Home » Page 272
Posted in

СЫНЫҚТАН БАСҚАНЫҢ БӘРІ ЖҰҒАДЫ

Адамның не нәрсеге де еліктегіштігі хақында. ~ «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген рас екен: осы сапарға дейін көк мылтықты көлденең ұстап көрмеген және мылтыққа қызыға қойман деп ойлайтын Самарқан, мылтық атқан Байжанға еремін деп, ойда жоқта атуға құмартып алды. С.Мұқ. ~ Ал қара баланың көзінше ұрсып-ұрсып қоя берейін десем, өзге болса бір сәрі, үміт артып, жұрт қараған белсендімнің өзі бас болып ұрлық жасаса, былайғыларға не жорық? Сынықтан басқаның бәрі жұғадының кері болып жүрмей ме? С.Шайм. ~ Қалай дегенде де Борис-досқа ішім жылиды. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген рас. Бүкіл салт-дәстүрі, мәдени таным-түйсігі, ауыз әдебиеті ішкі, сыртқы ғажайыптарға сенуден тұратын қазақ ата баласының ортасында өсіп-жетілген елдің баласы ғой… С.Байх.

Posted in

СЫНЫҚҚА СЫЛТАУ ТАППАДЫ

Қалай тиісерін білмеді, әлдебір жөнсіз әрекетке себеп таба алмады. ~ — Ойбай-ау, төретайым-ау, сыныққа сылтау таба алмай жүрген жұрт емес пе, маңайдағы ауылдар? Солар, мына марқаның аяғы буналуын сылтау ғып, ере түре келмесін қайдан білеміз? С.Мұқ. ~ Олар да қанша үзіліп-сүзілгенімен Қамарға сөздерін тыңдата алмай, ақ болған қойдай түңіліп, ендігі бар мақсаттары: Қамарды қаралау үшін, сыныққа сылтау табу еді. С.Тор. ~ Жанжал араласса, бүліншілік болғаны ғой. Осы күні сыныққа сылтау таба алмай жүрген жұртты қалай тоқтатамыз, — деді үшінші бір әйел. Ә. Шәр. ~ Әлденеге таңырқағандай басын сипағыш- тайтын әдетімен маңдайына саусағын апарып еді, іс қа- ғаздарына қол қойғанда жұққан сия тершіген шекесіне жағылды да, сыныққа сылтау таппай отырған Нұрбике күлкісін одан әрмен үдеткен. Ө.Кәр.

Posted in

СЫНЫҚҚА СЫЛТАУ ІЗДЕДІ

Шатақ шығарғысы келіп немесе әлдебір жөнсіз іске себеп іздеді. ~ Қамар тағы көрген соң баяғыдай бір жанды, бір күйді, қайтсін, амал бар ма?.. "Қарға" деген сөзіне қарсы тез мынаны жазып жеткіздірді. "Суға кеткен тал қармайды" деген ғой сыныққа сылтау іздемей амал бар ма?.. С.Тор. ~ — Ойбай-ау, төретайым-ау, сыныққа сылтау таба алмай жүрген жұрт емес пе, маңайдағы ауылдар? Солар, мына марқаның аяғы буналуын сылтау ғып, ере түре келмесін қайдан білеміз? С.Мұқ. ~ Бұны естігенде, дұшпандар «шоқ-шоқ» деп табалайды, достар қынжылады, соның арты насырға шауып, «сыныққа сылтау іздеп отырғандар» жұртты желіктіреді. С.Мұқ. ~ Есей ондай тәуекелге бармаған. Арам ойы жүзеге аспай алтайыдан көз жазған аңшыдай өкінген Есей сыныққа сылтау іздеп, сол қарсаңда арақ ішуді бастады. Ө.Кәр. ~ Әлде хиуалықтар қолдарынан келгенін істей берсін, сыныққа сылтау іздеп отырған бізге осы жақсы, бір күні тәубесіне түсіреміз дей ме, әлде осы жаққа қайта- қайта қол аттандырып күші азая берсін дегені ме, кім білсін, әйтеуір ештеңе көріп білмегендей тым-тырыс жатып алды. О.Көш.

Posted in

СЫНЫҚ ШӨПТІ КӨТЕРМЕЙДІ

Түк істемейді, қол қусырып отыра береді. ~ Сұлтанмұрат әнге, мен ұсталыққа болмасам, шаруаға қыбымыз жоқ, әйтеуір өлмешінің күнімен жүрген жандармыз. Кемпір өлгелі, үйдің түрін көріп отырсың, екеуміз де бір сынық шөпті көтеруге қыбымыз жоқ, епсіз бейбақтармыз, ыбырсып жатқаны мынау. С.Жүн. ~ Еңбек етпеген ішіп-жемейді. Дұрыс делік! Сөйте тұра жұмыс істейтін бір адамға пәпке қолтықтаған он адам әкіреңдейді. Елімізді жалқаулар, жерден сынық шөп көтермейтін әйеншектер, өзгенің көлеңкесімен тыныстайтын масылдар, ішкіштер жайлаған. Ө.Кәр.

Posted in

СЫНЫҚ ҰСТАДЫ

Сынықшылықпен айналысты. ~ Арғы жағы ата-бабасынан жалғасып, тіні үзілмей келе жатқан қасиет болар, Есенияздың кейде сынық ұстайтын да өнері бар еді. Өзі соны арнайы кәсіп қылмаса да туралап келген адамдарды қайтармайтын. «Менің қолым емес, ескілердің қолы, өткендердің жолы» деп сылап-сипап жібереді. О.Көш.

Posted in

СЫНЫҚ СЫҢАЙ

Мұңды жүз. ~ Бойындағы әлдене қымбат асылын абайсызда ұрлатып алып, мұңға батқан бір сынық сыңай бар сиқында. С.Үс. ~ — Даланы көргім келіп… — деп міңгірледі келіншекке қарап көзін бір төңкеріп алған дімкәс қыз жанарын қайта жерге салып. Үнінде кінәсін мойындаған бір сынық сыңай бар. С.Нұғ. ~ Бойындағы әлдене қымбат асылын абайсызда ұрлатып алып, мұңға батқан бір сынық сыңай бар сиқында. С.Үс.

Posted in

СЫНЫҚ СҮЙЕМ

Сұқ не ортан саусақтың екі буынын бүгіп өлшегендегі қашықтық, сүйемнің төрттен үші. (Негізінен "азғантай, титтей" д.м. мағынада қолданылады.) ~ Тобық еті бұлтылдап, Құбылып ойнап, жер басты. Алдыңғыдан артқысын, Сынық сүйем, кем басты. Жалғасып ұшқан қоңыр қаз Тозаңынан адасты. А.Байт. ("Қобыланды б.") ~ Несі бар? Бұрынғы қатыны да пәлен алма мойын, аршын төс кісі емес- ті. Әзер болса одан сынық сүйем қысқалығы болар. Қатыны өлген кісіге сынық сүйем кемдік қыла ма? Ж.Айм. * Әбжыланның тұқымы құрып кеткен. Оқ жылан мизамда шығады. Қазір кесіртке сынды сынық сүйем, бір қарыс сұр жылан бар. Бірақ, ол көзге көріне бермейді. Т.Әлімқ. * Қандай кербез! Мынау бергі шеткісі еліктің лағы емес пе. Сынық сүйем мүйізі бар. Әне, ол басын котеріп қарап тұр. Тани ма? «Айнаш»… — десем, қайтер еді, үрікпес пе екен? М.Сүнд.

Posted in

СЫНЫҚ СӨЗ

Бипаздап айтылған, сыпайы сөз. ~ Сөйле байқап, ең аяғы жырыңа жүрегіңді жұлмалап, симай жүрген санаңа… Сынық сөзден «байқамастан» талай ауыз, талай бастар шеккен мұң. Н.Ор. ~ — Тек, Құрдас, өзіңнен өтінерім — істің оңтайы келіп, сәті түскендей болса, әйтеуір «аюды сол атып еді» деген сынық сөзді аузыңнан шығара көрме. Сүйкенерге қара таба алмай жүрген жұртты білесің ғой. К.Сег. ~ Жыршы боп арымызда сайраған тіл, Сыпайы сынық сөзбен сыйлаған тіл. Қ.Айн.

Posted in

СЫНЫҚ САЛДЫ

Сынған сүйекті орнына келтірді. ~ «Сынық салу» деген менің миыма кіріп-шықпайды, бірақ әйтеуір бір құпия, жұмбақ жай деп бағдарлаймын. Кейін, есейе келе, Бәтес пен Нұрмұхан да сынықты керемет салатынын талай көрдім. Берегіректе Махиз ағам машинасы аударылып, аяғы сынды. Сонда Бәтестің сынық салғанын өз көзіммен көрдім: өзі қара терге түсіп, сынған жерді көзін жұмып отырып саусақтарының ұшымен сипап, қай жерде қандай сынық барын көріп отырғандай, әрбір сүйекті, оның кішкене сынықтарын орын-орнына келтіріп, яғни салып, тұзды суға түйенің шудасын қайнатады да, шым-шым бататын ыссы күйінде әлгі жерге тартып тастайды. Ф.Оңғ.

Posted in

СЫНЫҚ ӨҢ

Көңілсіз, жүдеу. ~ Бетін ашып қараған Дәмелі ақмаралдай қызынын, қуқыл тартқан, сынық өңін көргенде шошып: — Ботам- ай, өңің қашып кетіпті ғой, ауырып қалғаннан саумысың. Қай жерің ауырады, басың ба?— деп алақанын кең маңдайына басты. С.Жүн. ~ Ал, мұнда …алушысы көп бір дүкен алдында, әлгі жігіт балуан иық сынық өң, еңбек көріп, жұмыс санап шынымен, ойнап отыр құстың қауырсынымен. Ж.Нәж.