАНЫНАН СЫЗ ӨТТІ

Суық кешіп, қиындық көрді, қар жамылып, мұз жастанды. ~ Мұң-мұқтаждық қинаған безеді үміт ашынып, — күні бойы жинаған тиындары шашылып. Сол бір үміт, сезінем! Алған жанын мұз етіп, — Жас ағады көзінен, табанынан сыз өтіп. Т.Мед. ~ — Айран дейді ғой құлқын сәріден! Қазір әкең кеп ойранымызды шығарады! Төс табанынан сыз өткен жынды бурадай жынын шашып кеткен жоқ па!.. Қ.Ыс. ~ Таулы өлкесін өзгенің, Өз жеріндей даулаған. Өз жерінде аң аулап, Кісі елінде адам ғана аулаған. Тыныштығын күзеткен, Таулар қанша. Табанынан сыз өткен? Р.Нияз. ~ Табанынан сыз өткен, Кетті де қыс жөтеліп. Келді ауылға қыз – көктем, Қозы-лағын көтеріп. Қызғалдағы қаз тұрып, Көрінді ыстық қыр маған. Тырна белде шақырып, Қуы көлде жырлаған. Б.Дүй. ~ Тілсіз жауды ауыздықтаған айбынды тұлға. Тобығынан саз кешіп, табанынан сыз өтсе де, өзгенің өмірін өзінен жоғары қоятын қаһарман жан. Ерлігімен халық құрметіне ие болған маман иесі… "Atyrau TV" ~ Қойшы көзін сүйеді кеп ұйқы қыз, Өтті уақыт, ол уақыт, түлкі қыз. Самал келіп түртеді сол жігітті, Самал шытпен жанарыңды сүртіңіз. Намыстылар бірін-бірі күзетіп, Таң атырар табанынан сыз өтіп. Ж.Көксу.

Posted in

ТАБАНЫНАН ОТ ШАШТЫ

Жүйрік аттың шабысының сипаты ретінде қолданылады. * Өйткені ол соңғы он жылда шығармашылықтың қызығына айызын қандыра сусындап, табанынан от шашқан нарқызылдай зар күйіне түсіп, бауырын жаза жазды. Т.Жұр.

Posted in

ТАБАНЫНАН ЖАРЫЛҒАН

Барынша жарап тұрған су жорға аттың сипаты. ~ Табанынан жарылған жануар- ай! — деп, екі қолын жұдырығын түйе созып көрсетіп: — Айызымды қандырды-ау! М.Әу. ~ Ол қайтуға рұқсат алып, Жидебайдан аттанарында Абай өзі жақсы көретін, сүйегі шарғылау келген, табанынан жарылған жорға ақбоз атты көлденең тартыпты. Ғ.Біл.

Posted in

ТАБАНЫНАН (АЯҒЫНАН) САРСЫЛДЫ

Жүре-жүре шаршады, титықтап, болдырды. ~ Уәли үйге дабырлай кірді. – О, батырлар, мында екенсіңдер ғой. Сендерді іздеп табанымнан сарсылдым ғой. Т.Ахт. ~ Әйтпесе, дәл осы бүгін дүниедегі бар жамандық бір басына үйіліп-төгіліп, жапан түзде аяғынан сарсылып тұрғанда басқа жақтан емес, тек бір жақтан, онда да үнемі сол жақтан ұрланып келе жатқандай болатын себебі не? Ә.Нұрп.

Posted in

ТАБАНЫНА ШОҚ ҚАДАЛДЫ

Тыным таппады, отыра алмады, шоршып түсті. ~ Занко үйге түнемеген күні Едіге кірпік ілмейтін: табанына шоқ қадалып, безіп кететін. Сенделіп жүргені жүрген: жүрегі лүпіл қағып, бір тыным таппайды, үйге мың кіріп, мың шығады. Еш затқа зауқы соқпайды, қолы да іске бармайды: нағыз делбе болып алатын. Т.Ораш. ~ «Мен кадрлық резервтен едім…» деген алғысөзімді естісімен-ақ, облыстағы атқамінер ағатайларды айтпағанда, аудан әкімінен бастап бөлім бастықтары бар, не керек жасы да, кәрісі де табанына шоқ түскен шайтандарша шоршып түсті. Е.Тол.

Posted in

ТАБАНЫНА ТАС БАТТЫ (ТІЛДІ)

Өмір зардабын көрді; мойнына ауыртпалық түсті. * Тікен кіріп, тас батты табанына, Тербетілді нөсер мен дауылында. З.Шілд. ~ Әлде Кенжекейдің: «Алты аяқты ала атың, қулық бие құлыны, табанына тас батса, маңдайынан күн өтсе, алты күнге жарамас», — деп төмен баға бергендігінен бе екен. Ж.Қақ. ~ Сөйтіп, осы үйде бес жан тұрып жатты, бірінің табанына тас батса – бәрі ақсады, бірі ауырса – бәрі сарнады, бір жұлдыздың бес тармағы секілді сәуле де бәріне бірдей, тең тарады, бес бұтақты бәйтерек еді, кенет негізгі түпкі тамырды дерт жайлады, біреуді тексерем деп өз күнәсінің үстінен шықты. Ж.Нәж.

Posted in

ТАБАНЫНА САЛДЫ

Тізесін батырып қинады, құлдыққа салды. ~ Неғұрлым табанына сап тапап, жаныштап тастағысы келген сайын солқұрлым оған өзінің күші де, кұдіреті де жетпеді. Ә.Нұрп. ~ Е, хан ием! — деді аяр мыстан. — Дұшпаныңды табаныңа салып, басыңнан қауіп бұлтын сейілткен жанға құлақ салғаның жөн-ақ. А.Сей.

Posted in

ТАБАНЫНА КІРГЕН ШӨГІР МАҢДАЙЫМА КІРСІН

Саған келер зауал алдымен маған келсін, саған түскен қиындықты мен тартайын д.м. тілеу. * Көзі ілініп бара жатып, ауыз үйде күйбеңдеп жүрген қарияның сыбырын естіді. — Е, жаратқан алла, жанын жалдап жүрген жалғызымның табанына кірген шөгір маңдайыма кірсін! Ағаларын тоқтатпай кезекпен алдың, мойныма бұршақ салып тілеген көзімнің ағы мен қарасын жебеп-қолдап, алыс сапарда жолын оңғара көр! М.Қаб.